Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БИТАНОВ БИІГІ

БИТАНОВ БИІГІ
ашық дереккөз
БИТАНОВ БИІГІ
Қазақта аз ғана ғұмырында артында өшпес із, өнегелі іс қалдырған талантты адамдар аз. Сол қатарға жерлесіміз, Т.Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен ауылының тумасы, белгілі сатирик Басқар Битановты да жатқызуға болады. 1 қаңтар күнi дүниеге келiп, 1 қаңтар күнi дүниеден өтіп, небәрi 35 жыл ғана ғұмыр кешкен талант иесі әсіресе сатира жанрында өнімді еңбек етті. Сонымен қатар Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Еgemen Qazaqstan»), ҚР Жоғарғы Кеңесінің «Халық кеңесі», Ауылшаруашылығы министрлігінің «Ауыл» газеттерінде тілші, бөлім редакторы, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарып, журналистика саласында да өз соқпағын қалдыра білді. Одан бөлек «Тамаша» ойын-сауық отауының белсендi авторы әрi ұйымдастырушыларының бiрi болды. Б.Битановтың көптеген очерктері мен фельетондары, сықақ әңгімелері еліміздің барлық басылымдарында үзбей жарияланып, сахналарда қойылып, телебағдарламалардан көрсетіліп тұрды. 1978 жылы Мәскеуде өткен Дүниежүзі жастары мен студенттері фестивалінің делегаты болды. 1983 жылы 24 жасында Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты атанды. Басқар Битанов саналы ғұмырында қазақ журналистикасында, сатира жанрында өнімді еңбек етіп қоймай, ел-жер тарихын зерттеуге, ана тілді насихаттауға үлкен үлес қосты. Тіл тағдырын, мемлекеттік тіл мәселесін, ел тарихын, жер мәселесін қаламгерлік қабілеттілігімен жалпақ жұртқа жеткізе алды. Талантты қаламгердің «Жердің аты – елдің заты» айдарымен жарияланған «Құлан еді ежелден ел атауы», «Сессия күнделігі» атты топтамалары, «Маэстро», «Бәрекелді, Алеке!», «Жер-ана мен Шер-аға» және басқа да көптеген мақалаларынан, ой толғауларынан, өлеңдерінен тіл тағдырына, туған жерге деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісін аңғаруға болады. Белгілі журналист, мәдениет қайраткері Қыдыралы Қойтай «Басқардың күлкісі – басқаша күлкі» атты мақаласында: «Басқар Битанов қыршын кеттi. Небәрi 35 жыл ғана ғұмыр кештi. 1 қаңтар күнi дүниеге келiп, 1 қаңтар күнi пәниден өттi. Көзі тірі болса, талантты қаламгер осы күндері ортамызда 60 жасын атап өтер едi. Ол сан қырлы өнерпаз болатын. Әуелетiп ән салатын, музыкалық аспаптардың кез келгенiнiң құлағында ойнайтын. Сонымен бiрге кез келген адамның дауысын айнытпай салатын ерекше өнері және бар еді. Жiгiттiң сұлтаны, жампозы десе де болғандай. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында қарымды қаламгер, ақберен журналист, өз замандастарының алдыңғы легiнен табылатын азамат екенiн танытып үлгердi. Әсiресе сатира саласында өзiнiң орнын ойып алып, қаламының қытығының қаншалықты қуатты, ал күлкiсiнiң қаншалықты шуақты екенiн аңғартып кеттi. Оны кезiнде «Тамаша» және басқа да ойын-сауық отауларында қойылған уытты әзiл-әжуалары мен баспасөз бетiнде жарияланған әзiл-оспақ әңгiмелерiнен талай байқадық. Тума-таланттың артында мол мұрасы қалды. Өкініштісі сол, көзі тірісінде шығармаларының жинақ болып шыққанын көре алмады. Міне, Басқардың сол шығармалары кеш болса да жарыққа шықты. Оны «Алуа» ЖШС-ның баспасы «Суретінен ғана таниды» деген атпен кітап етіп шығарды. Онда Б.Битановтың әр жылдарда баспасөз беттерінде жарық көрген повестері мен сықақ әңгімелері, сахналық интермедиялары мен сатиралық өлеңдері жарық көрген» дей келе, «Халық кеңесi» газетiнде жүрiп өзiнiң туған жерiнiң байырғы Құлан атауын қайтаруға белсене атсалысқанын жеткізіп, басқа да ел үшін сіңірген еңбектеріне тоқталған екен. Қаламгер «Халық кеңесі» газетінде қызмет істеп жүргенде басылым бетiнде бiрнеше проблемалық мақала жазады. Нәтижесiнде Луговой селосы – Құлан ауылы, Луговой ауданы – Тұрар Рысқұлов ауданы болып өзгередi. Сондай-ақ «Социалистiк Қазақстан» газетiнде жүргенде «Мүйiзтұмсық», «Халық кеңесi» газетiнде «Қандауыр», «Дала дидары» газетiнде «Әптiшу! Жәрекемалла!» деген сатиралық беттер ашып, өзi жүргiзiп отырды. Басқар Битанов қайтыс боларынан 3 ай бұрын өзінің туған ауданында «Тамашаның» бүкіл тарландарын шақырып, шығармашылық кешін өткізген. Сонда жарқырап, жарқылдап, үлкен-кішімен әзілдесіп, айналасын шуаққа шомылдырып жүріпті. Кеш кейін Алматы қаласындағы Республика сарайында жалғасын табады. Бүгінде өзі туып-өскен Көкдөнен ауылында бір көшеге аты берілсе, аудандық Мәдениет үйінің ұжымы Басқар Битанов атындағы театр студиясын ашып, ауыл-ауылдарды аралап, оның шығармаларын халыққа таныстырып отырады. Кейде ұлы адамдардың өз тағдырын болжайтынына қайран қалмай тұра алмайсыз? Кешегі Мұқағали да, бергі Серік Томанов та өз тағдырына болжам жасаған еді. Сатираның саңлағы, дарыны ерек, болмысы бөлек Басқар Битанов да өзінің тағдырын алдын ала болжаған сыңайлы. Өйткені ол өзі қайтыс болардан он күн бұрын былай деп өлең жазған екен. ШЕР Бұл пәнидiң мен де бiр үзiндiсi, Көрiп пе екен о дүние жүзiн кiсi. Бәрiмiз де пендемiз жұмыр басты, Айырмасы бiрі – ұзын, бiрi – кiшi. Я алпыс, я жетпiс жас – өткел едiң, Бұл қалай сол ғұмырға жетпегенiм. Өмiр-ай, сен не деген қатал едiң, Мен де саған сырт берiп өкпеледiм. Жасымнан мұратыма жеткен едiм, Тiл, көзден сақтан шырақ, тек демедiң. Ескертсең менде де ес бар, ұғар едiм, Қидың ғой, қу желкемдi текке менiң. «Арқаң» бар деп айтушы едi аталарым, Бiлмеппiн бұл сөзде де қата барын. «Арқа» берiп алдамшы асылдарға, Сұм ажал өз үйiне апарарын. Қос мәрте мен түс көрдiм түнделетiп, Жел ұшырып әкеттi менi дөңгелетiп. Мал сойып, қазан асып жатыр халық, Ас берiп жатыр ма деп ұшып тұрдым. Көзiмнiң тiрiсiнде өлген етiп, Жаздадым жарық күнде көрге кетiп. Бұрын қаза болғандар жебеп жатыр, Бесiктейiн қорапқа бөлеп жатыр. Бiр аяғым сынған едi – сипап көрем, Япыр-ай, сұп-суық боп бөлек жатыр! Жарқ-жұрқ еткен мен сынды қазағыңа, Керегi жоқ пейiш те, тозағы да. Тiрiсiнде көзiмнiң күлкi еттiң, Қалдырма ендi бабалар мазағына. Жалпақ бастық жалғанды судай кешiп, Қымбат екен онысы – удай несiп. Жатар ма екем бiр кезде тас қараңғы, Төбемде шаш орнына қурай өсiп!... Келте болды өмiрiм, қысқа тондай, Қояр ма екен мүрдеме құс та қонбай. Жатар ма екем шашылып сүйектерiм, Жазда күймей ыстыққа, қыста тоңбай. Дүниеге келмек те бар, өлмек те бар, Құлағыңды сөз таситын жел кеп табар. Бұл дүниеде не боп жатыр, ағайындар, О дүниеге берiңдер жөндеп хабар. Қу жүрек тағат таппай суылдайды, Көзiмде от, қос құлағым шуылдайды. Басыма қонған бақыт, қайтейiн-ай, Қашқақтап, қайта-қайта жуымайды. Түршiгiңдер бәрiң де өлем десiп, Мен жатқан жаққа қарай елеңдесiп. Бұл жаққа аяқ баспа, бауырларым, Жүрмейiк ақыретте сәлемдесiп, – деп өзінің өмір өрнегін салыпты. «Шер» – таланты ұшан-теңіз Басқар Битанов ағамыздың 1993 жылдың 20 желтоқсанында жазған соңғы өлеңі болып қаларын ешкім де білмеп еді...

Айдын НАУАНОВ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар