Жамбыл жаңалықтары
«Халық менің шын атым деген адам, Халықты кекетуі мүмкін емес»
- author AR-AY
- 14 сәуір, 2023
- 232
«Халық менің шын атым деген адам, Халықты кекетуі мүмкін емес»
Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың 177 жылдығына орай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Аталған жыр додасы облыс әкімдігінің қолдауымен, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен он жылдан бері өтіп келеді.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін сөз барымтасына биыл еліміздің әр өңірінен барлығы 20 ақын қатысса, оның ішінде өз өнерін көрсетуге жамбылдық он айтыскер мүмкіндік алды. Айтысты белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев жүргізді.
Айтысқа ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, жазушы Роза Мұқанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан, айтыс ақындары Ахметжан Өзбеков пен Күміскүл Сәрсенбаева, «Aulieaata-Media» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт қазылық етті.
Дүбірлі доданың шымылдығы таластық Есет Досалы мен Алматы қаласының намысын қорғаған Олжас Отардың құрдасқа тән сөз таластыруымен түрілді. Алғашқы болып сөз бастаған Есет ақын:
«Ер Олжас айналыспай нәзік іспен,
Қағылып тұр сендегі қазақ үстем.
Сайлаудың додасына бір көрінбей,
Осы жолы тындыңыз анық іштен.
Жаныма менің келіп жайғасыпсың,
Орын алар деп жүрсем Мәжілістен», – десе, Олжас та:
«Жасынан жыр өлеңді құндақтағам,
Сондықтан жүрегімде жыр қаптаған.
Жамбыл атам депутат болмаса да,
Ел сөзін жүрегіне шын баптаған.
Депутаттық мандаттан біле білсең,
Айтыстың сахнасы қымбат маған», – деп ұтымды жауап берді. Олжастың онысына Есет:
«Құрдастың сәтті болсын бұл көктемі,
Отыз жыл жүрегінде жыр көктеді.
Жамбыл атаның депутат болған кезін,
Олжас ақын шынымен білмеп пе еді», – деп сөзден ұстай білді.
Бұл айқастың көрігін Абай облысынан келген әйгілі Рүстем Қайыртайұлы мен жерлесіміз, Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының мақтанышы, 10-сынып оқушысы Алина Айдаралы қыздырды. Рүстем :
«Жамбылдың жастық шағын Тазабеков,
Ағам жақсы ойнағаны айдан анық.
Жамбылдың қарттық шағын түсіріңдер,
Шорабек Айдаровты пайдаланып», – деп бастай келіп, одан әрі:
«Алинада жоғары талғам шығар,
Сізбен түсіп менің бағым жанған шығар.
Жамбыл атам ғашық болған Кавказ қызы,
Беу, Алина, сендей-ақ болған шығар» – деді де:
«Мен өзім Әулиеатаға жиен едім,
Жиен болып Рүстем талай түйе мінді.
Алина қарындасым осы екен,
Өзі де көркем, сұлу, шие ерінді.
Әулиеатаның жиені болып келіп,
Таразда жолықтырдым жиенімді», – деп түйіндеді. Ағасының ұтымды жырларына Алина қыз:
«Айтайын ағаменен жарасып ән,
Айналдым жан ағамның бағасынан.
Нағашым келіп отыр Рүстемдей,
Ақынның дара туған арасынан.
Жігіттің жақсы болуы ғана емес,
Қыздың да жақсы болуы нағашыдан», – дей келе:
«Көрермен шапалақпен қолдап отыр,
Шапалақтан ораза бұзылмайды», – деп әдемі әзілдеді. Соңында Рүстемнің оқушы Алина жиеніне бата беруі де дәстүрімізге сай әдемі жарасып тұрды.
Бұл айтыста Жайықтың жағасынан келген Жансая Мусина жасындай жарқырады. Көрермендер арасынан да Жансаяның айтысын тапжылмай күтіп отырғандарды байқадық. Жансаяның бұл жолғы қарсыласы өз жерлесіміз, жуалылық Дидар Апбасов болды.
«Жамбыл атам басына бақ дарыған,
Бар қазаққа болыпты мақтан ұран.
Кейбіреу жылы сөзін қимайды екен,
Жамбылдай аңыз жырау қарттарынан.
Жамбыл ата үлгісі даналықтың,
Хат танымай жүріп-ақ Хақ таныған, – дей келе, Жансая әпкесіне:
Он жыл өтіп өзгерген Таразыма,
Қарап тұрып әпкесі таңданасың.
Он жылда Тараз талай өзгерді ғой,
Өзгермей келіп тұрған сен ғанасың», – деген тиісуін жақсы қабылдадық.
Бірақ Жансая өзінің тәжірибесіне салып, биік өресін байқатты. Ол:
«Бұл бала неменеге қайқаңдайды,
Тілінен бал түгіл, май тамбайды.
Саған жезде тапшы деп келген жоқпын,
Керегін әркім өзіне сай таңдайды.
Айналайын алтын ел сендер барда,
Тараздың шаңырағы шайқалмайды.
Шабытың сол бойыңда қалған екен,
Сенің де өзгергенің байқалмайды», деді.
«Бұл Тараз тарих болып қатталған жер,
Таланттары топ жарып, мақталған жер.
Қарахан, Айша бибі қасиетің,
Әр ауылдың төріне бақ қонған жер.
Қайраттай ұлдарына қайрат беріп,
Бауыржандай баһадүр ер тапқан жер», –
деп толғанды тағы бірде Ж.Мусина.
Жансаяға азуы бата қоймаса да Дидардың өзіне сенімділігі, батылдығы көрерменге жақсы әсер қалдырды.
Қызылордалық Нұрмат Мансұров пен жуалылық Қанат Мырзахан да айтыс көркін қыздырды. Бұл жұп та өз деңгейінде айтысты. Дегенмен тәжірибелі Қанат Мырзаханнан бұдан да жоғары айтыс күткеніміз анық.
Бұл жолы шабыты ашылып, төгіле жырлаған ақынның бірі Т.Рысқұлов ауданынан келген Асхат Қылышбек болды. Ол қарсыласы ақтөбелік Қайнар Алагөзовке:
«Мәтін Қайнар жазған әндер хит боп,
Қазақтың аспанында ән шарлап жүр.
Қайнардың жазған өлеңмен аты шығып,
Қайрат пен Төреғали талтаңдап жүр.
Шын бейнетті жасаған нағыз ақын,
Қайнардың тұмсығынан қан саулап жүр», – деп көтермелей сөйледі. Ал Қайнар болса:
«Жел тарап тұлпарының майда жалын,
Естіліп жатқан елсің айға азаның.
Ту биенің етімен ауыз ашып,
Теңгемен тіс шұқыған бай қазағым», – деп тың теңеу айта білді. Қарсыласының «Теңгемемен тістерін шұқып жүрген» деген теңеуіне Асхаттың:
«Қайнар сен ен байлығын қайдан көрдің,
Таразға мәселе ғой теңге деген.
Дәл қасынан газ шығып жатсадағы,
Мойынқұмға әлі күн ол келмеген.
Сөйте тұра теңгемен тіс шұқысаң,
Жерлестерім, мықтысың сен не деген?!» – деп ұтқыр жауап қайтарды. Ол тағы да:
«Балалары бір киімді кезек киген,
Көпбалалы ананың көп дерегі.
Мешіт салып беретін кей ағалар,
Тойынғанда тәубешіл боп келеді.
Ананы құрметтейік әрқашанда,
Асхаттың осы болғай текті өлеңі.
Жұмақтың кілті емес пе ана деген,
Қара тастан қадірлі Меккедегі», – деп толғанды.
Сонымен қатар шымкенттік Біржан Байтуов пен тараздық Мұхтар Қонарбаев екеуі жезде мен балдыздың жарасымды айтысын жасады. Мұнан өзге атыраулық Шынарбек Қабиев пен таластық Нұржан Манатбек, жамбылдық Айтмұханбет Исақов пен құландық Айтбек Тұрсынбай да көп көңілінен шықты. Айтыстың алғашқы айналымын қорытындылаған керекулік Рауан Хайдаров пен байзақтық Дархан Әбдіманат та татымды өнер көрсетті.
Қазылар алқасының шешімі бойынша ақтық сынға екі жұптан төрт ақын шықты. Финалдық айтыста алғашқы болып Рүстем Қайыртай мен Жансая Мусина өнер көрсетті. Екі ақын да бір-біріне есе жібермей, достық айтыстың әдемі үлгісін танытты. Әсіресе Жамбыл ақынға «сталиншіл» деген пікірдің әділетсіздік екендігін ашына айтқан Рүстемнің: «Халық менің шын атым деген адам, Халықты кекетуі мүмкін емес», деген жыр жолдары халық көңілінен шықты.
Сахнаға шыққан екінші жұп қызылордалық Нұрмат Мансұров пен жамбылдық жас ақын Алина Айдаралының ақтық айтысы да көрерменнің көзайымы болды. Әсіресе жас та болса тәжірибелі ақынның жырларына ұтымды жауап беріп, сөзден ұтылмай отырған Алина ақынның орамды ойларына жиналған қауым тәнті болды. Мәселен, ақын ағасының «Өзің де бір әдемі қыз екенсің, Оразада сауабымды бұзатындай» деген сөздеріне ол: «Айша бибі арудың ауылынан, Көріксіз қыз шыққанын көріп пе едің?» деп тапқырлық танытты. Сондай-ақ қарсыласының «Балқар қызы екенсің» дегеніне, «Ұлтым балқар болса да жаным қазақ» немесе «Бүйрегім балқар жаққа бұрғанымен, Жүрегім қазақ деп соғып тұрар», деді Алина. Тағы бір сәтте ол: «Қазақ тілде айтысса балқар қызы, Ұлт достығы дегеніңіз осы болар», деп сөзін нықтады.
Аламан бәйгенің қорытындысы бойынша бас жүлдені жамбылдық жас ақын Алина Айдаралы жеңіп алып, 1 000 000 теңгенің сертификатын иеленді. Абай облысының адуынды ақыны Рүстем Қайыртай I орынға лайық деп танылды. Ал II орын Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусинаға бұйырды. Үшінші орынды қызылордалық Нұрмат Мансұров місе тұтты. Сонымен қатар Біржан Байтуов, Рауан Хайдаров, Жарқын Жұпархан, Дархан Әбдіманат, Мұхтар Қонарбаев, Шапағат Сәбитқызы 200 мың теңге көлеміндегі арнаулы жүлдеге ие болды.
Марапат соңында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев сөз сөйлеп, жүлдегерлерді жеңісімен құттықтады. Осылайша ақындардың айтысымен Әулиеата жерінің даңқы көкте қалықтады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала