Қанатбек Мәдібек аймақ ардагерлерімен кездесті
Тараз жасыл-желекті қала. Шаһарымыздың экологиялық ахуалы мен табиғатының жай жапсары әрқашан да тұрғындар тарапынан бақылауда болуы тиіс. Өңіріміз соңғы кездері бұл көрсеткіштер бойынша жақсы нәтижелер көрсетті, ауыл шаруашылығы саласы алдыңғы қатарға ие болды. Дегенмен әрбір саланың өзіне тән мәселесі бар. Осы бағыттағы мәселелерді талқылау мақсатында бүгін облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек облыстық ардагерлер ұйымының мүшелерімен кездесті.
Ардагерлер ұйымының төрағасы Еркімбек Солтыбаев жетекшілік еткен жиында ауыл шаруашылығы мәселелері қаралып, әкім орынбасары өз баяндамасымен таныстырды. Қанатбек Қайшыбекұлының сөзінше, биыл облыс басшылығы ауыл шаруашылығын бұдан әрі дамытуға баса назар аударып отырған көрінеді. Атап айтқанда, облыс аумағындағы су шаруашылығы мәселері мен қызылша өнімін өндіру, мал шаруашылығы бойынша жасалып жатқан қыруар жұмыстар тізбектелді
– Биыл өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту баса назар аударылып отыр. Осы орайда облыс аумағында бірқатар маңызы бар нысандарға жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланып отырғандығын айта кеткен жөн. Жоба аясында өңіріміздегі бірқатар су қоймалары мен каналдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар биыл облысымызда жаңа қант зауытын салу жұмыстары басталады. Бұл осы бағытта аянбай тер төгіп жүрген шаруалар үшін үлкен мүмкіндік. Биыл қант қызылшасын зауыттарға 40 теңгеден өткізетін болсақ, оның 15 теңгесі мемлекет тарапынан субсидияланады. Осы мақсатта облыс бюджетінен 6 миллиард теңге қарастырылған. Бұдан бөлек мал тұқымының сапасын арттыру, шаруашылықтардың өнімін көбейту мақсатында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек өз баяндамасында.
Бұдан кейінгі кезекте облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек еткен қоғам белсенділері өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты. Мәселен, әр жылдары түрлі лауазымды қызметтер атқарған әрі бүгінде «Ақбұлақ» шаруа қожалығының жұмысын басқарып отырған Нілзия Рақышова агросаясатта жергілікті мамандардың тәжірибесіне сүйену керек дейді.
– Өздеріңізге белгілі еліміз былтырғы жылы қант тапшылығына тап болды. Сондықтан да осы келеңсіздің алдын алу мақсатында бізге жүйелі жұмыстар атқару керек. Біздің өңір ауыл шаруашылық өнімдеріне, оның ішінде қант қызылшасын өсіруге аса қолайлы. Сол себепті осы бағытта жасалып жатқан жұмыстарда жергілікті еңбек факторы ескерілсе дейміз. Аймақта бұл сала бойынша аянбай тер төккен майталман мамандар жеткілікті. Бүгінде біразы зейнет жасына жетсе де, ел игілігі үшін өз тәжірибесімен бөлісуге дайын.
Жиында бұдан өзге жердің құнарлығын арттыру, тұқым сапасын арттыру мәселесі бойынша сөз қозғалды. Көпшілікке «Алатау» ансамблінің әншісі ретінде танылған Берік Қалиев бүгінде биогомус шаруашылығымен кәсіби түрде айналасатынын айтып, өз тәжірибесімен бөлісті. Ең алғаш Калифорния шылаушынын 2 шаршы метр аумаққа өсіріп бастаған кәсіпкер, қазіргі таңда бірнеше соттық жерге иелік ететіндігін айтып отыр. Бұдан бөлек, ол шылаушынды табиғи тыңайтқыш ретінде пайдалануға болатынын айтты.
– Бүгінде бұл кәсіп түрі көптеген адамдардың қызығушылығын арттыруда. Себебі, ауыл шаруашылығымен айналысушы әрбір азаматқа өнімнің мол болуы маңызды. Ал Калифорния шылаушыны бұл тұрғыда теңдессіз табиғи тыңайтқыш екендігін айта кеткен жөн. Бүгінде шаруалар көп қолданатын химиялық тыңайтқыштың өнімділігі 40-50 пайызды құраса, биогомустың өнімділігі 97%-ға дейін жетіп отыр. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Сонымен қатар шылаушын шаруашылығы қазіргі таңда мемлекет тарапынан да көп қолдауға ие. Мәселен, ел аумағында 100-ден аса адам осы кәсіппен айналысса, соның 97-сі арнайы сертификатқа қол жеткізген. Бұл дегеніміз осы кәсіп түрі бойынша білім алушыға мемлекет тарапынан стипендиялар бөлінеді деген сөз, – дейді қоғам белсендісі, кәсіпкер Б. Қалиев
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек ардагерлерге алғыс айтып, ұсыныстардың ескерілетінін айтты. Сонымен қатар облыстық ардагерлер ұйымы осы бағытта біршама қаулы қабылдады.
Нұрболат АМАНБЕК
Келесі мақала