БОСТАНДЫҚТАҒЫ БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕ
Барша түркі халқы жыл сайын асыға күтетін Наурыз мерекесі тек ұлттық дастарқанмен ғана емес, ұлттық ойындармен де ерекшеленеді. Жердің тоңы кетіп, көк басы көріне бастаған сәтте халқымыздың дәстүрі жаңғырады. Дүйім халық асыға күтетін мерейлі мереке қарсаңында таластықтар Бостандық ауылында думанды дода ұйымдастырды.
Еңбек ардагерлері Әділ Ысқақұлы мен Нұрсұлу Ауданбекқызын еске алу үшін ұрпақтары дзюдодан 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында және кіші футболдан жастар арасында ашық турнир ұйымдастырды. Жарысқа Жуалы, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандары мен Қаратау қаласы, Тамды, Ойық, Аққұм, Бостандық, С.Шәкіров, Талапты, Ақкөл ауылдарынан командалар қатысып, бақ сынады. Турнирдің бас төрешісі – Болат Әбілдаев.
Ашылу салтанатына Бостандық ауылдық округінің әкімі Мұратхан Рысдәулетов қатысып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Әділхан ағамыз жайында тек жақсы сөздер айтуға болады. Ауылымызға еңбегі сіңген есепші болған. Кезінде ол кісілердің қасында жүріп, ақыл-кеңесін естіп өстік. Міне, бүгін ұл-қыздары, ағайындары әке есімін ұлықтау мақсатында үлкен дода ұйымдастырып жатыр. Ендеше барлық қатысушы жастарымызға сәттілік тілеймін, – деді Мұратхан Рысдәулетов.
Сондай-ақ салтанатты шара барысында Әділ Ысқақовтың інісі Талғат Ысқақов, ұлы Әділхан Мақсұт, құрдасы Ораз Жылымбетов сөз алып, Әділ Ысқақұлы жайлы естеліктерімен бөлісті.
Турнирді ұйымдастыруға Бостандық ауылдық №34 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі үлкен үлес қосқанын айта кету керек. Турнир соңында аталған спорт мектебінің директоры Самат Жасыпбаев жеңімпаздарды марапаттады.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті