Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ПИЯЗ БАҒАСЫ БАЙЛАУҒА КӨНБЕЙ ТҰР немесе НАРЫҚТЫ ҚАШАНҒЫ ИНТЕРВЕНЦИЯМЕН РЕТТЕЙМІЗ?

ПИЯЗ БАҒАСЫ БАЙЛАУҒА КӨНБЕЙ ТҰР немесе НАРЫҚТЫ ҚАШАНҒЫ ИНТЕРВЕНЦИЯМЕН РЕТТЕЙМІЗ?
ашық дереккөз
ПИЯЗ БАҒАСЫ БАЙЛАУҒА КӨНБЕЙ ТҰР немесе НАРЫҚТЫ ҚАШАНҒЫ ИНТЕРВЕНЦИЯМЕН РЕТТЕЙМІЗ?
Бүгінде пияздың бағасы байлауға көнбей тұр. Редакциямызға хабарласқан Тараз қаласындағы «Қаратау» ықшамауданының тұрғыны Мөлдір Сырымбетованың да айтар мәселесі осы. Оның айтуынша, аталған ықшамауданда орналасқан шағын дүкендерде пияздың бір келісі 270 пен 300 теңге аралығында саудалануда. Ал әлеуметтік дүкенге қай кезде барса да 120 теңгеден сатылуы тиіс пияз жоқ болып шығатын көрінеді. – Үйде мектеп жасындағы екі қыз, бір ұлым бар. Отбасымыз үшін бір аптаға ары кетсе 3-4 келі ғана пияз қажет. Егер осы көкөніс түрін «Қаратау» ықшамауданындағы «Сауда орталығы» аталып кеткен шағын базардағы көкөніс сататын дүкендерден алатын болсам, ол жерде бір келісі 300 теңге. Ал қарапайым дүкендерде 280 теңгеден. Мұндай баға кез келген адамның қалтасына әжептәуір салмақ түсіреді. Сол себепті «Нұрислам, «Дәмді себет» секілді ірі сауда орындарында пияз 128 теңгеден, ал әлеуметтік дүкендерде келісі 120 теңгеден сатылады» деген ақпаратты «Instagram» әлеуметтік желісінен оқығаннан кейін арзан пияз алғым келді. Алайда «Қаратау» ықшамауданындағы №5 үй маңында орналасқан әлеуметтік дүкенде пияз 165 теңгеден сатылып жатты. Арзан бағадағы пиязды сатып алуға түсте барсаң сатушы «азанда таусылып кетті», азанда барсаң «кеше таусылып кетті» дейді. Әйтеуір біз барғанда сатушы аузымызды қу шөппен сүртеді. Мұнда 120 теңгенің пиязы сатылып жатқанын көрген емеспін. 120 теңгелік пиязды түскен-түскенінше талап әкететіндей оны сонда кімдер сатып алып жүр, – деді ол. Осыдан кейін біз «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына пияздың қай сауда орындарында сатылып жатқаны жөнінде сұрау салдық. Бізге аталған акционерлік қоғамның өңірлік тұрақтандыру қорының басшысы Арман Түймебаевтың атынан жауап келді. Онда әлеуметтік павильондар мен «Дәмді себет», «Арзан», «Нұрила», «Алма» сауда желілері өңірлік тұрақтандыру қорының пиязымен қамтамасыз етілгені жөнінде айтылған. «Пияз екі жолмен сатып алынды. Оның бірі – тұрақтандыру қорына бір келісі 115 теңгеден 200 тонна көлемінде тікелей сатып алу. Ол бір рет, яғни тұрақтандыру қорының жылдық қажеттілігін ескере отырып және сатып алу ережелері шеңберіндегі барлық нормаларды сақтай отырып жүзеге асырылады. Бұдан басқа айналым схемасы бойынша кредиттеу шеңберінде екі шаруа қожалығы қаржыландырылды (сату бағасын ресми статистикалық бағадан 20 пайызға төмен қамтамасыз ете отырып, сауда желілері арқылы 1 160 тонна пиязды өткізу міндеттемелері белгіленген). Қазіргі уақытта пияз әлеуметтік дүкендерде 120 теңгеден, ал басқа сауда желілерінде 128 теңгеден сатылуда. Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында 140 тонна, ал айналым схемасы бойынша шамамен 600 тонна пияз бар. Бұл көлем екі айлық қажеттілікті қамтамасыз ету үшін жеткілікті болады. Шарт талаптары бойынша, айналым схемасына қатысушылар жыл бойы әлеуметтік дүкендерді пиязбен қамтамасыз етуге міндеттелген. Сонымен қатар біз жергілікті шаруалардың жаңа өніміне дейін халықты ерте импортталған көкөністермен қамтамасыз ету үшін «Магнум» сауда желісімен жұмыс істеуді қолға алдық. Бұл жақын арада пияз тапшылығын болдырмаудың амалы. Өткен жылдың күзінде пияз әлеуметтік дүкендерде 50-60 теңгеден сатылды, ал ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап баға 120 теңгеге дейін өсті. Бұл пиязды сатып алу бағасына байланысты, яғни күзде пияз 40 теңгеден сатып алынса, соңғы сатып алу 115 теңгеден жүзеге асырылғаннан кейін болып отыр. Мұнда сатып алу бағасына қоймада сақтау және тасымалдау бойынша барлық шығындар кіретінін ескеру қажет. Супермаркеттерге де, әлеуметтік павильондарға да біздің қоймалардағы пияздың бірдей партиясы жеткізіледі», деп атап көрсетілген. Өңірлік тұрақтандыру қоры басшысының атынан келген жауапта «Әлеуметтік дүкендерде бір келі пияз 120 теңге» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Осыдан кейін біз аталған тұрғынның шағымының дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу үшін «Қаратау» ықшамауданындағы әлеуметтік дүкенге сәрсенбі күні таңғы сағат 09:00 шамасында бас сұқтық. Сатушы Айман Тұрғынбековадан мән-жайды сұрағанымызда ол: «Тұрақтандыру қорынан келіп жатқан тауар осы», деп бір келісі 165 теңге тұратын және сапасы өте төмен, былжырап, езіліп кеткен пиязды көрсетті. – Мен тек сатушымын, бағасы бұдан арзан пияз бұрын болған, қазір жоқ. Кеше бүгін келеді деген, бірақ нақтысын айта алмаймын, қандай пияз келетінін. Бүгін келісі 165 теңгелік пияздың екі қабының өзін әзер түсіріп кетті. Оның өзі сапасы төмен болғандықтан іріктеп, екі қапқа бөліп қойдым. Іріктеуден кейінгі жарамсыз пияз есептен шығарылады. Ал дүкенге неліктен мұндай тауар келіп жатқанын, оның бағасын бізден емес, осыған жауапты тиісті орындардан сұраңыз, – деді А.Тұрғынбекова. Бұдан кейін біз сол маңдағы «Дәмді себет» дүкендер желісіне бардық. Оның директоры Айгүл Ахмет өңірлік тұрақтандыру қорының тауарлары күн сайын таңертең келетінін, баға 128 теңге екенін айтып, көкөністер сатылатын сауда қатарына ертіп барды. Мұндағы пияз ұсақтау және көлемі тым аз демесе, расында, жақсы сақталған, бағасы да 128 теңгеден екен. – Осы бағадағы көкөністі күн сайын таңертең дүкенімізге тұрақтандыру қоры жеткізіп береді. Біз оған бір тиын да қоспай саудаға шығарамыз. Бұл кешеден қалған пияз болғандықтан тұрғындар ірісін таңдап алып кеткен, көлемі де сондықтан аз болып тұр. Жаңадан келген пиязды саудаға енді шығарамыз, – деді А.Ахмет. Облыс нарығындағы пияз бағасына көз жүгіртсек, базарда көтерме баға бойынша бір келі пияз 250 теңге. Қаладағы тұрақтандыру қорының тауары қойылмаған дүкендерде 280-300 теңге. «Нарықта пияз бағасы 280 теңге» деп алатын болсақ, әлеуметтік дүкендегі баға нарықтағы бағадан 15-ақ теңгеге арзан. Өйткені онда 120 теңгенің пиязы жоқ. Жалпы пияз бағасының тура осы уақытта аспандап шыға келетіні – жылда орын алатын жайт. Мәселен, былтыр пияз бағасы 350 теңгеге дейін барғаны есте. Қазақстан бойынша пияздың 75 пайызын өндіретін және өз облысымызбен көршілес елді қамтамасыз етуге әлеуеті жететін Әулиеата өңірінде бағаның бұлай шарықтауы ақылға сыйымсыз. Біз облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұловпен сөйлесіп, пияздың қымбаттауының себебін сұрадық. Ол пияздың бағасына емес, өнім көлеміне жауапты екендерін айтты. – Облыста 1 100-ге жуық шаруашылық пияз өсірумен айналысады. Өткен жылы пияз дақылы Шу ауданында – 13,1 мың, Жамбылда – 5,6 мың, Қордайда – 3,8 мың және Байзақта 1,8 мың гектарға егілді. Ал өңір бойынша пияз дақылы 25 мың гектарға себіліп, аймақта егілген пияздың 20 мың гектарына су үнемдеу технологияларын қолданудың нәтижесінде бұрнағы жылмен салыстырғанда егіс көлемі 3 мың гектарға артты. Соның арқасында 1 миллион 153 мың тонна өнім жиналды. Шаруалар әр гектарға орта есеппен 460,9 центнерден өнім алды. Облыста жалпы сыйымдылығы 255 419 тоннаны құрайтын 239 қойма бар. Қазіргі таңда бұл қоймаларда 62,4 мың тоннаға жуық өнім сақталуда. Оның 32,2 мың тоннасы пияз. Өңір халқының пияз дақылын тұтыну нормасы жылына 19 401 тоннаны құрайды. Облыста жылына 1 миллион тоннадан астам пияз өндірілетіндіктен ішкі сұраныс толығымен қамтамасыз етіледі. Осы жылы өңірде пияз дақылы 24 500 гектарға егіледі деп жоспарлануда. Дәл қазір қоймаларда 32,2 мың тонна пияз барын ескерсек, бұл өңір тұрғындарына молынан жететінін, тапшылық туындамайтынын білдіреді. Ал бағаның өсуі мен түсуіне қатысты мәселеге біз жауапты емеспіз, – деді ол. Көпті толғандыратыны –«Дәмді себет» дүкендер желісінің сауда қатарында тұрған тұрақтандыру қорының өнімі неге оның дәл қасында тұрған әлеуметтік дүкенде жоқ?» деген сұрақ. Сонымен қатар тағы бір мәселе – пияз өнімін шекті бағадан асырмау жөнінде кәсіпкерлерге қандай да бір талап қойылған ба? Осыны білу мақсатында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына бардық. Ондағы басшының орынбасары Гүлнұр Жорабекова өңірлік тұрақтандыру қорында сәуір айына дейін жететін пияз қоры бар екенін айтты. – Облыста пияз сәуір айына дейін жетеді. Одан кейін өңірге Түркістан облысы және Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің жаңа өнімі келеді. Ескі өнім сол уақытқа дейін сатылып бітеді. Бағаға қатысты айтар болсақ, шағын және орта бизнеске қатысты жарияланған мораторийге байланысты біз саудагерлерге көкөністі «мына бағадан асырма» деп талап қоя алмаймыз. Өйткені ол заңға қайшы. Сол себепті саудагер өнімін қаншадан сатқысы келсе, сонша теңгеден сата алады. Десе де бағаны тұрақтандыру жөнінде құрылған топ үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Біз тек әлеуметтік маңызы бар қандай да бір өнім қымбаттап немесе тапшылық туындап жатса ғана интервенция жасау арқылы бағаны тұрақтандыруға күш саламыз. Әлеуметтік дүкендегі сіз тілге тиек еткен мәселені біздің мамандар барып зерделейді. Негізі әлеуметтік дүкендерде тұрақтандыру қоры есебінен алынған тауар сол күні сатылып кетіп, жаңасы келгенше айналым схемасы арқылы алынған тауар саудаға шығарылады. 120 теңгенің пиязы мүлде сатылмауы мүмкін емес. Біз мұны анықтаймыз, – деді Гүлнұр Қойшыбекқызы. «Пияз бағасын делдалдар көтеріп жатқан жоқ па?» деген оймен біз «Ауыл- Береке» сауда базарына бардық. Онда көкөністі көтерме бағамен сататын саудагерлерге жеткізіп беріп жүрген бір-екі делдалмен тілдесудің сәті түсті. Фарқат Машанло есімді азамат базарға пияз Жалпақтөбе ауылынан келіп жатқанын сөз етті. – Бағаны нарық реттеп отыр. Мысалы, шаруалардан пияздың бір келісін 210 теңгеден сатып аламын. Жол шығыны, жүк көлігінің жүргізушісіне, өнімді тиейтін жұмысшыларға, базарға кірерде, тұратын орынға, тағы басқа қажеттіліктерге беретін ақыны қосқанда менің үстінен көретінім әр келіден 5-10 теңге ғана. Сол үшін бірден бағаны делдалдар көтереді деп ой түю дұрыс емес, – деді ол. Аманкүл Дүкенбаева есімді саудагер де білгенімен бөлісті. Сатушы пиязды күнде қанша теңгеден алатынын дәптерге жылдар бойы жазып жүр екен. – Пияз саудасымен 1995 жылдан бері айналысамын. Сол кезде бір келі пияз 5 теңге, ал бір қабы (тор сетка) елу теңге болатын. Содан бері нарықты бір кісідей зерттеп келемін. Әр жылғы бағаға қатысты осындай дәптер үйде жетеді. Бізге пиязды жеткізушілер 31 желтоқсанда 140 теңгеден әкеліп берді. Сатып алу бағасы 6 қаңтарда 160-180 теңге, одан кейін 240-245 теңге болды. Қазір баға қайта түсті. 230 теңгеден сатып алып жатырмыз. Қыс мезгілінде Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Пәкістан секілді елдерге біздің өнім жөнелтіледі. Сол кезде баға күрт өседі. Ал сәуірдің 15-інен кейін Ресейден басқа аталған елдерден жаңа өнім керісінше бізге қайтадан келе бастайды. Былтыр шетелден бір келі пияз 180-200 теңге аралығында келді. Олардың әкелген өнімі жаңа әрі сулы болғаннан кейін осында екі күннен кейін сақырлап кебеді. Сол кезде пияз жеңілдеп, салмақ жоғалтады. Осы сәтте саудагер ұтылып қалмас үшін пияздың бағасына аздап үстеме баға қосады. Жаңа өнімнің бағасының 250-380 теңгеге дейін баратыны сондықтан. Мемлекет көкөніске шекті баға қоймауының өзіндік себебі бар. Өйткені былтырғы өнімді диқандар биылғы өнім шықпай тұрып сатып жіберуі керек. Баға арзан болса да, қымбат болса да диқан өнімін бәрібір сатуға мүдделі. Әйтпесе өнім мезгілі жеткенде жарамдылық қасиетінен айырылып, шығынға ұшырайды. Бір жылдары қоймада қыстай сақтаған пиязын көктемде далаға апарып төккен кездер болған. Сондықтан шаруаның пайдаға батуы да, шығынға ұшырауы да нарықтағы сұранысқа байланысты. Қоғамдық тамақтандыру кәсібімен айналысатын бір танысым бар. Сол жұмысшыларын көлігіне салып алып, «Дәмді себет» секілді сауда орнындағы тұрақтандыру қорының пиязын сатып алып жүр. Әрқайсысы 4-5 келі алғанда бір қап болады ғой. Ол пияз бір күнгі асханаға деген қажеттілікті өтейді. Өткенде сол танысым: «Тұрақтандыру қорының дүкендердегі арзан пиязын адам басына 5 келіден беруші еді, енді 3 келіге түсіріп тастады», деп отырған. Бұл тұрақтандыру қорының арзан азық-түлігін жағдайы барлар да алып жүр деген сөз, – деді сатушы. Міне, мәселе қайда жатыр? Негізі өңірлік тұрақтандыру қорындағы күнделікті тұтынуды қажет ететін 19 түрлі тауарды мемлекет жағдайы жоқ отбасылар үшін арзандатып отыр. Жалпы әлеуметтік павильондар «Империя» жеке кәсіпкерлігінің иелігінде екені белгілі. Мұндай дүкендерді бір адамның қолына беру қаншалықты дұрыс? Өйткені ол өзімен бәсекелес жоқ болғаннан кейін арқаны кеңге салуы да мүмкін. Одан кейін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» өзінде қойма болмағаннан кейін тұрақтандыру қорындағы және айналым схемасы арқылы жеткізілетін көкөніс шаруашылықтарының өз қоймасында сақталатыны белгілі. Ерте бастан қаржыны алып алған шаруа қазіргідей баға шарықтап тұрған уақытта қандай тауар ұсынатынын жобалай беруге болады. Өзінде бар көкөніс таусылып не бұзылса, ол нарықтағы 230 теңгенің пиязын сатып алып, әлеуметтік дүкенге 120 теңгеден таратпайтыны анық. Қазына қаржысынан жылда қыруар қаражат бөліп, бағаны осындай жолмен тұрақтандыру біреулер үшін «майшелпек» болуы ғажап емес. Сондықтан бағаны тұрақтандырудың басқа амалын қарастыру керек немесе бағаны өз еркіне қоя беру керек-ау.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар