Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АСЫЛ АДАМ АЙНЫМАС

АСЫЛ АДАМ АЙНЫМАС
ашық дереккөз
АСЫЛ АДАМ АЙНЫМАС
Ахмет қартың терең еді ойға тым.
Сұңғыла еді алысыңды болжайтын.
«Іңгәлаған» алпамсадай ұлына,
Ырым етіп Пайғамбардың қойды атын.
Бабасы да қызыл тілдің шешені,
Қаз таңдайлы Бөлтірік-ті кешегі.
Нағашысы Жетісуды билеген,
Ел сыйлаған есті ер ед(і) деседі.
Өсер тартып адам біткен негізге,
Бұлақтармен толығады теңіз де.
Ерте есейіп, даналығы сезіліп,
Ақыл тісі шыққан екен сегізде.
Өр мінезі тартты Алатауына,
Ер пейілі ұқсады ақ жауынға.
Даналығы даласынан айнымай,
Жамандықты қимай өсті жауына.
Көрінгенге созатұғын өңешті,
Көрсеқызар, мақтаншақтан емес-ті.
Көріп өсті қазағының бар мұңын,
Сүйіп өтті өз дәуірін – Кеңесті.
Берді соған жалындаған жастығын,
Білдірмеді бөрілігін, аштығын.
Қырылғанда қалың елі қазағы,
Қан жылады, көкірегін басты мұң.
Тура айтпады, айтуға да батпады,
Айтса бітті... Сталиннің атқаны.
Сақтау үшін туған халқын түбінде,
Сабырын ол сары алтындай сақтады.
Мәскеу оған сыйлаған соң жарты тақ,
Көрсетпеді тағы мінез арқырап.
Ақылымен, айналасын биледі,
Көзге түсіп қалмайын деп жарқырап.
Хрушев та оңай жаңғақ емес-ті.
Қаламайтын артық ауыс-егесті.
Ақыл-ойы бұлыңғыр ед(і) көмескі,
Көп сөйлейтін созып-созып өңешті.
Мақтаншақ-тын, патшаңызға, ол – айып,
Дейтін ылғи бір мемлекет болайық,
Маңғыстауды берем деді Түркіменге,
Хрушевке көнбей қойды Қонаев.
Жымысқылап салды іштен лаңды,
Юсуповтан «ұсынысты» сұранды.
Үш ауданды өзбекке бергізіп,
Қонаевты орнынан бір алды!
Қиянатты көрді қазақ нешеме,
Ақымақтан ардың оты өше ме?
Айтақтаумен неміс, ұйғыр үй сұрап,
Ұрандаған кез де өтті көшеде.
Сүйенгенмен тілімен қу жағына,
Тарих көші бермейді екен бағына.
Хрушевтен халық зорға құтылып,
Қонаевым келді қайтып тағына.
Көкірекке жанды сонда қайта үміт,
Елі ес жиып, егіні өсті жайқалып.
Брежнев түсінген соң намысты,
Өзбектен жерді алды қайтарып.
..Жақсы адамға қашанда да сыйлас көп,
Жаманшылық жасамайтын қиғаш кеп,
Адалдығын ардақтаған Леонид,
Атамызды атайтұғын «Димаш» деп.
Қазақ жұрты атанған-ды күй мекен,
Бірлікті елге қашандағы сый бөтен.
Руыңа, ұлысына бөлмеді ол,
Білмеген соң, ортақ ұл ед(і) Димекең!
Қыздырмаға ілеспеген қызынған,
Қашық жүрген өсек-аяң ызыңнан.
Қонаевтың даналығын көре алмай,
Горбачев кеп қудалады, бұзылған.
Болғаннан соң өз халқының қорғаны,
Халық деген қасиетті орманы.
Желтоқсанда шыңға біткен жас өскін,
Ұлт намысын Қонаев боп қорғады...
Ойыны осылай Мәскеуіңнің осылды,
«Ұлтшыл екен» деп Горбачев шошынды.
Иесіне бұлғаңдатқан құйрығын,
Кейбір иттер айтаққа да қосылды.
Момын болса әрі илей бермекші,
Бес облысты Ресейден көрмекші.
Арам пиғыл Кремльдің жөйттері,
Әу бастан-ақ ұлтқа құрған өрмекші.
Қонаевтың даналығы байқалды,
Империяның керегесі шайқалды.
Өзі өсірген ұландары өрлікпен,
Тәуелсізбіз! Қазақпыз! – деп айта алды.
Туды сөйтіп аспанында тосын ай,
Тарлан тарих қаперге алды шошымай.
Туған елдің тілеуқоры Димекең,
«Өтті дәурен» деді сонда осылай.
Дүниеге қызықпаған нар жаны,
Сүйді ұлтын, пенделікке бармады.
Нарығынан налып жүрген жұртының,
Қабағының ашылуын көру еді арманы.
«Пайғамбарсың!» десе дағы жас-кәрі,
«Олай деме» деп назымен жасқады.
«Туған елден асқан дана ешкім жоқ,
Туған жерің – ұлылықтың асқары!»
Марапаттау емес шығар ол – айып,
Деді тағы: «Елден кіші болайық».
 «Ұлық болсаң кішік болғын» деп кеткен,
Ұлы екен ғой – Дінмұхамед Қонаев!
«Асылық етпе, айтпа өтірік, ол – айып»,
деді тағы: «Іргелі ел болайық»,
«Тәуелсіздік емес байға бас шұлғу» -
деп айтқан ер екен жалғыз – Қонаев!
Ұрандасам емес шығар ол – айып,
Жақсы адамды көре алмасаң – сол айып.
Туы болам десең  асыл ұлтыңның,
Болу керек бәрімізге – Қонаев!

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, Талас ауданының құрметті азаматы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар