Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Махаббат – мақсаттарға жетелейтін құндылық

Махаббат – мақсаттарға жетелейтін құндылық
ашық дереккөз
Махаббат – мақсаттарға жетелейтін құндылық
Әу баста Алла Тағала адам баласын жаратқан кезде жансыз топыраққа өз рухын үрледі. Ерекше жаратылысына аса мән беріп, шексіз мейірім, махаббатына бөледі. Осы себептен Ібіліс малғұнда қызғаныш пайда болып, жұмақтан қуылды. Өзімен қоса Адам ата мен Хауа ананы да арбап, жер әлеміне түсірді. Жаратушыдан жаратылушы пендеге бұйырылған шексіз махаббат сезімін сөзбен жеткізу қиын. Адам арасындағы қарым-қатынасты реттеуші сезім – ол махаббат. Сол махаббат қасірет пен бақыттан тұратын түрлі сезімдердің өлшемі. Бақытты боламыз деп бақытсыздыққа ұшыраған талай ғашықтар тарихымызда сан түрлі із қалдырды. Күллі ғаламды ғажайып нұрға бөлейтін жақсы көру – ғашықтық сезімін ақылға жеңдірген адам жер бетінде өмір сүрген жоқ шығар. Небір данышпан, ғұламалар да ғашық болды. Әлдебіреуді сүйді, ол үшін ақылынан адасты. Бірақ «сезімін ақылға жеңдірді» деген адам «сатқындыққа барды» дегенге парапар. Өздері қосылуды қатты қаласа да оларды тағдыр қоспады деу ақылға қонымдырақ. Екі ана, екі әкеден бөлек туып, алайда жүрегі егіз жаратылатын құдіретті құбылыстар аңыздарда айтылған. Бақытты жұптарға Қодардың көзімен қарайтын жабайы қоғам олардың тағдырына тауқымет сыйлайды. Әдебиетіміз бен тарихымызда қосыла алмай махаббат құрбанына айналған Еңлік-Кебек, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Төлеген мен Қыз Жібектің тағдыры бүгінгі ғашықтарға үлгі. Серт пен сезімнің адалдығына айнымас қамал бола білген сол ғашықтар мәңгілік махаббат символына айналды. Ғашықтық махаббат деген сезімнің өлшемі қандай болады? Сүйіп қосылған ерлі-зайыптылардың арасында ол мәңгілік өмір сүре ала ма? Бұл сұрақтардың жауабын уақыт береді. Жоғарыда аталған ғашықтар «бір-біріне қосыла алмай, сезім құрбанына айналған соң тарихта қалды» деген де ұғым бар. Егер олар қосылып, бақытты ғұмыр кешсе аңызға айналмас еді. Жай ғана қатардағы ерлі-зайыптылардың бірі болып қала берер еді. «Кеше біздер ғашық болған, Кездесуге асық болған, Арулар жүр үймізде», деген әннің мәтініне мән беріп қарасақ, кешегі өліп-өшіп ғашық болған аруың қосылғаннан кейін үйіңде жұбайың, балаларыңның анасы болады. «Ғашық болу» деген сөз сол аруды көрген сәт пен ыстық-суығың басылған кезеңмен өлшене ме? Осы сауалға жауап іздесек, ғашық болу махаббатқа, махаббат сыйластыққа жалғасады. Сондықтан «Құдайдың адамға өлшеп берген ғұмыры секілді махаббаттың да өз өлшемі бар екен» деп ой түйесің. Қалай десек те Құдайдың жаратқан бұл да бір құбылысы. Ата мен әжені көрдік – маужырап, қартайса да қол ұстасып жүретін. Соларға қарап отырып «Төлеген мен Қыз Жібек тірі ме еді?» дерсің. Бір-бірін көрмесе сағынысып, тіпті сырқаттанып қалатын аға-жеңгелерді де көрдік. Ондай адамдар отау құрғанына 30-40 жыл болса да алғашқы сезімдерінен айнымайды. Олардың арасындағы тәтті сүйіспеншіліктің қалай сақталғанына таңғаласың. Кезінде бір-біріне ғашық болып үйленсе де бір үйде бір-біріне дұшпан болып өмір сүріп жатқан пенделерді де көріп жүрміз. Оларға қарап «Бұлар қалай жұптасып, қалай бір отбасында ғұмыр кешіп жатыр?» деген ойға батасың. Содан кейін олар тек бала анасыз не әкесіз өспесін деген ұстаныммен күн кешіп жатыр деген ой түйесің. «Осы ниет жетегімен амалсыз әке мен ананың рөлін ойнап жүр-ау» деген байламға тоқтайсың. Тағдыр мен махаббаттың үйлесім тапқан отауында отбасын құрған жұптар өз махаббаттарын сақтай алады екен деп ой түю ақылға қонымды болмақ. Ғашығының жолында күллі дүниені тәрк етіп, ол үшін өзін өлімге қиятын немесе асқан ерліктерге баратын кейіпкерлер кеше де болған, бүгін де өмір сүреді. Бір сұлудың жалғыз меңіне бүкіл Самарқанды қия салған Қожа-Хафиз де сүйгенінің құрбаны болуға тәуекел етті. Махаббатты мал-дүниемен өлшемейтін заман да өтті. Бүгінгі түсінік, таным басқаша. Жалпы айтпағымыз, махаббат, сезім, ғашықтық Алланың адамға берген өлшеусіз сыйлығы екенін ескеруіміз керек. Сондай-ақ адами қасиеттердің қастерлісі, арман, мақсаттарға жетелейтін құндылық. Нұржан Әліш
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар