Дүбірлі думан дүйім жұртқа ұнайды
Жер-Ана бусанып, тіршілік атаулы қайта түлейтін көктем мезгілін жаны сүймейтін пенде кем де кем. Табиғаттың ұйқысынан оянуы, жылдың алғашқы төлі, батыстан тұратын «Алтын күрек» атты алғашқы жел, алғашқы су саналатын – қарғын, алғашқы құс – наурызек, алғашқы гүл – бәйшешек, наурызгүл секілді құбылыстар нақ осы наурыз айында көрініс табады. Күн мен түн теңескеннен кейінгі келетін күнге қазақ «Ұзынсары» деп атау берсе, ал теңесетін күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп атап, сол күнді әлемнің бірнеше мемлекетімен қатар, қазақ елі де ежелден бері тойлап келеді.
Бала күнімізде-ақ кимешегі мен оюлы қамзолы күнге шағылысқан әжелер немерелерін қасына ертіп, зерлі шапан киген қариялар қауқылдасып Наурыз тойын мерекелеуге көшені бойлай кетіп бара жататын. Ол кезде ауыл ортасындағы көк шалғынды алаңқайға ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, олардың маңында бірнеше жерден қазан асылатын. Ет, бауырсақ, наурыз көже, майсөк, ірімшік, құрт секілді тағы да басқа тәтті тағамдардың түтін аралас иісі танауды қытықтайтын. Қыздың толарсағына дейін шұбатыла түскен бұрымындағы шашпаудың сылдыр қаққан шолпысы мен сыңғыр қаққан күлкісі еріксіз назар аудартатын. Қай киіз үйдің маңынан өтіп бара жатсаң да тостаған толы наурыз көже ұсынатын кимешекті әжелер, бас мүжіп, бата беріп жатқан қариялар даналықтың үлгісіндей еді. Арғымақтың ауыздығымен алысып, аударыспаққа шыққан алпамсалар мен шабан атқа мінген жігітті қамшымен өлердей сабаған қылықты қыз, бір палуанды бір палуан алып ұрып, кілем арқалап кетіп бара жатқан сәт әлі көз алдымызда. Жасы үлкендер жетекке ерген баладан жүгірген жеткіншекке дейін күрестіріп, сыйлық үлестіріп жататын. Кір тасын көтеру, «қатын күрес», асық ату, көкпар шауып, бәйгеге ат қосу бәрі-бәрі Наурыздың нақышы еді. Бұл үрдістің үзігі ауылдық жерде әлі үзілген жоқ. Ал қалалық жерде ше? Қалалықтар кейінгі кезде Наурыз тойының, Наурыз нақышының мәні біртіндеп жоғалып бара жатқанын айтып мәселе көтеруде. Осы мақаланың жазылуына да тараздық бір тұрғынның қолқасы себеп болды.
– Бүкілхалықтық мерекеміздің маңызын айшықтайтын ұлттық құндылықтарымызды бүгінде қолдан ұмыттырып жатқандаймыз. Ата салттан аттамауды парыз санаған қазақ халқының бүгінгі ұрпақтары Наурыз мерекесіне науқан ретінде қарайтындай дәрежеге жеттік. Соңғы кезде Тараз қаласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар пісірілгені болмаса бұл мерекенің қатардағы іс-шаралардан айырмашылығы болмай барады. Тіпті пейіліміз де тарыла түскендей. Себебі тігілген киіз үйлерден сол киіз үйді тіккен мекеменің қызметкерлері мен таныстарынан, басшы-қосшыдан басқа адам дәм тата алмайды. Кейбірі «Алдымен комиссия келіп кетсін, содан кейін...» деп алдарқатса, тағы бірі киіз үй есігінен сығалағандарды ала көзбен атып, мүлде жолатпайды. Ол жерге аш адам не тоқ адам барса да «дәмнен ауыз тиіңіз» деп ишара жасау салтымыз еді. Мұндайды ата-бабаларымыз «Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн», «Жақсы тамақ қалғанша, жаман қарын жарылсын» деп наурыз көжені қайманаға дейін таратқан. Мұны сөз етіп отырған себебім, «Биыл Тараз қаласында өтетін Наурыз мерекесінде киіз үй тігілгенімен, дастарқан жасалмайтын болыпты. Ұлық күнді мерекелеушілер керегін сатып алады екен» деген қауесет естідік. Осы қаншалықты рас, Наурыздың нақышының бірі ұлттық тағам, ұлттық дастарқан емес пе? Бұл сонда пейіліміздің тарылғаны ма? – дейді Тараз қаласының тұрғыны Назгүл Думанқызы.
Осыдан кейін біз Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаеваға хабарласып, мәселенің анық-қанығын білуге тырыстық. Ол Ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шара Тараз қаласында «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени орталығы мен ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта өтетінін айтты. Онда киіз үйлер тігілетіні, бірақ ішінде дастарқан жайылмайтыны, есесіне ашық аспан астында шатырлар орнатылып, кәсіпкер сатушылар қолжетімді бағада кәуап, лағман, самса секілді тағамдары мен басқа да тәтті немесе сусындарын саудалайтыны рас болып шықты.
– «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени орталығында ұйымдастырылатын мерекелік іс-шараны тарқата айтсақ, ол «Қош келдің, әз Наурыз!» атты мәдени-көпшілік іс-шара. Онда қазақ ертегілерінің кейіпкерлерінен фотоаймақ, балалар қолөнерлерінің көрмесі, робототехникадан көрме, спорттық ойындар ұйымдастырылады. Жеті бірдей киіз үй тігіліп, киіз үйлер қалашығында қазақтың ұлттық тағамдары мен киімдерінен, салт-дәстүрлерінен көрмелер орналастырылады. Ол киіз үйлерді облыс әкімдігінің білім, денсаулық сынды басқармалары тігеді. Бір киіз үйде қазақтың ұлттық тағамы, ал енді бірінде зергерлік бұйымдар, тағы бірінде ұлтық киімдер көрмеге қойылады. Осы ретте тұрғындар киіз үйлерге кіріп көрмені тамашалауына орай дастарқан жайылмайды. Өйткені осыған дейін қоғамда «Наурыз мерекесінде тігілген киіз үйлерде дастарқаннан тек қана игі жақсылар дәм татып, қара халық шет қалады» деген сарында сын айтылып жүрген. Сол себепті ешкімнің көңілі қалмас үшін биыл киіз үйлерде дастарқан жайылмайтын болды. Есесіне ашық аспан астындағы шатырларда сауда-саттық жасайтын кәсіпкерлер наурыз көже мен бауырсақты көпшілікке тегін тарататын болды. Қалған ас-суды мерекелеуші халық өз қаржысына сатып алады.
Сол секілді ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта да «Армысың, әз Наурыз!» атты мәдени-көпшілік іс-шара, спорттық ойындар, киіз үйлер қалашығында қолөнершілер көрмесі, концерттік бағдарлама, сауда-саттық ұйымдастырылады. Мұнда да наурыз көже мен бауырсақ тегін таратылатын болады.
Сонымен қатар «Halyk Bank»-тың 100 жылдық мерейтойына орай «Halyk Bank» пен «Jusan Bank» киіз үй тігіп, қала тұрғындары мен қонақтарына дастарқан жайып отыр.
Шаһардың шет аумағы саналатын «Қант зауыты», «Қайнар», «Барысхан», «Хамукат», «Шөлдала», «Құмшағал», «Арай», «Көлтоған» тұрғын алқаптары мен шағынаудандарында «Наурыз жаршысы» атты өнерпаздар күймесі аясында концерттік бағдарлама ұймдастырылады. Өнерпаздар арнайы көлікпен осы тұрғын алқаптар мен ықшамаудандарды аралап концерт қояды. Қалада көше-көшедегі жұрттың жиылып наурыз көже дайындауы, дастарқан жаюы секілді мерекелік іс-шаралар кешеден бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықта қала тұрғындарының ұйымдастыруымен өткізілді, – деді Бақыт Тілегенқызы.
Қала әкімдігінің де жасап отырған амалы дұрыс шығар. Бірақ қазақта «Битке өкпелеген тонын отқа жақпайды» деген сөз бар. «Көже сұрайтындар көбейді» деп киіз үйге дастарқан жаймау қаншалықты жарасымды? Әйтеуір өстіп жүріп ғасырдан-ғасырға жалғасқан мерекенің мән-маңызын жоғалтып алмасақ болғаны.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала