Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Егіз екі есе, үшем үш есе бақыт

Егіз екі есе, үшем үш есе бақыт
ашық дереккөз
Егіз екі есе, үшем үш есе бақыт
Демографиялық саясат қай мемлекет үшін де өте маңызды. «Қыбырлаған қыр асады» демекші, халқымыздың қырдан асуы үшін аналарымыз егіз-егізден, сегізден сәби сүйіп, бала санын көбейткен жөн. Аллаға шүкір, қазақстандық аналар егіз бен үшем туудан 48-орында екен. Көш басында Норвегия тұр. Егіз, үшем, төртем туған аналардың жағдайын жасап, көрсетілер көмекті дұрыстасақ, демографияға қосар үлес бұдан да зор болар. Бірден үш және төрт нәрестені өмірге алып келген аналарға еріксіз бас имеске амал жоқ. Оны Жаратушы Иеміздің құдіреті дейміз. Бір қозы туса қуанышқа бөленетін қазақ емеспіз бе, жарық дүние есігін ашқан әрбір шаранаға қуанамыз. Өйткені әр баланың өз несібесі бар. Егіздерді дүниеге әкелу – екі есе бақыт. Ал үшем болса, ол үш есе бақыт. Егіз бен үшемдер кез келген жанға бұйыра бермейтін ерекше жаратылыс иесі. Шаңырағыңызға бір мезетте егіз немесе үшем келсе, отбасының өрісі еселене кеңейгені емес пе? Былтыр облысымызда 241 егіз, 8 үшем дүниеге келіпті. Ал биыл жыл басынан бастап алғашқы төрт айда 62 егіз дүние есігін ашқан. Жаратқанның ерекше жаратылысы егіздер мен үшемдер жайлы қызықты ақпараттар көп. Егіздердің мінездері де екі түрлі болады. Бір-бірінен айнымастай егіздер болмайды дейді ғалымдар. Әйтеуір бір-бірінен бөлекше ерекшеліктері болады екен. Гені мен хромосомалар топтамасы бірдей болған күннің өзінде бойы, салмағы, мінезі 100 пайыз ұқсастық бермейді екен. Өзім де егізге ана болғандықтан бұл тақырыпта жазу жаныма жақындау болды. Бізге егіздер бір ұрпақ ауысқан соң келді. Бүгінде Айым мен Айбар үш жасқа жақындады. Енемнің енесі – әжеміз Рыскүл апа екі реттен егіз туған көпбалалы ана. Қайынатамның Алма мен Перне есімді егіз әпкесі мен Расима, Мадина атты егіз қарындастары бар. Бір қызығы сол, егіз, үшем туған аналардың құрсағы қайтадан егіз табуға қабілетті келеді екен. Бір рет екі жұмыртқалы егіздерді дүниеге әкелген әйелдің екінші рет осындай егіздерді дүниеге әкелу ықтималдылығы екі есеге артады. Себебі екі ұрықты дамытып дағдыланған ағза екінші рет те бөлек жұмыртқалы егіздерді дүниеге әкелуге бейім келеді. Ғалымдар бүгінде егіздер тұқымда болмаса да кездесетінін айтып отыр. Мына қызықты қараңыз. Әдетте егіздердің 22 пайызы – солақайлар. Ал қарапайым адамдар арасындағы солақайлардың үлесі – 10 пайыз екен. Ғалымдар егіздерді бір жұмыртқалы (көп зиготалы) және екі жұмыртқалы (дизиготалы) деп бөледі. Тағы бір қызық жайт, егіздер бір күнде туылмауы және егіздердің әкесі бір болмауы мүмкін (Мұндай жағдай көбіне демократиялы елдерде кездеседі екен). Екі егіздің саусақ іздері әртүрлі болады. Жамбылдық актерлердің ұстазы, М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ профессоры, ҚР Мәдениет қайраткері Айгүл Кабиева үшем туған ана. 1978 жылы 3 желтоқсанда Мариям, Жәмила, Гаухар есімді үшемдерді өмірге әкелген. Бүгінде олардың жасы 44-те. Өздерінің қос-қостан бала-шағалары бар. Балаларының алды 25-те екен. Ол уақытта үшемге арнайы қарайтын медбике, бала қарайтын көмекші бөлініпті. Ерлан, Махмұт есімді екі ұлынан соң осы үшемдерді көріпті. Сол кезде 25 жастағы Айгүл ұстаз ата-анасының жалғыз қызы болғандықтан Өскемендегі анасын жанына көшіріп алыпты. Бес баланы бағып-қағуда, жастардың қызмет етуіне анасының көмегі зор болыпты. Бір қызығы, екі қыз – Гаухар мен Жамиля бір жұмыртқадан, үшінші қыз Мариям бөлек жұмыртқадан пайда болған екен. – Гаухар өте пысық, салмағы жағынан да үлкендеу болды. Үшеуіне де биолак бердік. Ана сүтіне тоймағандықтан қосымша тамақ бердік. Гаухарым өзінің бөтелкесінен тамағын тауысып, екі бауырынан қалған қосымша тамақты да ішіп қоятын. Сол себепті ме, томпақтау болды. Өсуі, сөйлеуі ешкімнен кем болмады. Жеке балалар сияқты өз уақытымен дамыды. Аяғым ауыр кезде қиналдым. Жаңа айтқанымдай, бір жұмыртқадан пайда болған екеу бір-біріне жақын. Қарым-қатынасы нығыз. Ал жалқы бөлек жұмыртқалы үшіншім олардан бөлектеу, жалғыз жүргенді ұнатады, – дейді А.Кабиева. Бұл үшемдер ата-анасының жолын қумапты. Үшеуі де экономика саласының білімін тәмамдапты. Бүгінде әрқайсысы әр салада. Бірі кәсіпкер, бірі корпорацияда, үшіншісі де жеке кәсіпте. Үшеуінің мінезі үш түрлі екен. Кішкене күндерінде біреуі ауырса, екеуі де ауыратын. Қазірдің өзінде бір-бірін сағынып отырады екен. «3 жасқа дейін көп ауырды. Ауруханаға жиі жатып қалатынбыз» деп те еске алды алтын құрсақты ана. Ал Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің кадр жөніндегі маманы Жансая Базарбаева Медина және Ясина атты егіздердің анасы. Құранның «Ясин» сүресі Медина қаласында түсірілгендіктен есімдерін осылай атапты. Жансая егіздерге жүкті екенін ести салысымен егіздер жайлы зерттеуді бастап кеткен екен. Өйткені бұл егіздер оның тұңғыштары. Тұқымда, жеті атада екі жақтан да егіз болмаған деп отыр. Бастапқыда дәрігерлер монохориальді динамикалық егіздер деп берген екен. Туғанда олардың диохориальді динамикалық егіздер екені анықталыпты. – Ұқсайтын монохориальді егіздер бір жынысты болып келеді. Не екі ұл, не екі қыз дегендей. Ұқсамайтын менің қыздарым секілді дихориальді егіздер әртүрлі болады екен. Олар екі жұмыртқадан пайда болған. Осы тақырыпты әбден зерттедім. Егіздер бір-бірін қатты іздейтіні, сағынатыны рас екен. Сәл көрмесе іздеп тұрады. Ал бірі ауырса екіншісі ауырады дегенге онша сенбеймін. Мүмкін жұғатын шығар бір-біріне. Бүгінде қыздарымның бірі үлкендеу көрінеді, екіншісі кішілеу. Туғанда салмақтары да бірдей болды. Аса бір айырмашылық болған жоқ, – дейді Ж.Базарбаева. Жанашыр, бір-бірін іздеп тұратын егіздер қаладағы №22 балабақшаға барады. Медина оң қолмен, Ясина сол қолмен жазады екен. Үнемі бірдей киінетін егіздерді көргендер оларды тек киімдерінен егіз бауырлар екенін біледі екен. Шын мәнінде олардың көздері де, түрлері де бір-біріне ұқсамайды екен. Анасының айтуынша, екеуі екі бөлек әлем. Не де болса егіздер мен үшемдердің әлемі ерекше ғой. Бұл бәріне бірдей бұйыра бермейтін бақ. Санымыз аз халық ретінде демография мәселесіне нақты назар аударғанымыз артық емес. Әсіресе жиі кездесе бермейтін егіздер мен үшемдерге көрсетілетін қамқорлық мәселесіне тағы да бір зер салсақ. Өйткені екі-үш бала түгіл, бір баланы да бағып-қағу қазір оңайға түспей тұр. Зерттеп қарасақ, егіздерге, үшемдерге арнайы бөлінген жәрдемақы немесе қосымша ақы жоқ екен. Оларға жеке дүниеге келуіне және жасқа толуына байланысты ғана баршаға бірдей төленіп отырған қаражат төленеді. Жөргегі мен қосымша тамағы, киімі мен керек-жарағы сол төленетін ақыдан да асып кетеді. Қалай дегенде де егіз, үшем, төртем туған аналарға ерекше қолдау-көмек керек-ау. Сонда ғана демографиялық өсім болмақ.

Эльмира Байназарова

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар