Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МАЛ ТӨЛДЕТУ НАУҚАНЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

МАЛ ТӨЛДЕТУ НАУҚАНЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ
ашық дереккөз
МАЛ ТӨЛДЕТУ НАУҚАНЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ
Мойынқұм өңіріне бару көптен бері ойымызда жүрген. Соның сәті сенбі күні түсіп, аудан әкімінің орынбасары Жомарт Телеуов, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Лаурат Аманов, аудан әкімінің кеңесшісі, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Аманалы Құрбанов, аудандық ветеринариялық стансаның басшысы Төрехан Қойлыбаев, «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмахановтармен бірге құмды өңірдегі шопандардың жай-күйін көруге барғанбыз. Мойынқұм өңірінде 100-ге жуық шаруалар мал бағымымен айналысады. Құмды өңірге ене бергендегі жиекке тоқтамай өту маңғаз даланың заңдылығына қайшы келетіндей. Аудан атқамінерлері осы тұсқа аялдап, ұшы-қиыры жанарға сыймайтын алып өңірге осылай амандасса керек. Оның үстіне құмды өңірді бетке алған әрбір жолаушы үшін бұл үрдіс сақталып қалған. Дархан даладағы өңір шаруалары туралы сөз жұптаған Лаурат Темірғалиұлы: – Мойынқұм, Көделі, Шәйхана (Қоңыртөбе), Қаратау-Күйік, Ақшолақ-Жасөркен, Үлкен Бурылдағы 255 базда аудан шаруаларының малы қыстап шықты. Мұнда мүйізді ірі қара 3 261 бас, 54 976 қой-ешкі, 3 653 бас жылқы өңір шаруаларына тиесілі, – деді. Әңгімеге қосылған Аманалы Омарұлы: «Шөптің бітік өскенін аңғару қиын емес. Биылғы жыл жайлы болады. Алдымызда 250 шақырым жол бар. Күн ысымай жетіп алғанымыз жөн», – деді өңірді бес саусағындай білетін ардагер. Құмды өңір елдің байтақ жерінен сыр шертетіндей. Күн сәскеге жеткенге дейін белгіленген орынға жетіп алмасаң, құм қопсып, темір тұлпарды тізгіндегендерге қиындық соқтырады. Әр төбе табиғаттың шеберлігін көрсеткендей. Көзге көрінген ат үстіндегі шопанға қарай бет алдық. Біз аялдаған Гайсийн фазендасында бір отар қой жайылымға ене кеткен. Төлдері топталып арлы-берлі ойнақтап, балалық танытып жүр. Аға шопан Самат Гайсийннің айтуынша, 900 уақ мал қыстан қоңды шыққан. Бүгінде 800 бас төлдесе, сырғалау жұмыстары аяқталуға жақын қалған. Жайылымында 1 200 гектар алқабы бар шопан көктің жақсы көтерілгенін тілге тиек етті. Аудан әкімінің орынбасары уақ малдың қыстан қоңды шыққанына көз жеткізіп: – Ерте көктемде жауған қар мен түскен ылғалдың нәтижесі көрініп-ақ тұр. Көк 15 сантиметр көтерілген. Құм өңірін пана еткен отар-отар қойдың бір орыннан тапжылмауынан Жер-Ананың ризығы мол екенін аңғару қиын емес, – деді Жомарт Тешебайұлы. Мұнан соң атқамінерлер «Пионер» өндірістік кооперативінің қонысына таяды. 1 800 бас малдың бүгінде 70 пайызы төлдеп үлгерген. Жайылымнан тапшылық жоқ екенін айтқан кооперативтің зоотехнигі Бақытжан Сейдахмет: – Бағымымыздағы 5 шопан өз бөлінісіндегі малдарды бөлек жаяды. Шөптің бітік өскенінде көрген боларсыз. Осыдан үш күн бұрын мұндай емес еді. Ылғалдың түсуі құм өңірін жасыл желекке орады. Жаңа төлдеген қозы-лақты күтімге алып, сырғалау жұмыстарын жүргізудеміз. Жауын-шашын басылса, Көделіге қоныс аударамыз, – деді. Аудан әкімінің орынбасары Жомарт Телеуов бастаған топ әр шопанның жайылымына бас сұғып, тілдесіп, шаруа жайынан хабар алды. Айта кету керек, құмдағы өрттің алдын алу үшін 5 орман сақшысы үздіксіз қызмет етеді. Олардың астында темір тұлпар, қолында байланыс құрылғысы бар. Мойынқұм өңірінің аға сақшысы Асылхан Абдраймов айтуынша, қырағылықтың нәтижесінде 16 жылдан бірі бірде-бір өрт оқиғасы тіркелмеген.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ, Аса-Мойынқұм-Аса

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар