Жемқорлықты жоюға жұрт болып жұмылуымыз керек
Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық әлемнің көптеген елінде және Қазақстанда да кең етек алған. Бұл құбылыс кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді.
Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Жоғарыда аталған заңға сәйкес сыбайлас жемқорлықпен барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар және жекелеген адамдар күресуі тиіс.
Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар мен осы тұрғыдағы құқықбұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Ең алдымен, оған мемлекеттік қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқықбұзушылыққа немқұрайдылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде.
Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Бұл дертті жаппай жою жолын жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастырудан бастауымыз керек. Ендеше жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынуына және орындауына көмектесудің алғышарттарының бірі саналады. Атап айтқанда, ең алдымен, ол үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда адам пендешілік қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасуы үшін жастар сыбайлас жемқорлықты елдің дамуын тежейтін аса қауіпті қоғамдық дерт деп тануы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет әр адамда құқықтық сауаттылығына да байланысты төмен немесе жоғары болуы мүмкін. Мемлекеттегі заңнамаларды жақсы білу әр адамның өз іс-әрекетіне деген сенімділігін күшейтеді.
Дамыған елдерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру барысында сыбайлас жемқорлықты рухани жағынан қабылдамауға мән беріледі. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптастырылуын оқу орындарынан бастағанымыз дұрыс. Жас ұрпақты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілікке тәрбиелеуіміз керек. Қазір сыбайлас жемқорлықтың барлық түрлерін жою үшін Қазақстан азаматтарының құқықтық санасын арттыру жүргізілуде. Өйткені олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы білімінің болмауына байланысты абайсызда сыбайлас жемқорлықтың қатысушылары болып қалады. Бүгінде мемлекеттік органдарда сенім телефондары орнатылған. Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік қызметтердің көрсетілуі туралы мақалалар жариялануда. Мемлекеттік органдардың қызметшілері үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тағылымдамалар өткізілуде. Жалпы біздің елімізде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап әлемдік стандарттарға сәйкес келетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоямыз десек, көлдің тамшыдан құралатыны секілді әр азамат өзіне жауапкершілік алып, күресе білуі парыз.
Азамат САБЫРХАН, облыстық білім басқармасы «Құқықтық қамтамасыз ету және педагог кадрлармен жұмыс жүргізу» бөлімінің бас маманы