ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ІСІН ЖҮЙЕЛЕУ КЕРЕК
Кеше облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласының өзекті мәселелері, «Асар», «Мейірім», «Жомарт түлек» жобаларының іске асырылу барысы қаралды.
Жиынды ашқан аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов 2021 және осы жылдары жұмыспен қамту саласында атқарылған жұмыстарға облыс прокуратурасы тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, көптеген кемшіліктер анықталғанын айтты. Ал облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің айтуынша, анықталған кемшіліктер кәсіптік оқытудан кейін жұмысқа орналастыру, кейбір мекемелерді ақылы қоғамдық жұмыстарға заңсыз қатыстыру, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жастардың басқа мамандықтар бойынша жұмысқа орналасуы, қайтарымсыз грант беру жұмыстарына қатысты екен. Сонымен қатар облыстық прокуратураның ұсынымында жергілікті атқарушы органдардағы ресми тіркелген жұмыссыздар мен статистикалық деректердегі жұмыссыздар санының сәйкес келмейтіні айтылыпты.
Осы орайда Нұржан Молдиярұлы басқарма басшысынан статистикалық деректердің не себепті сәйкес келмейтінін сұрады.
– Статистикалық көрсеткіштерге қарап біздің жұмысымызға баға беріп отыр ғой. Неге ретке келтірмейміз? Жұмыссыздардың санын статистика департаменті басқаша, басқарма мүлдем басқаша көрсетеді. Кімнің мәліметі дұрыс? Нұржан Сәбитұлы, бұлай болмайды. Мәселені түбегейлі шешу керек, – деді аймақ басшысы.
Осы орайда Еркін Егембердіұлы статистика департаменті мен басқарманың мәліметтері ешқашан сәйкес келмейтінін ашық айтты.
– Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген қағидаға сәйкес жұмысы және табысы жоқ, лайықты жұмыс іздеп жүрген адам жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін өтініш жасаған кезде жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеледі.
Яғни халықты жұмыспен қамту орталықтары қайырылған жұмыссыз азаматтардың деректер базасын тексеріп, міндетті зейнетақы жарналарының аударылуын және салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы мәліметтерді жан-жақты тексеріп барып қорытынды мәліметтер негізінде ресми жұмыссыздар санын анықтап отырады.
Ал статистика органдары жұмыссыздардың санын нақтылау кезінде өздері белгілеген респонденттер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін ғана басшылыққа алады. Оның үстіне олардың респонденттері туралы мәліметтер қызметтік құпияға жатады. Стастистика департаменті респонденттері ішіндегі жұмыссыздарды анықтап, оларды жұмыспен қамтуға ықпал ету мақсатында олардың тізімін сұрату хатымызға ол мәліметтер қызметтік құпияға жататындықтан жауап ала алмадық.
Сондықтан бұл екі дереккөздің мәліметтері ешқашан сәйкес келмейді. Мәселен, статистика департаментінің мәліметіне сәйкес өткен жылдың төртінші тоқсанында облыс бойынша жұмыссыздардың саны 28 039 адамды құраса, Тараз қалалық және барлық аудандық халықты жұмыспен қамту орталықтарында ресми тіркелген жұмыссыздардың саны 18 471 адамды құрады, – деді Еркін Егембердіұлы.
Ал облыстық статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиев қазіргі таңда басқармамен бірлесе жоспар бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын мәлім етті.
Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров аталған мәселе тек бізде ғана емес, республика көлемінде өзекті екендігін жеткізді.
Жағдайға қаныққан Нұржан Молдиярұлы өткен жылы облысымызда тіркелген әрбір екінші қылмысты жұмыссыз жүргендер жасағанын, сондықтан мәселеге немқұрайды қарауға болмайтынын айтып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.
Прокуратура жүргізген тексеру барысында анықталған кемшіліктің бірі – қысқамерзімді оқыту курстарынан кейін жұмысқа толық орналастырмау мәселесі. Өткен жылы облысымызда қысқамерзімді оқуды аяқтаған 1 254 тұрғынның 913-і немесе 72,8 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. 341 азамат жұмысқа орналаспаған. Дегенмен басқарма басшысы өткен жылдың соңында жұмысқа орналаспай қалған 341 азамат осы жылдың басында толығымен жұмыспен қамтылғанын баяндады.
– Облыстық прокуратураның ұсынымында көрсетілгендей, Тараз қаласында қысқамерзімді оқытудан кейін 13 мекемеге жұмысқа орналасқан 176 азаматтың жұмысқа орналасу дерегі жалған. Себебі ұсынымда 13 мекеменің қызметін тоқтатқаны көрсетілген. Алайда Тараз қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметі бойынша, аталған мекемелердің жұмыссыз азаматтарды жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарының көшірмелері бар.
Айта кететін бір жағдай, біз өз құзыретіміз шегінде тиісті органдарға сұрау салу арқылы да жұмысқа орналасқандар дерегін нақтылап, зерделеп отырамыз. Мысалы, өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан жұмысқа орналасқан 601 адамның тізімі жергілікті мемлекеттік кірістер басқармаларына жолданып, тексерілген болатын. Нәтижесінде жұмысқа орналасу дерегі нақтылауды қажет ететін 500 адамның ішінде 227 адам жұмыс берушінің салық есебінде тіркелгені, ал 164 адамның жұмыс берушінің салық есебінде тіркелмегені және 109 адамның басқа өңірлерде тіркелгені анықталды. Соған сәйкес бұл мәліметтер алдағы уақыттарда атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда ескеріледі, – деді Еркін Келесов.
Нақты мысал келтірер болсақ, Тараз қаласындағы «Заңғар» жеке кәсіпкерлігі 2021 жылы 21 қарашада жұмысын тоқтатқан. Ал Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығының мәліметінде 50 жұмыссыз адамның «Заңғар» жеке кәсіпкерлігінде жұмыспен қамтылғаны көрсетілген. Бұл жағдайдан мүлдем хабарсыз болса керек, аталған мәселе бойынша облыс әкімінің сауалына Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков ләм-мим деп тіл қата алмады.
– Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері статистикалық көрсеткіштерін көтеру мақсатында жұмыссыздарды жалған жұмысқа орналастырып отыр. Кімді алдап жүрсіздер?! Мониторинг жүргізбейсіздер. Өңірлеріңіздегі ахуалды білмейсіздер. Ал есептеріңізді тыңдасақ, бәрі керемет.
Сондықтан Тараз қаласы мен аудан әкімдері арнайы комиссия құрып, жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізіңіздер. Түрлі сылтауды айтып, ақталмай-ақ қойыңыздар. Егер шынымен-ақ олқылық болмаса ұсынымға түспеуі керек еді ғой, – деді Н.Нұржігітов.
Облыстық прокуратураның ұсынымындағы келесі мәселе – «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысты. Прокуратура ұсынымында бағдарламаға барлығы 200-ден аса жас маман өз мамандықтарының орнына басқа мамандықтар бойынша әртүрлі ұйымдарға жұмысқа жолданғаны айтылған. Мұндай деректер Тараз қаласы, Шу, Байзақ, Сарысу, Мойынқұм, Меркі, Жуалы аудандарында орын алған. Жалпы 2021-2022 жылдары «Жастар тәжірибесіне» барлығы 3 947 адам жолданған. Ал мамандығы сәйкес келмей жолданғандар үлесі 5 пайызды құрайды.
Сонымен қатар прокуратура ұсынымында Тараз қаласында мемлекеттік гранттар беру бойынша бірқатар кемшіліктер аталған. Атап өтер болсақ, 2021 жылы грант алғандардың ішінен жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендердің аздығы, грант алғаннан кейін салық органдарынан есептен шығып кетуі, растайтын құжаттар ұсыну кезінде жалған мәліметтерді ұсыну, сатып алуды растайтын құжаттардың болмауы, ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына тіркемеу сынды олқылықтар орын алған.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, облыстық прокуратураның ұсынымының толық қаралу мерзімі 15 сәуірде аяқталады. Қазірге дейін халықты жұмыспен қамту орталықтарының 20 қызметкеріне тәртіптік шаралар қолданылған. Сонымен қатар Шу, Мойынқұм және Талас аудандарына аудандық прокуратура тарапынан ұсыныстар әлі берілмегендіктен алда бірқатар жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады екен.
– Жыл сайын қанша қаржы бөлініп жатса да жұмыссыздардың саны азаймай отыр. Бақылау дұрыс жүргізілмейді. Кемшіліктерді жасырмай, мәселелерді шешу бойынша жұмыс істеу керек.
Былтыр гранттар бойынша көптеген шағымдар түскен. Биыл оған жол берілмеуі қажет. Мемлекеттік қызметкерлердің комиссиялардың төрағасы болуына жол берілмеуі маңызды. Тек ережеге сәйкес жұмыстарды үйлестіріп беріңіздер. Осы орайда басқарма тарапынан жұмысты жүйелеудің арнайы әдіс-тәсілдері әзірленуі тиіс.
Бұл тұрғыда барлық заңнама және ереже талаптары сақталуы керек. Қала, аудан әкімдері басқармамен бірлесе отырып, қаржының мақсатты әрі тиімді игерілуін қатаң бақылауда ұстауы қажет, – деген Нұржан Нұржігітов кемшілікке жол бергендерге тәртіптік жаза қолдануды тапсырды.
Сондай-ақ кеңесте «Асар», «Мейірім», «Жомарт түлек» жобаларының іске асырылу барысы қаралып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар сараланды.
Талғат НҰРХАНОВ