Туризмді дамыту турдан басталады
Облыс әкімдігі туризм басқармасының «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығы Тараз қаласындағы туристік объектілер бойынша экскурсиялық автобуспен тегін таныстыру турын ұйымдастырды.
Экскурсияның мақсаты – облыс жасөспірімдерін туристік нысандармен таныстыру және ішкі туризмді дамытуға тарту.
– Облыс әкімдігіне қарасты Тараз туристік ақпарат орталығы бұған дейін де бірнеше мәрте осындай іс-шаралар ұйымдастырған. Біз қазірге дейін қамтып отырған 2000-ға жуық адам бар. Олардың басым көпшілігі өзіміздің қала тұрғындары мен жастар. Мұның басты мақсаты – өз қаламыздың тарихын жастарға, осы жердің тұрғындарына таныстыру. Бүгін Тараз қаласы мен Жамбыл ауданына орналасқан мәдени кешендермен таныстыратын боламыз. Алда көрші облыстарға да тегін автобуспен өз қаламыздың тұрғындарын апарып, аралатып келу ойымызда бар, – дейді «Тараз-Туризм» орталығының басшысы Махамбет Рақымжанов.
Иә, ел мен жердің тарихын таныстыру мақсатында жастар мен еріктілерден құралған топты бастаған туристік автобус «Көне Тараз» этномәдени кешенінен шыққан топ «Қазақ хандығына 550 жыл» монументіне және Айша бибі мен Бабажа хатун кесенесіне барып, танысып қайтты. Одан кейін «Көне Тараз» кешеніндегі ашық аспан астындағы тарихи-археологиялық мұражайына, Қарахан және Дәуітбек кесенелеріне, Ерте ислам мешіті сияқты тарихи орындарға барды.
Елге шетелден келген қонақтарды қызықтыру үшін алдымен өзіміз өз тарихымызды білуіміз керек екендігі ақиқат. Сондықтан мұндай іс-шаралар ең әуелі жастардың өзін-өзі тануына, ұлтына деген құрметінің артуына көмектеседі. Ал наурыз айында басталған бұл іс-шара алты айға дейін жалғасады.
Ақнұр ЖОРАБЕК, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті
Келесі мақала