Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұстаздар туралы толғаныс

Ұстаздар туралы толғаныс
ашық дереккөз
Ұстаздар туралы толғаныс
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика, филология факультеттерінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен, Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының, ҚР Журналистика академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылына тиіп тұрған Жақсылық елді мекенінде дүниеге келген. Осы ауылда сегіз жылдық мектепте оқып, көрші жатқан Көкдөнендегі кейіннен өзі атын алып беруге көп еңбек сіңірген Ахмет Байтұрсынов атындағы оқу орнында оныншы сыныпты бітірген. Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, кейіннен Москва Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне ауысып, «Әдеби қызметкер» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Жас кезінен білім қуған ол 1992 жылы «Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, ғылым жолына шындап түседі. 2007 жылы «Ұлт-азаттық идеясының ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі көркемдік мәні мен жаңашылдық сипаты» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғайды. 1983 жылдан бері Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық ететін ол кезінде ұлттық университтеттің Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов сынды ұлы ұстаздарының ұлағатын көкейіне қондырып, тәлім-тағылымдарын ұстаздық-ғалымдық қызметінің ұстанымына айналдыра білді. Ұстаздық пен ғылым жолында үнемі ізденіс үстінде жүретін ғалымның еңбегі ескерусіз қалмайды. 1996 жылы Білім Министрлігінің Құрмет грамотасымен, арада бір жыл өткенде «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталады. Тәуелсіздік алып, егеменді елге айналған сәттен бастап өзінің басты ғылыми бағытын алаш әдебиеті мен Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын зерттеуге негіздеп алған ізденімпаз ғалым бұл жолда іргелі зерттеулерге қол жеткізіп, алаш әдебиеті мен Ахмет Байтұрсынұлы мұрасына қатысты бірнеше монографиялық еңбектер жазып, ахметтану мен ХХ ғасыр әдебиетіне арнап, жоғары оқу орындарына оқулықтар жазуға ерен еңбек сіңіріп, әдебиетші ғалымдар арасында ерекше дараланған болатын. Ғалым-ұстаздың бұл еңбектері ескерусіз қалған жоқ. 2012 жылы еліміздегі жоғары оқу орындары қауымдастығының А.Байтұрсынов атындағы Алтын медалінің Өмекеңе берілуі – оның ағартушы-ғалымдар мен зиялы қауым алдындағы беделін биіктетіп, айқындай түскен марапат деп бағалаймыз. Ал жуырда Қазақстан Журналистер одағының Мұхаметжан Сералин атындағы сыйлығының иегеріне республикамыздың Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз қолымен «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісін табыс етті. Осы тұста білім шыңынан ілім жалауын желбіреткен жерлесіміздің 2013 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Менің ұстаздарым» атты еңбегін тағы да бір оқып шығып, ой сараптадық. Оның өзінің орта және жоғары мектептегі ұстаздарына деген құрметін, ізетті ілтипатын, ұлағаты мен тағылымын өмір жолына бағдар еткен ризашылық сезімін көркем ой, көрікті тіл арқылы жеткізе білгеніне тағы да тәнті болдық. Шынын айтсақ, Ұлттық университетте білім берген дана ұстаздар жайлы толғаулы ой тоғыстырған толыққанды эсселер жинағын бұған дейін кездестірген емеспіз. Өзіміз бұл кітапты университет ұстаздарының ұстаздық қасиет-болмысын, ғұлама-ғалымдық ерекшеліктерін жан-жақты ашқан тағылым-танымы терең, мәні зор жәдігерлік дүние деп білеміз. Өйткені сол Өмекеңді оқытқан Зейнолла Қабдоловтан, Тұрсынбек Кәкішевтен, Рахманқұл Бердібаевтан, Темірбек Қожакеевтен, Алма Қыраубаевадан біз де кезінде дәріс алғанбыз. Олардың ұстаздық ұлағатынан тәлім алып, ғалымдық біліктілігіне тәнті болғанбыз. Олардың ұстаз-ғалым ретіндегі ерекшеліктерін де өте жақсы білеміз. Ендеше Өмекең ұстаздары туралы не дейді екен, соны білейік? Өмірхан Әбдимановтың «Менің ұстаздарым» атты кітабын оқығанда байқағанымыз, ауылдан шығып, білім шырағын ауылдан жаққан Өмірхан өзінің ұстаздар туралы кітабын өзі алғаш сауат ашып, білім алған 8 жылдық мектеп ұстаздарынан бастаған екен. Онда ауылдық мектептің үш ұстазының есімін ерекше бөле-жара атапты. Кітабының аңдатуында (кіріспе) автор: «...балаларды оқуға ынталандыра алған, есте қалар үш-ақ ұстаз болды. Оның бірі – тарих пәнінің мұғалімі Қарақойшы Нұрпейісов, екіншісі – математика, физика пәндерінен сабақ беретін Жанықұл Әбішев, үшіншісі – алдында мәдени-ағарту училищесін бітіріп келіп, ән-күйден сабақ берген, кейін жоғары оқу орнын сырттай бітіріп, математикаға біржола ауысқан Биғазы Бәзілбаев. Бізден бұрынғы оқушылар кереметтей мақтайтын, өздері өте жақсы көретін Жанықұл ағай бізге бір-екі рет қана сабақ беріп, кенеттен қайтыс болып кетті. Сол физика пәнінен берген бірді-екілі сабағының өзі мәңгілік есте қалды. Ол кісінің орнына келген Биғазы ағайымыз өнердің сан саласын меңгерген өнерпаз, жақсы математик, білімпаз адам болатын. Қалай болғанда да балаларды сабаққа қызықтыруға жанын салатын. Сабағына қатысты-қатыссыз небір қызықты нәрселерді тауып жүретін. Соның бәрін математикамен байланыстыратын еді. Математикаға әуес балалар ол кісіден көп нәрсені үйренді деп білемін» деп жазыпты. Өмірханның осы пайымы оны мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ұшқыр қиялға жетелейтін ұстазға деген құрметін танытпай ма?! Әсіресе тарихшы Қарақойшы ағайының сонау қиын замандар тұсында үлкендермен әңгіме арасында айтқан «Алаштықтар әлі ақталады» деген сенімді пікірі шәкірт жүрегінде мәңгілік сақталып қалғаны содан шығар-ау. Ж.Аймауытовқа шәкірт болған сол ағайының айтқаны айдай келді емес пе?! Алаш идеясы ХХ ғасырдың соңында найзағайдай жарқ етіп, өзінің өлмес өміршеңдігін танытты. Сол тұста ұстаз аманатын естен шығармаған шәкірт ә дегенде-ақ өзіне алаштануды мұрат тұтты. Ал бала Өмірханды әу баста әдебиетке баулыған өнердің сан түрін еркін меңгерген, мектепке педучилище бітіріп келіп, сабақ берген, неміс тілін өте жақсы білетін, неміс тілінің мұғалімі неміс қызымен еркін сөйлесе алатын, кейін МГУ-дің герман-роман тілдері факультетін бітіріп, сол оқу орнында қалып қойған Жұмакүл Қазтайқызы еді. Өкінішке қарай, оны жасынан жабысқан кеселі өмірден ерте оздырды. Өмірхан: «Мені әдебиеттің сырлы әлеміне жетелеген сол кісі еді», деп отырады күні бүгінге дейін. Өмірхан Әбдиманұлының «Менің ұстаздарым» кітабын оқып шыққан адам оның кейіпкерлерінің жандүниесіне терең үңіле алады. Шындығында, бұл өзі жоғары эстетикалық талғамға сай жазылған, тұнып тұрған тұнық ойлы эсселік шығарма дер едім. Өмекең бірде Зейнолла Қабдолов болып, бірде Тұрсынбек Кәкішев, енді бірде ғұлама ғалым Рахманқұл Бердібаев болып тебіренеді, толқиды. Сөйтіп, олардың үстаз-ғалымдық қос қанатты қырларының сан түрлі сипатын ашады. Сонау бір жастау кезінде шыншыл Өмірханның «Мен осы журналист, жазушы бола алмаспын» деген күмәнді сөзін де естігенбіз. Бәлкім, бұл оның әлгіндей тау тұлғаларға қарап кішірейгені шығар деп ойлаймын. Әйтпесе оның тілінен майы тамып тұрғанын жазған дүниелерінен аңғармау мүмкін емес. Өмекең өзінің естелігінде студенттік өмірінің бастау кезі туралы: «Оралбек бөлем (осы ауылдардағы мектептерді жиырма бес жылдай басқарған ұлағатты ұстаз) менің әсем қала Алматыға деген талай жылдар бойғы махаббатым мен сағынышымның мауқын басты. Маған «иранбақ» болып көрінген жұмақтай шаһардың әсемдігін айтып, аузымның суын ағызды. Ең бастысы қаладағы Мұхтар Әуезовтің музей-үйін көріп, онда Рахманқұл Бердібаев сынды Халық университетінің қоғамдық негіздегі ректорының лекциясын тыңдау, сол кездегі астананың руханият әлемінің ығай мен сығайларымен танысып, білісу мен үшін үлкен бақыт еді», дейді. Автор осы кітабына аттарын айшықтап жазып, өзінің азамат болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген ұстаздары Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Бердібаев, Ясен Николаевич Засурский (МГУ-дің журналистика факультетіне 40 жылдан астам декан болған академик ғалым), Сейділдә Ордалиев, Қадыр Мырза Әлі, Алма Қыраубаева, Бейсембай Кенжебаев, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Рымғали Нұрғалиевтер туралы орны мен оябы бөлек ой-толғаныстарын әр тұлғаға жеке-жеке тарау арнау арқылы даралап, толыққанды жеткізеді. Олардың әрқайсысының азаматтық болмыс-бітімін, ұстазға тән өзіндік қасиеттерін, ғалымдық ғылыми ізденістер сипатын, адами мінез-құлық ерекшеліктерін жан-жақты ашып көрсете алған. Өмекеңнің «Менің ұстаздарым» кітабының бірінші тарауы «Ұстаздардың ұстазы» атты тақырыпппен ашылып, атақты сәкентанушы ғалым, ұлағатты ұстаз Тұрсынбек Кәкішевке арналған. «Тұрсекеңнің (Тұрсынбек Кәкішевті айтамын) әдеби үйірмесіне мені Алма апай (Алма Қыраубаева) қосып еді... ...Өткен ғасырдың 1968 жылынан жүргізіле бастаған осынау үйірмеде болған шәкірттерінің көбін Тұрсекең қолынан жетектеп әкеліп ғылымға қосты. Олардың ішінде бүгінде әдебиеттану ғылымының көрнекті ғалымдарына айналған Шәкір Ыбыраев, Жанғара Дәдебаев, Құлбек Ергөбеков, Серік Негимов, Балтабай Әбдіғазиев, тағы басқалары бар болатын. Осы үйірмеге 1-курста мені аяулы апайым Алма Қыраубаева алып келген еді. Сонда «Біржан-Сара» айтысының зерттелуі» деген тақырып бойынша студенттік конференцияда баяндама жасайсың» деп мені Т.Кәкішевке тапсырған болатын. Тұрсекең әр студент жасаған баяндамадан жылт еткен ұшқынды дәл аңғарып, талдауда айтылған өткір сын-пікір мен ұтқыр ойды жіті саралап, талғамы биік шәкірттің талабын дәл танитын. Осы арқылы ғылымға қол созған жастың бойында бұғып жатқан ұяң да бұйығы таланттың көзін ашатын», деп жазады ол ұстазы туралы. Міне, осылайша ғылыми ізденістері ҚазМУ-де басталған Өмірхан кейіннен МГУ-ге ауысып, Кеңестер одағына белгілі әдебиетші ғалымдар А.Г.Бочаров, В.Д.Оскоцкий сынды ұстаздардан білім алды. Мәскеуден МГУ-дің журналистика факультетін бітіріп келген соң мемлекеттік жолдамамен Жезқазғанға барып, бір жыл «Жезқазған туы» (қазіргі «Сарыарқа») газетінде қызмет істегеннен кейін өзінің ғылымдағы жолын жалғастыру мақсатымен Алматыға келеді. Алдымен біраз уақыт Қазақ телевидениесінде істеп, сонан соң ҚазМУ-дың журналистика факультетіне ұстаздық қызметке орналасады. Кейіннен академик Зейнолла Қабдоловтың шақыруымен филология факультетінің аспирантурасына қабылданады. Аспирантурада ғылыми тақырып бекіту кезінде ұстазы Т.Кәкішев 1987 жылы Өмірханды Зейнолла Қабдоловтан тартып алғандай болып өзіне аспирант етіп алады. Сөйтіп, З.Қабдолов бекітіп берген «Ш.Айтматов шығармашылығындағы қазақ тақырыбынан» Т.Кәкішев айтқан Алаш тақырыбына ауысуына тура келеді. Алаш тақырыбына баруына рұқсат берген ұстазы Зейнолла Қабдоловқа барып жолыққанда, ол кісі: «Қарағым, бәріміздің ортақ ісіміз ғылымды көтеру. Тұрсынбек дұрыс айтып отыр. Алаш тақырыбы қазір ұлтымызға өте қажет. Тарихшылар оны құлшына бастап та кетті. Академиядағы жас жігіттер бұл тақырыпты бөлісіп алыпты. Бізде оған баратын адам жоқ болып тұр еді. Тұрсынбек сені ұсынды. Саған сеніп отыр, қалай қимайын. Айналып келгенде кафедраның ортақ ісі ғой, бел шеше кіріс. Менің ойымша, Ахмет Байтұрсыновты алғаның дұрыс. Әдебиетіміздің бас кітабын жазған кісі ғой, жұмысыңа менің де көмегім болады. Шынымды айтсам, Ахаң саған абырой әпереді», деп ақыл береді. Ертесіне екі ұстазы біріге «Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық мұрасы» деген тақырыпты бекіттіреді. Зекеңнің айтқаны келді. Алаш тарихы, Ахмет Байтұрсынов туралы Өмекеңнің 356 беттік еңбегі зая кетпеді, Тұрсекең де оны ерінбей оқып шығып, ақыл-кеңесін аяған жоқ. Ертіп жүріп, студенттер алдында 90 минуттық лекциялар оқытты. Ой, несін айтасыз, Т.Кәкішев ағамыз Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде Ғылым мен жаңа технология министрлігінің шешімімен «Қазақ диаспорасы әдебиетін зерттеу» лабораториясын ашты. Сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбілсейітовтың қолдауымен Моңғолияға ғылыми іссапармен барып, ол жақтан олжалы оралды. Том-том қолжазба, кассеталық ән таспалар халық аузынан жазып алынған дәптерлер ұлт әдебиеті үшін үлкен байлық болатын. Бұл Өмірхан ұстазының азаматтық тұлғасының айқын танылған тұсы еді. Осынау тарихи сәт те шәкірттің кітабынан айқын да айпара көрініс тапқан. Ал Өмірхан Әбдиманұлының кітабының «Сөз өнерінің көсемі» деген тарауындағы ұстаз тұлғасы – кезінде дәрісін бәріміз ынта-шынтамызбен беріле тыңдайтын сөз өнерінің зергері Зейнолла аға Қабдолов. Ол кісінің «Сөз өнері» атты «Әдебиет теориясының негіздері» пәніне арналған оқулығын қызыға да құлшына оқушы едік. Өмекең мен ойлағандай-ақ, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Р.Бердібаев, Р.Нұрғалиевтердің еңбектерін қалт жібермей оқыған екен. Осы кітап туралы Өмекеңнің көкірегіне түйгенін қаз-қалпында айтып көрейікші. «Бұрындары әдебиет теориясына қатысты Қажым Жұмалиевтің мектепке арналған кітабын қарағанымыз бар еді, мынаның жөні бөлек екен, теориялық еңбек болғанымен бейне бір өзіңмен сырласып отырғандай тарта жөнелетін қасиеті бар, әр нәрсені көрікті де көркем тілмен майдалап отырып жеткізетін, әрбір сөзі мағыналы да маңызды болғанына қарамай, көкейге қона кететін жеңілдігімен қызықтыратын кітап болып шықты», дейді. Бұл Зейнолла Қабдоловтың кітабы туралы автордың өз пікірі. Ал біз (С.Қ.) ол кісінің сабағына қатысып отырғанда ұстаздың мейірімді де ойлы жанарынан көз алмайтынбыз. Сол сүйкімді жымиыс, қалың қабақ мәңгілікке жадымызда сақталып қалыпты. Өмекең Зәкеңмен алғашқы кездесуін былай деп еске алады: «Кездесуді Алма апай жүргізді. Зейнолла аға бірден отырған жұртты өзіне баурап алып, кемерінен асқан кемел ойлар ағысының тереңіне тарта жөнелді. Көсемдік те, шешендік те бір бойынан жарасым тапқан ұстаздың сол кездесудегі жүзі әлі көз алдымда» дейді ол. Өмекеңнің сондағы жан тебіренісін одан әрі қарай өрбітіп көрейікші: «Сөз тиегі ағытылған сайын ол бірте-бірте асқақтап бара жатқандай еді. Таңғаласың. Ойдан ой туғызып, түйсінуден тұжырым жасап, тұжырымнан түйін түйіп, сөзбен сөзді түртіп оятып, бейнелі сөзді мың құбылта ойнатып, айтар ойдың ажарын ашып, әсерлі етіп жеткізеді екен». Бұл Өмірхан шәкірттің сол бір алғашқы кездесуден алған әдемі әсері. Енді автордың осы түйсігін ой елегіне салып көрейікші... Данышпанның отырған жұртты өзіне баурап алуын Өмекең: «...кемерінен асқан кемел ойлар ағысының тереңіне тарта жөнелді», деп әсіреқызыл сөзге бармай қазақы қарадүрсін, қаражаяу тілмен жеткізеді. Ұстаздың сөз маржанын қиыннан қиыстыруын әсірелеп: «сөзбен сөзді түртіп оятып, санаңа жарқ еткізіп сәуле шашып» деген тіркестермен тәп-тәуір афоризм құрайды. Өмекеңнің ұстазына еліктеп, әдіпті сөздің әліппесін аша білуі шындығында да педагог-ғалымның көркем әдебиетке, әдебиет теориясына деген танымы мен талғамының биіктігін көрсетеді. Өзі де ақын ұстазының поэзияға деген құрметін оның өлеңді беріле оқу мәнерінен, көптеген ақындардың сан түрлі шығармаларын жатқа оқитынынан танып, мейірлене түссе, ұстаздың сол кеште поэзияға жаңа келген талантты шәкірті, жас ақын Аманхан Әлімнен үлкен үміт күтетінін жалпақ жұрттың алдында жайып салуы, расында, заңғар тұлғаның «Ұлық болсаң – кішік бол» деген ұстанымы екеніне көз жеткізді. «Жалпы Зекеңнің шешендігі оның табиғатындағы үш қасиетпен етене табысып жатады. Олар: білімге тереңдік, ойға ұтқырлық, сөзге тапқырлық» дейді Ө.Әбдиманұлы. Қалай дегенде де әдебиеттану ғылымының бастауында өзінің «Әдебиет танытқыш» кітабымен Ахмет Байтұрсынов тұрса, ал әдебиет теориясы саласын шырқау биікке көтерген ғалым, академик Зейнолла Қабдолов екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ғалымның «Сөз өнерін» бар өнердің басы деп қарағаны айтар сөзіміздің ақиқатын ашып тұрған жоқ па. Кезінде кемеңгер Зекең Ахаңның еңбегіндегі ұлттық танымға негізделген қасиеттерді тап басып көре білді. Енді оны насихаттау Өмекең сынды, одан кейінгі жас ғалымдардың еншісіне тиіп отыр. Ө.Әбдиманұлы өз еңбегінде ғұлама ұстаз Рахманқұл аға Бердібаев туралы да кесек-кесек ой-тұжырымдарын алға тартып, ол кісінің ұстаздық, ғұламалық, адамдық, азаматтық тұлғасын жан-жақты ашып көрсете білген. Иә, бізге де ол кісі «Қазіргі кеңес әдебиеті» пәнінен дәріс оқыды. Ғұлама ғалым ұзақ жылдар бойы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының фольклористика бөлімін басқарды. Дәлірек айтқанда бүкіл түркі дүниесіндегі фольклорлық мұраны зерттеудің бірден-бір ұйымдастырушысы бола білді. Ғалым әдебиетіміздің жаңашыл сипатын ашып көрсетіп, сөз өнеріндегі «сиықсыз» дүниелерге сын көзбен қарады. Ұлт мүддесі үшін жанпидалыққа дейін барды. «Ең үлкен мәдени байлық» атты мақаласы үшін қудалауға түсті. Ол кісі 1986 жылғы Желтоқсаннан кейінгі алғашқы күндерде-ақ Колбиннің қабылдауында болып, жастарға араша түсті. Осыншама қайсарлық, қайрат оның ғылым жолындағы ілгерілеуіне жол ашты. Р.Бердібаев Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, академик, «Түрік дүниесіне қызмет еткені үшін», сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері атанды. «Менің ұстаздарымда» қайраткер ғалымның азаматтық тұлға ретіндегі бітім-болмысы бейнелі де бедерлі түрде ашылған деп нық сеніммен айта аламыз. Ө.Әбдиманұлы Мәскеуде заңғар Засурскийден тәлім алып, ҚазМУ-дың филология факультетінде ұстаздар ақсақалы Б.Кежебаевтан, ұлық ұстаз, ақиық ақын Қадыр Мырза-Әліден, ұстаз-ғалымдар Сейділда Ордалиевтен, Алма Қыраубаевадан, Рымғали Нұрғалидан, журналистика факультетіндегі декан Темірбек Қожакеевтен, кафедра меңгерушісі Тауман Амандосовтан тағылым-тәлім алғанын, олардан алған ақыл-кеңестің өзінің кейінгі өмірі мен шығармашылығына бағдаршам іспетті болғанын, бүгінде дүниеден өтіп кетсе де, «артына өлмейтұғын сөз қалдырған» ұстаздар аманатына адал екендігін ашық айтыпты. Өмекең кітабын түйіндей келіп: «Осы тұлғалардың адамдық, азаматтық болмысын аша алдым ба? Мені осы мәселе толғандырады», дейді. Иә, Өмірхан оларға шәкірт болуымен қатар, кейбіреуімен отыз жылға жуық, енді біреулерімен он жыл әріптес болып еңбек етіпті. Бұл бір адамды тани алуға жетер уақыт екенінде дау жоқ. Мәселе ұстаздың адамгершілігі мен еңбексүйгіштігінде тәбәрік етуде. Олардың артына қалдырған мұрасы бір емес, біраз жылдарға дейін жүк болатынына шек келтірмеңіз. Өйткені өзі айтқандай, Өмекең «Менің ұстаздарым» атты шығармасына: «Шындықты шырағдан» етіп ұстағаны айқын танылады. Алайда автор бұл тақырыбына әлі талай рет оралатынын да жасырмайды. Ұстаздарын ұлықтаған әңгімелер жалғасын табарына біз кәміл сенеміз!

Сейсен ҚОЖЕКЕ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар