Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Биологиялық белсенді қоспалардың қажеті бар ма?

Биологиялық белсенді қоспалардың қажеті бар ма?
ашық дереккөз
Биологиялық белсенді қоспалардың қажеті бар ма?
Бүгінде елімізде ел аузында «БАД» аталып, санамызға солай сіңіп кеткен биологиялық белсенді қоспаларды тұтыну сәнге айналғандай. БАД – орыстың биологически активные добавки деген сөздерінің қысқартылған жиынтығы. Қазақшасы – биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ). Байқасаңыз, екінің бірі ББҚ тұтынып жүргенін айтады. Ресми емес мәліметтерге сүйенсек, соңғы үш-төрт жылда елімізде 913 биологиялық белсенді қоспаларының сауда белгісі тіркеуден өткен. Олардың арасында бағасы арзаны да, қымбаты да бар. Ал интернетті ашып қарасаңыз, оны жарнамалайтындардан көз сүрінеді. Дәрілік зат болмаса да кейбір белсенді биологиялық қоспалардың түрлері дәріханаларда да сатылады. Сондай-ақ қазір бұл өнімді сататын, жарнамасы жер жаратын түрлі фирмалар да жетерлік. Алайда екінің бірі биоқоспаның қаншалықты пайдалы екенін, пайдаланғанда неден сақтану керектігін, балаларға қанша жастан беруге болатынын біле бермейді. Биологиялық белсенді қоспалар дегеніміз – тағам құнарын арттыру мақсатында қолданылатын табиғи және табиғи тектес заттар. Оны тағаммен қатар тұтынуға болмаса да, тағам құрамына қосып пайдалануға болады. Және де лицензиясыз сатыла береді. Биологиялық белсенді қоспалар – қазіргі заманғы медицинаға, салыстырмалы түрде айтқанда, жақын уақытта енген термин. Дегенмен жаңа дәуірге дейін Мысырда, Қытайда, Тибетте, Үндістан мен Шығыстың басқа да елдерінде көбінесе өсімдік, жануар ұлпаларынан, минералды шикізаттан дайындалған арнайы табиғи өнімдермен адамның әртүрлі ауруларын алдын алу мен емдеу жүйелері қалыптасқан. Қазіргі кезде тағамның энергетикалық қасиеттерін жақсартатын немесе ақуыз мөлшерін арттыратын қоспалар көп. Биологиялық белсенді қоспаның дәрумендерден айырмашылығы ағзаға оңды әсер етуінде. Негізі кез келген биоқоспа дәруменді жиынтыққа ұқсайды. Алайда олардың арасында өте үлкен айырмашылық бар. Белсенді биологиялық қоспа – азық болса, дәрумен – дәрі. Дәрумендерге түрлі, қажетті сынақтар жүргізіледі және фармацевтикалық сертификат беріледі. Екеуі де пайдалы, бірақ дәріні алмастыра алмайды. Дәрумендердің құрамындағы әсер ететін зат мөлшері қатаң түрде сақталады. Ал биоқоспа емдік әсер бермейді. Сондай-ақ олардың арасындағы айырмашылық – дәрумендер денсаулыққа қажетті нақты зат болса, биоқоспалардың жеке өзі ешқандай әсер бермейді. Ол тағамға микро және макро элементтер береді. Оның биологиялық әсері дәруменге байланысты болады. Дәрігерлер биоқоспаларға үлкен үміт артпаған дұрыс дейді. Ол тек қосымша көмек ретінде әсер етеді. «Мейірім» медициналық орталығының терапевт-дәрігері Жанар Әлімбекованың айтуынша, «БАД»-тар ешқандай ауруды емдемейді. Себебі ол дәрі емес. Ал біреулердің аталған өніммен емделгені туралы әңгімелерінің көбісі өтірік. – Белсенді қоспалар дәрі болып есептелмегендіктен рецепсіз сатылады. Бірақ ББҚ құрамында дәлелденген емдік қасиеттері бар заттар жоқ екенін білген жөн. Сондықтан олар ауруды алдын ала емдей алмайды. Белсенді қоспалардың көпшілігінің тиімділігі клиникалық зерттеулермен расталмаған, сонымен қатар оларды қабылдаудың зияны туралы дәлелдер бар екені де айтылады. Мысалы, мультивитаминдерді алайық. Олардың құрамында 10-нан астам компонент болуы мүмкін. Сізге олар қажет пе? Мұндай дәрумендерді қабылдау ұсынылмайды, өйткені мультивитаминдерді бақылаусыз қабылдаудың зиянын көрсететін бірқатар зерттеулер бар. Сонымен қатар адамның өзі дәрумендерді тағайындайтын және көбінесе қабылдау ережелерін сақтамайтын немесе оларды ұзақ уақыт тұтынатын жағдайлар аз емес. Егер сіз биологиялық белсенді қоспаларды қабылдап жүрсеңіз, онда дозаны ұстанудың маңыздылығын ұмытпаңыз. Мысалы, бета-каротиннің шамадан тыс мөлшері темекі шегушілерде өкпе ісігінің даму қаупін арттырады. Кальций мен D дәруменін көп қабылдау бүйрек тастарының пайда болу қаупін арттырады. Кейбір ББҚ ауыр аурулардың дамуына жол бермейді деген миф бар. Көптеген адамдар жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу үшін мультивитаминді, С, D дәрумендерін, кальцийді қабылдайды. Бірақ оларды осы ауруларды емдеу немесе алдын алу үшін қолданудың тиімділігі дәлелденбеген. Белсенді қоспалар нақты медициналық көрсеткіштері бар адамдарға пайдалы болуы мүмкін. Мысалы, остеопороз кезінде дәрігер D дәрумені мен кальцийдің қосымша дозасын тағайындай алады. Сондай-ақ витаминдер Крон ауруы бар немесе ас қорыту процесі қиын целиак ауруы бар адамдарға қажет. Дені сау адамдар үшін ағзаны пайдалы заттармен және минералдармен қамтамасыз етудің ең жақсы нұсқасы – дұрыс және теңдестірілген тамақтану. Ешқандай қоспалар теңдестірілген диетаны алмастыра алмайды. Сондықтан егер сіз биологиялық белсенді қоспаларды қабылдасаңыз да пайдалы тағамдарды ұмытпаңыз. Өйткені ол қоректік заттардың негізгі көзі болуы керек. Егер сіз биологиялық белсенді қоспаларды қабылдауды шешсеңіз, дәрігермен кеңескеніңіз дұрыс. Есіңізде болсын, кейбір қоспалар дәрі-дәрмектермен өзара әрекеттеседі, бұл ағзаға жағымсыз болып, тіпті қауіпті әсер етуі мүмкін, – дейді дәрігер. Тараз қаласының тұрғыны Айгерім Тілеуова өзі де, балалары да «БАД» ішпейтінін айтады. Ол биологиялық қоспа тұтынуға мүлде қарсы. – Мен желілік маркетинг арқылы сатылатын биологиялық белсенді қоспаларға мүлдем қарсымын. Қазір нарықта мұндай өнімдер өте көп. Тіпті сонау Жапониядан елімізге әкелініп, кең тарап жатқан қоспалардың түрінен көз тұнады. Ал оларды қадағалап жатқан ешкім жоқ. Бағалары да әртүрлі. Ең арзаны 20 мың теңге болса, қымбаты – 150-200 мың теңге. Жалпы дәрігерлер мұндай қоспаларды асыра пайдалануды құптамайды. Мен сол үшін өзім де ішпеймін, балаларыма да сатып алып бермеймін. Бұрын «NL» компаниясынан бір-екі «БАД» алып ішкенмін, оң әсер бергенін сезбедім, — дейді ол. Қала тұрғынының бірі Панагүл Жұмахан биологиялық белсенді қоспалардан келетін айтарлықтай зиян жоқ деп санайды. – Қазір экологиялық ахуал мен өндірістің қарқынды дамуы әсерінен тағамдардың құрамы мен сапасы төмен. Табиғи тағамдарды күнделікті тұтына бермейміз. Сөйтіп, ағзамызға қажетті дәрумендер мен минералдардың нормасын өтей алмаймыз. Соның салдарынан бүгінде кейбір балалардың денсаулығында түрлі ауытқушылықтар кездесіп жатыр. Бірінің ойлау, есте сақтау қабілеті төмен болса, енді бірінің дұрыс сөйлей алмауы жиі кездеседі. Олай болса, БАД»-тарды қолданудың еш зияны жоқ деп ойлаймын. Жалпы биологиялық қоспалардың түр-түрі бар. Оларды көп жағдайда тағамдық қоспалар ретінде қолданамыз. Көбіне таблеткалар, капсулалар, сұйықтықтар немесе ұнтақ түрінде кездеседі. Биологиялық белсенді қоспалар жалпы саны жүзден астам ауруға ем, – дейді ол. Қорыта айтқанда, әрбір адам өз денсаулығына өте мұқият болып, ауырғаннан соң ем іздемей, ауырмаудың жолын қарастыруы керек. Алайда таяқтың екі ұшы бар екенін естен шығармаған жөн. Жарнамаға алданып осындай биологиялық қоспаларды пайдаланып, керісінше өз денсаулығының нашарлап кеткені жөнінде дабыл қаққан жандар аз емес. Сол себептен де мемлекеттік тіркеуден өткен, санитарлық-эпидемиологиялық басқару органдары бекіткен куәлігі бар биологиялық белсенді қоспаларды ғана қолданған жөн.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар