ҚАСҚАБҰЛАҚТАҒЫ ҚОС ҚУАНЫШ
Күн санап жаңарған, ынтымағы жарасқан Қасқабұлақ ауылының тұрғындары Наурыз мерекесінде қос бірдей қуаныштың куәсі болды. Мұнда алғаш рет 50 балаға арналған балабақша ашылды.
– Балабақша – бүлдіршін үшін білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы. Әр үйдің еркесі енді осында бой түзеп, білім мен тәрбие алып, ортамен араласуды меңгереді, – деген Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков сәні мен салтанаты жарасқан балабақшаның ашылуына ықпал еткен Айгүл Алкеноваға өзінің алғысын жеткізді.
Осынау жағымды жаңалыққа ортақ болған ауыл тұрғындары Махмед Темиров, Хане Худатаева, Исмайл Усейнов және ауданның Құрметті азаматы Базылхан Тоқтыбаев өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Қасқабұлақ орта мектебінде білім беру барысы қазақ тіліне көшіріле бастағаны белгілі. Соған орай біз осы мектепке дейінгі мекемеде тәрбиенің қай тілде жүргізілетінін сұрағанымызда балабақша меңгерушісі Фариза Құлахметова:
– Әрине, қазақ тілінде. Қос тәрбиеші Безар Алдабергенова мен Злбар Аюпова мектепке дейінгі тәрбие мамандығын қазақша оқыған, қазақ тілін жетік біледі. Сондай- ақ мұнда барлығы 10 адам жұмыспен қамтылып отыр, – деді балабақша меңгерушісі.
Балабақша балғындарға қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Олардың алаңсыз тәлім-тәрбие алуына барлық жағдай қарастырылған.
Бұдан соң «Әбілхан қажы» мешітінің ашылуына жиналған көпшіліктің қарасы қалың болды. Таластың тумаларының демеушілігімен салынған мешіттің ашылу салтанатында Талас ауданының бас имамы Жалғас Жұбатқанов Құран бағыштаса, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, найб-мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, қасиетті орынның имандылық ордасына айналатынына, оның жамағатпен көрікті екеніне назар аударып, сенім білдірді.
Мешітке қасиетті Құран кітабын сыйға тартты.
Келесі кезекте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек Қасқабұлақ ауылының бұған дейін ауданда имандылық ұясы саналатын мешіті жоқ бірден-бір ауыл болғанын, міне, бүгін сол олқылықтың орны толғанын айтып, көпшіліктің қуанышына ортақтасты.
Сондай-ақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Махмед Темиров сәні мен сәулеті келіскен мешіттің соғылуына ықпал еткен барша азаматқа ауыл тұрғындары атынан алғыс сезімін жеткізді.
Жалпы салтанатты шараға Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, ауданның Құрметті азаматтары мен еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындары, жан-жақтан келген қонақтар көптеп жиналды.
Ауыл тұрғындары осы мешіттің соғылуына ықпал еткен Алпамыс Бақытұлына ат мінгізіп, өз ризашылықтарын білдірді. Мешіттің лентасы қиылып, шашу шашылды, сәлем намазы оқылды.
Жиналған жамағатқа ауызашар берілді.
Дүйсен МОЛДАҚЫНОВ, журналист
Келесі мақала