ЕЛ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ
19 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Жаңадан жасақталатын депутаттар корпусынан халық үлкен үміт күтіп отыр. Сондықтан да сайлаушылар зор сенім артып, лайық деп санаған кандидаттарға дауыс берді.
Облыс әкімі өз таңдауын жасады
Жалпы 19 наурызда облысымызда 499 сайлау учаскесі сайлау заңнамасында бекітілген тәртіп бойынша таңғы сағат 07.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істеді. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те ҚР Парламенті Мәжілісімен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында өз таңдауын алғашқылардың бірі болып жасады. Аймақ басшысы Тараз қаласының «Астана» ықшамауданындағы №53 мектеп-гимназияда орналасқан №50 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Аталған учаскеде 2 809 сайлаушы тіркелген. Облыс әкімі 19 наурыз еліміз үшін маңызды күн екенін атап өтіп, өңір тұрғындарын өздерінің Конституциялық құқығын пайдалана отырып, дауыс беруге шақырды.Сайлаушылар үшін мереке ұйымдастырылды
Айрықша маңызға ие саяси науқанға ел азаматтары бір кісідей атсалысқаны, тарихи шарадан шет қалмағаны дұрыс. Осынау саяси маңызы жоғары істе көпшіліктің тиісті сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасауы жұртшылықтың мемлекетіміздің болашағына бейжай қарамайтынын білдіретіні айтпаса да түсінікті. Себебі азаматтардың дауыс беруде белсенділік танытуы – сайлаудың әділ өтуіне басты кепіл болады. Өйткені бұл мемлекеттік жүйенің жаңғыруына, елдің дамуына, келешегіміздің кемел болуына ықпал етеді. Десе де кейбір сайлау учаскесінде дауыс берушілердің белсенділігі айтарлықтай дәрежеде болмаған. Мәселен Тараз қаласының «Қаратау» ықшамауданында орналасқан №70 сайлау учаскесінде 2810 адам дауыс беруі керек болса, күндізгі сағат 15.00-ге дейін 500-ден астам сайлаушы ғана өз таңдауын жасаған. №70 сайлау учаскесінің комиссия төрайымы Гүлбахира Бердімбетова кешкі сағат 20.00-ге дейін барлығы 720 адам дауыс бергенін айтады. – Сол күні еріктілер үй-үйді аралап, елді сайлауға шақыру жұмыстарын үздіксіз жүргізді. Базарда немесе басқа да шаруамен түске дейін дауыс беруге мүмкіндігі болмағандар сағат кешкі 20.00-ге дейін келіп дауыс беріп жатты. Дегенмен сайлауда белсенділік танытқандар – егде жастағылар. 85 жастағы қарияларға дейін таңертең келіп, өздері таңдаған партияға, кандидатқа дауыстарын беріп кетті. Сайлаушылардың ішінде үйден дауыс беретін екі адам болса, екеуі де өз даусын берді. Тағы екі азамат өмірінде алғаш мәрте дауыс берсе, оның біреуінің бүгін туған күні екен. Жалпы туған күні осы сайлаумен қатар келген 4 азаматқа сый-құрмет көрсетілді, – деді Гүлбахира Камалқызы. Аталған сайлау учаскесінде «AMANAT», «Ақ жол», «Respiblica» партиясының және «Жастар үні», «Жастар зерттеу», «Дауыс» қоғамдық байқаушылар, «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестіктерінен бір-бір адам бақылаушы ретінде қатысқан. Заңбұзушылық орын алмаған. Осы сайлау учаскесіне тіркелген сайлаушының бірі – Қуат Әбішев. Ол қызметте көрсеткен ерлігі үшін түрлі марапаттар мен төсбелгіге ие болған азамат. Ол да жексенбі күні сайлау учаскесіне ертерек келіп, өз таңдауын жасапты. Айта кету керек, №70 сайлау учаскесінде оқушылардың шығармашылық қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Осы сайлау учаскесінде түске дейін Наурыз мерекесі ұйымдастырылып, «Наурыз көже» ұлттық тағамдар фестивалі өтті. Дауыс беруге келушілер оқушылардың шығармашылық концертін тамашалады. Ұлттық тағамдардан шағын дастарқан жайылды. Дойбы, арқан тартыс, қол күрес, асық ату секілді бұқаралық спорт және ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтіп, жеңімпаздар марапатталды. Қазақстанның әрбір азаматы еліміз үшін тағдыр шешті тарихи сәтте саяси белсенділік танытуда қалыс қалмауы керек. Себебі әр азаматтың ҚР Парламенті Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттығынан үміткерлерге дауыс беруі кемел келешегіміз бен жарқын болашағымызды айқындайды. Осындай ұстаныммен Жамбыл ауданы Айша бибі ауылының тұрғыны, атақты көкпаршы Нұрдәулет Момынов та өзінің саяси таңдауын жасаған. Ол Айша бибі ауылында орналасқан №159 сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып, сайлау учаскесіне ертерек келіп, дауыс берді. – Бұл сайлаудың маңызы айрықша. Аймағымыздың әр өңірінен кілең мықтылар додаға түсті. Барлығының мақсаты айқын. Мен осынау тарихи сәтте өз таңдауымды жасадым. Сайлауға қатысып, өз таңдауын жасау, дауыс беру әрбір азаматтың парызы деп білемін. Мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтып, өсіп-өркендету қандай маңызды болса, осы ұлы міндеттерді іске асыратын азаматтарды таңдап дауыс беру де үлкен міндет. Әлбетте олар ұлттық өнерге көңіл бөлуді ұмытпаса екен деймін. Атадан балаға мирас болып келе жатқан қасиетті өнерімізде ұлттың үні бар. Ал оның жаңғыруы – біздің болмысымыздың айғағы. Еліміз дами берсін, ел-жұртымыздың ауызбіршілігі мығым болсын, – дейді Н.Момынов. Көкпардан ел біріншілігінде сан мәрте топ жарған, бір емес, он екі мәрте чемпион атанған «Әулие-Ата» кәсіпқой клубының жетекшісі Нұрдәулет Момынов сол күні өзінің ғана емес, елдің болашағына және өзінің өсіріп отырған ұл-қыздарының жарқын өміріне таңдау жасағанын тілге тиек етті.Дауыс беруге ұлттық киіммен келді
Тараз қаласы Төле би атындағы №8 мектеп-гимназиясында орналасқан №28 сайлау учаскесінде 2256 адам тіркелген. Таңғы сағат 7.00-де есігін айқара ашқан сайлау учаскесінде сағат 14.00-ге дейін мыңнан аса сайлаушы дауыс беріп, өз таңдауын жасады. Олардың қатарында қала тұрғыны Берік Төлеушов те бар. Ол маңызды шараға отбасымен бірге ұлттық киім киіп барды. – Бұл – қазақ халқы үшін тарихи күн. Біз дұрыс таңдау жасау арқылы болашаққа қадам жасаймыз. Мен жолдасым Гүлзағипа Мақашева екеуміз ұлымызбен бірге келдік. Қазақта «Текті атаның баласы елінің қамын жейді. Тексіз ұрпақ елінің байлығын, ар-ұятын, намысын, нанын жейді» деген сөз бар. Сол айтпақшы ұрпағымыз ел қамын жейтін текті ұрпақ болып өссін деген ниетпен саяси шараға ұлымды әдейі ертіп келдім, – деді Б.Төлеушов.Маңғыстаулық құдалар
ҚР Парламенті Мәжілісі және жергілікті мәслихаттардың депутаттарын сайлауда облыста сан түрлі ерекшеліктер көрініс тапты. Мәселен Сарысу ауданы Жаңатас қаласына Маңғыстау облысынан құдалыққа келген 40 құда өз таңдауын жасады. Қонақ болып келген құдалар қыз бергеннің назымен қатар науқанды да маңыздылыққа балайды. Жалпы мұндай саяси науқанда бұған дейін ғасыр жасаған қария, даңқты спортшы, егіздер, жаңадан отау құрған жұп секілді ерекше оқиғалар орын алса, жамбылдықтар үшін бұл елең етерлік жаңалық болды. Маңғыстаулық қыздың туған-туыстары өз таңдауларын Жаңатастағы №363 сайлау учаскесінде жасады. Құдалардың бірі – Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тұрғыны. – Осы саяси науқаннан еліміздің дамуын, ілгерілеуін күтемін. Өзімнің тұрғылықты жерімде де әрбір сайлауда дауыс беруден қалыс қалған емеспін. Екі жастың бақыт тойы сайлау күніне түскендіктен Сарысу жерінде дауыс беруге бел будық, – дейді Берік есімді жаңаөзендік құда. Жалпы мұндағы сайлау учаскесінде сырттан келген қонақтарды қосқанда 2784 дауыс беруші тіркеліпті. Олардың ішінде саяси іс-шараға белсене атсалысқан ең жас және ең қарт сайлаушыларға сый-сияпат жасалды.Бет қатталып жатқанда...
Кеше кешкісін Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының алдын ала нәтижесін жариялады. Комиссияның алдын ала дерегінше, Мәжіліс сайлауына қатысқан партиялар ішінен «AMANAT» партиясы сайлаушылардың басым дауысына ие болды. Яғни дауыс бергендердің 53,90 пайызы немесе 3 431 510 адам «AMANAT»-қа дауыс берген. Одан кейінгі қорытындылар төмендегідей тіркелді. «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 10,90 пайыз немесе 693 938 адам; «Respublica» партиясы – 8,59 пайыз немесе 547 154 адам; «Қазақстан халық партиясы» – 6,80 пайыз немесе 432 920 адам; «Байтақ» жасылдар партиясы – 2,30 пайыз немесе 146 431 адам; «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 8,41 пайыз немесе 535 139 адам; Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 5,20 пайыз немесе 331 058 адам; «Бәріне қарсымын» бағаны – 3,90 пайыз немесе 248 291 адам дауыс берді. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, елімізде өткен сайлауда 6 366 441 адам өз таңдауын жасаған. Сондай-ақ Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау барысында сайлау заңын бұзған 17 учаскелік комиссия мүшесіне айыппұл салынған. Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді. «Оларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 110-бабы бойынша айыппұл салынды. Олардың барлығы жауапқа тартылды», деді Н.Әбдіров. Ал біздің облыстан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып Гүлдара Нұрымова мен Мұқаш Ескендіров сайланды.Дайындаған Н.БОЛАТҰЛЫ
Келесі мақала