ТЕРЕЗЕДЕН ДЕ КЕЛЕР ҚАУІП КӨП
Балалардың жарақат алуы мен өліміне әкеліп соғатын негізгі себептердің бірі – терезеден құлау оқиғасы, әсіресе көктем мезгілінде. Табиғи қызығушылықтың салдарынан ашық терезенің алды балалар үшін өте қауіпті.
Мәселен, өткен жылдың наурыз айында осыған ұқсас 4 жағдай тіркеліп, балалар әртүрлі жарақат алды. Зардап шеккендердің жасы 3 пен 12 жас аралығында. Былтыр жыл кезеңінде облыс аумағында көппәтерлі үйлердің терезелерінен балалардың құлап кетуінің 20 дерегі тіркелді. Оның ішінде 1 бала қайтыс болып, 19-ы әртүрлі дене жарақаттарын алды. Бұл ретте облыс аудандарында 3 және Тараз қаласында 17 дерек орын алды. Ата-аналармен және басқа да заңды өкілдермен мектеп психологтарының қатысуын қамтамасыз ете отырып, алдын алу жұмыстары өткізілді.
Ағымдағы жылдың осы кезеңіне дейін аумақта балалардың терезеден құлау деректері тіркелген жоқ.
Көктем мезгілінің басталуын ескере келе, полиция қызметкерлері жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында балалардың еркін кіруіне жол бермейтін құлыптар мен қуыстардың болу қажеттілігіне қатысты шатырлар мен жертөлелерді қарай отырып 2 мыңнан астам ауланы тексерді. Терезелерді бұғаттау, торлар орнату және балаларды ересектердің қарауынсыз ұзақ уақытқа қалдыруға жол бермеу жолдарын заңды өкілдерінің назарына жеткізу үшін 1,5 мыңнан астам бірлескен жиын өткізілді.
Әкімдіктермен, денсаулық сақтау және білім беру мекемелерімен бірлесіп, жалпы білім беретін және арнаулы орта оқу орындарында балалардың терезеден құлап кету дерегінің алдын алу және оларға қарсы тұру жолдары бойынша 258 дәріс оқылды.
– Ата-аналарды қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға және кішкентай балаларды ұзақ уақыт қараусыз жалғыз қалдырмауға кеңес береміз. Сонымен қатар үй-жайларды желдету кезінде балаларды бақылауды, ересектердің қатысуынсыз балконға шығуға рұқсат бермеуді, барлық жиһаздарды бала терезе алдына шыға алмайтындай етіп, яғни терезе жанынан алшақ қоюды ұсынамыз. Терезедегі москиттік торларға сенбеу керек. Олар құлап кетуден сақтауға арналмаған. Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау – әрбір ата-ананың басты міндеті, ал немқұрайдылық таныту сіздің балаңыз үшін қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін, – деп атап көрсетті облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Әлішер Қалышев.
Ақнұр Жорабек, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті
Келесі мақала