Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АУЫЛДЫ ДАМЫТУ – АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗ

АУЫЛДЫ ДАМЫТУ – АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗ
ашық дереккөз
АУЫЛДЫ ДАМЫТУ – АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗ
Ресми деректерге сүйенер болсақ, соңғы екі жылда «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасымен ауылдық жерде жұмысқа орналасып, табысын тауып, үйлі болып жүрген жастарымыздың қатары көбейіп келеді. Бұл жағдай көңілге қуаныш ұялататыны белгілі. Себебі «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз!» ұранын ұстанатын, ауыл десе делебесі қозып тұратын жастардың арқасында ауыл жағдайының біршама жақсарары ақиқат. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы 2009 жылдан бастап қолға алынған болатын. Мақсат – ауылдық елді мекендерге мамандар ағынын арттыру. Еңбек еткісі келген адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. Тек талпыныс табылса игі. Ауылда білікті маман тапшылығының орнын толтырудың бірден-бір жолы – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын жаңғырту. Жастарды жігерлендіріп, ынтасын арттыратын бұл мемлекеттік бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан да тыс қалған емес. Бүгінгі мақаламызға аталған бағдарламаның шарапатын көріп жүрген ауданға қарасты Бәйтерек ауылының тұрғыны Исабек Камалов арқау болмақ. Ол 1993 жылы Өзбекстан Республикасында дүниеге келген. 2006 жылы отбасымен бірге ауданға қарасты Бәйтерек ауылына көшіп келеді. Сонымен, осы ауылдағы №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектепте оқып, білім алады. Жалынды жас Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде технологиялық машиналар мен жабдықтар мамандығында мемлекеттік грант есебінен оқыған. Қазіргі таңда ол «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Ақтөбе ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман-қаржы агенті қызметін абыроймен атқарып жүр. Оның мемлекеттік қызметте жүргеніне бес жылға жуық уақыт болған. Исабек алғаш жоғарыда аталған әкімшілікте «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша іс-тәжірибеден өтеді. Кейіннен әскери есеп столының инспекторы болып жұмыс істеген. 2019-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетінің Жамбыл облысы мен департаментінде бас маман болып та қызметтер атқарған. – Мен қалалық жерде де жұмыс істедім. Алайда туған жердің, туған ауылдың жайы өз алдына бір бөлек екен. «Қалада қалып, мансабыңды сол жақта неге бастамайсың?» деген сауалдар жиі қойылды. Оларға «Ауылды түлету үшін жас мамандар қатарын толықтырып, ауданды өркендету үшін осында қызмет етемін» деймін. Расымен, кейде «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген өлең жолдары ойыма орала береді. Балалық дәурен, қызықты шағымыз осында өтті. Мектепте білім нәрімен сусындап, биікке қанат қақтық. Ендігі жерде бізге артқан үмітті қалайша орындамасқа? Оқу бітірген соң бірден ауылға келуді көздедім. Бүгінде «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасымен жұмыс жасап жүрмін. Қазіргі таңда бағдарламаның тиімділігін сезініп жүрген жастар өте көп. Бұл алдымен біз секілді жастарға күш-жігер береді. Мемлекет тарапынан осындай қолдауға ие болғаныма ризамын, – дейді Исабек Көбейсінұлы. Бас маман жұмыстан қолы қалт еткенде отбасына көңіл бөлгенді, достарымен бірге демалғанды ұнатады. Арасында спортпен шұғылданып, атқа мінуді де әдетке айналдырған. Жан-жақтылықты және ізденімпаздықты жаны сүйетін кейіпкеріміздің ендігі мақсаты – жұмыста табысты болып, ауылды көркейту жолында жұмыс істеп, болашақ үшін аянбай еңбек ету болып отыр. Айта кету керек, бүгінде Исабек жары Арай екеуі Айдар және Алдияр есімді ұлдарды тәрбиелеуде.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ, журналист, Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар