Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЫНТЫМАҒЫ МЕН ЫРЫСЫ АРТҚАН ӨҢІР

ЫНТЫМАҒЫ МЕН ЫРЫСЫ АРТҚАН ӨҢІР
ашық дереккөз
ЫНТЫМАҒЫ МЕН ЫРЫСЫ АРТҚАН ӨҢІР
Жыр жампозы – Жамбылдың атын алған аудан қарт Қаратау етегін ала орналасқан. Қырғыздың Алатауынан құлай аққан асау Талас та, қыз бұрымындай сылдырап аққан ерке Аса өзені де Жамбыл ауданының жерін басып өтеді. Мыңғырған мал өсірген Көделі көктеуі қатар жатқан Талас ауданының алқабы, қырат-қырат жоталы Алмалысы Тұрар Рысқұлов ауданы мен Қырғыз еліне ортақ жайлау болған. Дегереспен түйісіп, теріскейі батыр баба Байзақ датқа атындағы ауданмен, күнгейі Бауыржандай біртуар ұл әкелген Жуалы ауданымен шектесіп жатыр. Ауданның жер аумағы – 4,3 мың шаршы шақырым. Халқының тығыздығы 1996 жылы әрбір шаршы шақырымға 15,8 адамнан болса, бүгінде 86 мыңнан аса тұрғын мекен етеді. Жамбыл ауданының өз алдына шаңырақ көтеріп, аудан болып құрылғанына биыл – 95 жыл. 1928 жылы 29 қазанда Жамбыл ауданы Әулиеата деген атпен Әулиеата уезі, Сырдария өлкесінің құрамында іргесін қалады. Сол күні Әулиеата аудандық партия комитетінің бюросы құрылып, алғашқы партия конференциясы өтті. Бұл уақытта құрамына 71 ауылдық кеңес және 80-ге тарта мекеме мен кәсіпорын еніп, уездегі ең үлкен аудандардың бірі саналған бұл өңір. Ашаршылықтан кейінгі 1933 жылы аудандағы колхоздардың саны 60-қа жетті. Алайда ауылшаруашылық өндірісін жетік білетін мамандар, құрал-сайман жетіспеді. «Жүк ауырын нар көтереді» демекші, осы тұста колхоз қабырғасын өруге Кулманбаев, Б.Кейкиев, Б.Тайшапов, А.Байзақов, Үкібаев сияқты арда азаматтар келіп, қыруар шаруаның қыл шылбырын жетелеп, үлкен ұйымдастырушылық іс жүргізді. 1938 жылдың наурызында Жамбыл ауданының құрамынан Свердлов, Луговой аудандары бөлініп шықты. Сол кезде ауданда 6 селолық совет, 40 колхоз, 4 совхоз, 2 МТС болды. 1939 жылдың 14 қазанында Жамбыл облысы Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлініп шығып, өз алдына облыс болып құрылды. Жамбыл ауданы осы облыстың құрамында қалды. Орталығы Жамбыл қаласының уезінде болды. Осы жылы ауданның құрамында Ақбұлым, Ақжар, Ақкөл, Аса, Берікқара, Бесағаш, Билікөл, Головачевка, Гродеково, Есентөбе, Қаратөбе, Қараөзек, Қостөбе, Полатқосшы сияқты 15 ауылдық кеңес жұмыс істеді. Бұл жылы да халық шаруашылығының өркендеуі байқалды. Мақта егетін «Жетітөбе», «Қаракемер», «Октябрь-Жеміс» колхоздары мемлекетке «ақ алтын» тапсырудың жылдық жоспарын абыроймен орындап шықты. Озат малшылар саны да артты. «Новая жизнь» (кейіннен «Ақкөл») колхозы әр 100 саулықтан 139-дан қозы алды. Бейбіт еңбекті сұрапыл соғыс бөліп кетті. Соған қарамастан, 1942 жылы дәнді дақыл көлемі 1940 жылмен салыстырғанда 4 327 гектарға, қант қызылшасы 2 130 гектарға артты. Аудан еңбеккерлері 1942 жылы мемлекетке 53 443 центнер астық, 2 902 центнер ет, 392 мың литр сүт тапсырды. Бүгінде өңір 42 елді мекен 17 ауылдық округтен тұрады. Ауданның 2025 жылға дейін атқарылуы тиіс жобалары қолға алынған. Даму жоспарына аудан мен ауылдық округтерде атқарылатын жеке инвестициялық, бюджеттік және жұмыспен қамту аясында іске асырылатын жобалар қамтылған. Жобада көзделген басты мақсат – әрбір елді мекен бөлінісінде бюджеттік және бюджеттен тыс инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыра отырып, ауыл халқының табысын арттыру, тұрмыс жағдайын жақсарту. Осы жоба аясында ауданда былтырдан бері қолға алынып, нәтиже берген жобалар баршылық. Біз өңір экономикасын дамытамыз десек, алдымен ауылдық аумақтарды дамытуымыз керек. Ол үшін жаңа жұмыс орындарын құратын агроөнеркәсіп кешені, шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы жобаларды іске асырған абзал. Ауданға қарасты 17 ауылдық округте ауылшаруашылық және өнеркәсіп салаларында 2025 жылға дейін құны 30,8 миллиард теңгені құрайтын 115 жобаны іске асыру көзделген. Осы жобаларды жүзеге асыра отырып, 793 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 180-і тұрақты, 87-сі уақытша, ал ауылшаруашылығында 267, өнеркәсіп саласында 526 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жамбыл ауданында жеке инвесторлардың есебінен агроөнеркәсіп кешенін дамыту 8 бағытта жүзеге асырылып, 58 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның алтауы былтыр орындалған. Жалпы өткен жылы ауданда 46 жылыжай салынған. Бұдан бөлек 3 жеміс және көкөніс сақтау қоймасы, екі сүт өңдеу кәсіпорны, бір-бірден құрама жем цехы мен сүт тауарлы фермасы, мал бордақылау алаңы мен құс етін консервілеу цехы және құс саңырығын өңдеу кәсіпорны құрылған. Атқарылған осы жұмыстардың нәтижесінде еңбек өнімділігі ауданда 2,7 пайызға, ал экономикалық өсім 1,6 миллион теңгеден 4,3 миллион теңгеге дейін, ауылшаруашылық өнімінің көлемі 10 пайызға дейін жоғарылаған. Өнеркәсіп саласына тоқталар болсақ, мұнда алты бағытта 57 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның 24-і өткен жылы жүзеге асырылып, іске қосылған. Бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібімен 19 кәсіпорын айналысса, оның 8-і былтыр іске қосылған өндіріс ошақтары. Бұдан бөлек екі тамақ өнеркәсібі мен бір жарық энергетика кешені салынған. Бір балық шаруашылығы, үш туристік, 12 өзге де қызмет көрсету бағытында шағын жобалар іске асырылған болатын. Осы іске асырылған жобалар есебінен 124 жұмыс орны құрылған. Бюджет қаражаты есебінен 2025 жылға дейін құны 34 миллиард теңгені құрайтын, жалпы 151 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар іске асырылған сәтте 767 жұмыс орны ашылмақ. Ал білім саласында 12,7 миллиард теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылып, 11 білім нысанының құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Бұдан бөлек Б.Кейкиев, Әйтиев, Төле би, Чкалов, Б.Момышұлы, Ә.Тарази атындағы және Құмтиын, Еңбек, Жасөркен орта мектептері күрделі жөндеуден өткізілмек. Президенттің «Жайлы мектеп» жобасына Шайқорық ауылындағы үш ауысымды білім ошағы ұсынылып отыр. Ал денсаулық саласында жалпы құны 2,3 миллиард теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылмақ. Алда 16 нысанда құрылыс жұмысы, 5 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы аудандағы денсаулық сақтау ұйымдарының тозуы 10 пайызға дейін төмендесе, медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталу деңгейі жақсара түспек. Осының есебінен аудан тұрғындарының өмір сүру жасы ұзарып, нәресте өлімі 7,6, ана өлімі 10 пайызға төмендейді деген болжам бар. Спорт саласында 14 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмысын жүргізу және екі нысанды күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Сөйтіп, спорт саласында алдағы жылдары 104 тұрақты жұмыс орны ашылады. Осының нәтижесінде спорт нысандарының жаңаруы 61 пайызға жетпек. Бұл бірінші кезекте өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік берері анық. Ал мәдениет саласында төрт мәдениет нысаны соғылып, Қызылқайнар, Ақбұлым, Аса ауылдарында ел игілігіне беру көзделсе, Аса ауылындағы орталық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілмекші. Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде 1 832, жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер телімінің кезегінде 14 672 адам тұр екен. Ауданның даму жоспары шегінде 2025 жылға дейін 4 200 шаршы метрді құрайтын бір көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру арқылы 80 отбасын баспанамен қамту жоспарлануда. 2021-2022 жылдары 7 елді мекеннің жаңа тұрғын үй алқабына электр желісін, таза ауызсу жүйесі мен газ тарту жұмыстары аяқталып, 1 864 жер телімі берілді. Алдағы үш жылда 42 елді мекенді толықтай таза ауызсумен қамту жоспарланған. Ол үшін 12 елді мекендегі таза ауызсу құбырын жүргізу үшін 7,5 миллион теңге қаралған. Газ тарту бойынша 9 жоба қолға алынған. Осының аясында 13 елді мекенде жүргізілген құрылыс жұмыстарынан кейін оның 9-ына көгілдір отын берілді. Жұмыспен қамту бағытында 2025 жылға дейін Жамбыл ауданының даму жоспарына сәйкес 6 897 жұмыс орны ашылмақ. Оның 2 648-і тұрақты, 4 249-ы уақытша жұмыс орындары болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасы өткен жылы 24 пайызға артық орындалып, ауданда 1 465 уақытша, 611 тұрақты жұмыс орны құрылды. Аймақтың даму жоспарының жобасында еңбек нарығына жаңадан келетін жастар мен жұмыссыздардың ағыны да ескерілген. Жеке инвестициялық және бюджеттік жобалар аясында өңіріміздегі жұмыссыздық деңгейін 4,3 пайызға, ал жастар арасындағы жұмыссыздықты 2,7 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік тумақ.

Ерлан ҚЫДЫРАЛЫҰЛЫ, Жамбыл ауданының әкімі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар