«АРМАНЫМ – АНАМА ҮЙ АЛЫП БЕРУ»
Өткен жылдың қазан айында Түркияның Анталия қаласында қол күресінен әлем чемпионаты өткен болатын. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте топ жарса, жамбылдық спортшылар ел қоржынына 8 алтын, 5 күміс, 3 қола жүлде салды. Ел мерейін үстем еткен жерлестеріміздің арасында әсіресе Раушан Жаналиеваның ақтық бәсекедегі өнеріне сүйсінбеген жан жоқ шығар, сірә! Финалда түркиялық қол күрес шебері, әлем және Еуропа чемпионы Мәрве Иенидуниямен кездескен Раушанның қазақ елінің намысы, абыройы үшін жан алысып, жан беріскен сәті әлеуметтік желіде кеңінен таралып, аздаған уақытта-ақ миллиондаған қаралым жинады.
Жуырда қаршадай болса да әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған кіл мықты қарсыластарын қоғадай жапырып, Түркия төрінде туымызды көкте желбіретіп, әлеуметтік желінің жұлдызына айналған Раушан Жаналиевамен сұхбаттасып қайтқан едік.
– Раушан, сұхбатымызды «Instagram», «TikTok» әлеуметтік желісінде кең таралып, қызу талқыланып, елді сүйсінткен видеодан бастасақ...
– 2022 жылдың қазан айында Анталияда қол күресінен әлем чемпионаты өтіп, 54 мемлекеттен 1 700 спортшы қатысты. Ал еліміздің намысын 200 спортшы қорғады. Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті. Спортшылардың барлығы мықты дайындықпен келген. Арасында осалы жоқ. Байрақты бәсекеде жастар арасында әлем чемпионаты атансам, ересектер арасында бразилиялық қарсыласыма есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұттым.
Чемпионат аяқталғаннан кейін арада бірнеше күн өткен соң финалдық кездесуімнің видеожазбасын «TikTok» әлеуметтік желісіндегі парақшама жүктедім. Ойымда ешнәрсе жоқ. Келесі күні қарасам, әлгі видео мыңдаған қаралым жинап, түрлі пабликтерде тарала бастапты. Жекеме келген хат та аз емес. Танымал пабликтерде жарияланған видеомның астына жазылған пікірлердің соңына жету мүмкін емес. «Еліміздің намысын қолдан бермеді», «Қыз баласы болса да қара күштің иесі екен», «Көзіме еріксіз жас келді», «Қазақтың қыздарына тең келетін ешкім жоқ» деп жалғасып кете беретін пікірлерді оқып төбем көкке жеткендей болды.
Шынымды айтсам, әлем чемпионы болғаннан кейін туған-туыстарым, достарым, басқа да жанашырларым хабарласып, құттықтап, ақжарма тілектерін арнап жатты. Бірақ чемпион болғанымды сезіне алмадым. Видеом әлеуметтік желіні шарлап, халықтың ағынан жарылып айтқан тілектерін оқығанда ғана чемпион екенімді сезініп, көзіме жас келді. Сондай-ақ халықтың қолдауы үлкен күш берді.
– Ақтық айқастың бірінде қарсыласыңнан жеңісті жұлып алсаң, бірінде жол бердің? Шынымен-ақ бразилиялық қол күрес шеберінің күші басым болды ма? Әлде жеңіліс табуыңның басқа да себептері бар ма?
– Қазір жасым бар болғаны он алтыда. Әлем чемпионатына қатысқандардың көбінен жасым кіші. Тәжірибем аз. Финалға дейін де әлем, Еуропа чемпионаттарында топ жарып, жүлдегер болып жүрген спортшылармен кездесіп, басым түстім. Ал финалда Бразилия спортшысы Габи Васконселос мол тәжірибесінің арқасында жеңіске жетті. Қателеспесем, Габи әлемнің он дүркін чемпионы. Дегенмен қарсыласымның атағы жер жарып тұрған мықты спортшы екеніне қарамастан жеңіс үшін аянып қалмадым. Алтыннан алқа тағыну үшін бар күш-жігерімді салдым. Бірақ бұйырғаны күміс жүлде болды.
Биыл Алматы қаласында әлем чемпионаты өтеді. Егер Габи чемпионатқа қатысып, екеуміз бір салмақта өнер көрсетсек, есемді қайтарып, ересектер арасында әлем чемпионы атанғым келеді. Мақсатқа жету үшін қазірден дайындық жұмыстарын бастап кеттік.
– Бүгінде өмірің спортпен сабақтас. Алғаш рет спорт деген сиқырлы әлемнің есігін қашан ашып едің? Жалпы осы орайда оқырмандарға өзіңді таныстырып өтсең...
– 2006 жылы Қордай ауданында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Қазіргі таңда осы ауданның Гвардейский кентіндегі №43 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысымын. Сегізінші сыныптан дзюдомен айналыса бастадым. Негізі кішкентай кезімнен момын, көңілшек болатынмын. Сондықтан анам дзюдо үйірмесіне апарған еді. Босбелбеу, ынжық болмай, қайратын қанат, жігерін жалын етер мықты ұрпақ болып өссін деп ойлаған шығар.
– Кейін дзюдоны тастап, қол күресіне ауысуыңа не себеп болды?
– Дзюдомен бір жарым жылдай айналыстым. Түрлі жарыстарға қатыстым. Бірақ айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмадым. Шынымды айтсам, жарысқа қатысқаным болмаса жүлделі орындардан көрінбейтінмін. Егер қол күрес шебері Балжан Райымқұлқызы болмағанда әлі де дзюдо спортымен айналысып жүрер ме едім?! Бір күні қол күрестен жаттықтырушы Б.Райымқұлқызы шақырып алып: «Қол күресінен облыс чемпионаты өтеді, біздің ауданның атынан қатыссаң қалай болады?» деп ұсыныс айтты. Ойланып жатпастан ұсынысына келісімімді бердім. Сонымен не керек, 2020 жылы ойламаған жерден қол күресінен облыс чемпионатына қатысып, екінші орын алдым. Жүлдегер атанып қана қоймай, Қазақстан чемпионатына жолдама алдым.
Сол жолы қол күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Ескендір Рысбековтің көзіне түсіппін. Ескендір ағамыз шақырып алып: «Оқу-жаттығу жиындарына кел. Сені өзім дайындаймын. Қазақстан чемпионатына, басқа да ірі турнирлерге қатысасың», деді.
Кейін оқу-жаттығу жиындарына қатысып, бірте-бірте қол күресіне қызығушылығым ояна берді. Сөйтіп, 2020 жылы Қазақстан чемпионатына алғаш рет қатысып тұрғаныма қарамастан жеңімпаз атандым.
– Дзюдоны тастап кеткеніңе өкінетін кезің бола ма? Қанша дегенмен дзюдо олимпиадалық спорт түрі. Мүмкін дзюдоны тастап кетпегеніңде болашақта Олимп шыңын бағындырар ме едің?
– Біріншіден, дзюдоға шапшаңдық керек. Қас пен көздің арасында әдіс жасап үлгеру керек. Өкінішке қарай, менде жылдамдық жағы кемшін болды. Екіншіден, дзюдоның техникаларын жаттау өте қиын болды. Сондықтан дзюдоны тастауға тура келді. Кейде дзюдо залында өткен қызықты күндерді, достарымды ойласам ерекше бір сезімде боламын. Дзюдодан дайындаған бапкерлерім, бірге жаттыққан достарым көріп қалса, олар: «Чемпион, қалайсың? Бірақ сен сатқынсың, бізді тастап кеттің», деп қалжыңдап жатады.
Жалпы түсіне білгенге қол күресі ерекше спорт түрі. Қол күреспен айналысып, қыр-сырымен, ұңғыл-шұңғылымен танысқан спортшының басқа спорт түріне көңілі аумай қалады.
Аллаға шүкір, үш жылда Қазақстанның алты дүркін чемпионы, Азияның төрт, әлемнің екі дүркін чемпионы атандым. Алдағы уақытта жетістіктерімнің қатары толыға түседі деп ойлаймын. Қазіргі таңда он төрт жастағы інім де қол күресімен айналасып жүр.
– Қазақстанды былай қойғанда Азияны, әлемді бір емес, бірнеше рет бағындыру оңай жетістік емес. Жалпы еліміздегі, әлемдегі бәсекелестік қалай?
– Бәсекелестік өте жоғары. Бүгінгі таңда Қазақстанда жақсы жолға қойылып, дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп ойлаймын. Түркиядағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық есепте топ жаруы – осы сөзіміздің айғағы.
Сондай-ақ қол күресі әлемнің 50 мемлекетінде жақсы дамыған. Әсіресе АҚШ, Түркия, Грузия, Украина, Швецияда армрестлинг спортының айы оңынан туып тұр. Тіпті АҚШ-та армрестлинг ұлттық спортпен парапар.
– Кез келген мықты спортшының артында білікті бапкер тұрады. Осы орайда өзіңнің жаттықтырушың туралы айтып өтсең...
– Дұрыс айтасыз. Қаламдай ұштап, шарболаттай шыңдай білетін бапкердің қолына түссе, кез келген спортшының жұлдызы жоғарыда жарқырайды. Сондықтан өзімді жолы болған спортшымын деп ойлаймын. Қандай жетістікке жетсем де, әуелі Алла, одан кейін жаттықтырушым Ескендір ағамның арқасы деп білемін.
Жаттықтырушыма айтар алғысым шексіз. Шәкірті үшін ешнәрседен аянбайды. Тіпті жарыстардың алдында Тараз қаласында ағайымның үйінде тұрып, дайындаламын. Өйткені ауданда қол күрес мамандары жоқ десек те болады. Сондықтан жаттықтырушыма қалай құрмет көрсетсем де жарасады.
– Алдағы арман-мақсаттарыңды да біле отырсақ...
– Биыл мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсіп, спорттық мансабымды әрмен қарай жалғастырғым келеді. Арманым – сенім артып отырған жақын-жанашырларымның үмітін ақтау, ересектер арасында әлем чемпионы атану. Сондай-ақ аяулы анама үй алып беріп, сіңлімнің көзін емдетсем деген үлкен мақсатым бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Талғат НҰРХАНОВ