Әлемді мейірім құтқарады
Ақпанның басын Анадолы елі апатпен қарсы алды. «Тауда екі арқар сүзіссе, төмендегі арқардың мүйізі сырқырайды» дегендей, Түркия және Сириядағы алапат апат бәріміздің де үрейімізді Ұрымға, қорқынышымызды Қырымға жібергені анық.
Айтып келмейтін, болжап болмайтын апаттардың бірі зілзала туралы ел ішінде бұрыннан-ақ аңыз-әңгіме көп. Дәстүрлі ұлттық танымымызда жеті қат көк, жеті қат жер деген түсінік бар. Сол түсінік бойынша, жеті қабат жер мен көктің әр қабатында әртүрлі құдірет иелері өмір сүреді-мыс. Аңызға салсақ, қара жердің ең астыңғы жетінші қабатында бір алып көк өгіз тұрады екен. Жер шарын мүйізімен тіреп тұрған өгіздің мүйізі талғанда басын ақырын шайқайтын көрінеді. Сол кезде жер сілкінісі пайда болады екен.
Ал дін саласының мамандарының айтуынша, табиғи апаттар – күллі адамзат баласына Алла тағаланың ескертуі.
– Түркия мен Сирияда орын алған жағдай ертең басқа мемлекеттерде де қайталануы мүмкін. Сондықтан адамдар бір-біріне жақын қарым-қатынаста болғаны, жақсы істермен айналысқаны дұрыс. Мейірім мен махаббат үстемдік құрғаны дұрыс.
Құран Кәрімнің «Әз-Зилзәлә» сүресінде «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Жер сілкініп қозғалған сәтте, жер ішіндегі жүгін шығарған кезде, адам баласы: «Бұған не болды?» деген сәтте ол күні жер уақиғасын түсіндіреді. Раббыңның оған білдіруімен. Сол күні адам баласының амалдары көрсетілуі үшін топ-топ келеді.
Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал және кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді» деп айтылған. Демек, зілзала жер бетінде адамдардың күнәсі көбейіп, жақсылығы азайғанда пайда болатын табиғи апаттардың бірі екені даусыз, – дейді Тараз қалалық орталық «ӘулиеАта» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев.
Жалпы ғалымдар «Екі «З» әрпі көбейгенде үшінші «З» келеді» деген. Яғни зұлымдық және зина көбейген кезде зілзала болады. Хадис шәрифтерде: «Зина жайылған кезде жер сілкінісі көбейеді» (Дәйләми), «Күнәлар ашықтан-ашық істеле бастағанда жақсы-жаман халықтың бәрі жалпылама азапқа душар болады» (Табарани) делінеді.
Яғни «Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» демекші, қасиетті дінімізде мейірім, ар-ұят, сыйластық секілді асыл қасиеттер көмескілене бастаса табиғи апаттардың жиілей түсетіні айтылады.
Бауырлас елдің басына түскен қиындықты бөлісіп, көмек қолын созу үшін Ақордадан бастап, ақ отаудағы қазаққа дейін атқа қонды. Мемлекет басшысы Үкіметке жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион АҚШ долларын бөлуді тапсырды. Сонымен қатар Қазақстан ТЖМ құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Түркияға аттанды. Журналист Нұрбек Бекбаудың бастамасымен зілзаладан зардап шеккендерге көмек ретінде Түркияға киіз үйлер жеткізілді.
Қазіргі таңда Қазақстаннан басқа да әлем елдері Түркияға табиғи апаттың салдарын жоюға көмектесу үшін көмек пен құтқару топтарын жіберуде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мүмкін бір ай, екі ай, тіпті бір жылда қайтадан жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, екі елдің халқы қалыпты тіршілігіне қайта оралар. Дегенмен бейбіт күнде мыңдаған адамның қаза табуы – орны толмас өкініш, қасірет. Сол себепті жойқын жер сілкінісі Түркия мен Сирия халқының ғана емес, жер бетіндегі барша адамзаттың басына келген нәубет.
Сондықтан дәл қазір әлем елдері жағдайдан сабақ алып, тиісті шараларды бастап кетті. Осы орайда ертеңгі күні қапы қалмас үшін осы бағытта елімізде қандай жұмыстар атқарылып жатқанын да зерделеп көрген едік. Елімізде жыл сайын 7 мыңнан астам жер сілкінісі тіркеледі екен. Мамандардың айтуынша, Алматы облысы мен Алматы қаласы орналасқан Солтүстік Тянь-Шань сілемі – Орталық Азиядағы ең сейсмоқауіпті аймақ көрінеді. Мәселен, елімізде жойқын зілзала бұрынғы Верный, қазіргі Алматы қаласының аумағында 1887 жылы тіркеліпті. Апат салдарынан үйлер, әлеуметтік нысандар қирап, 300-ден аса адам қаза тапқан. Одан кейінгі сілкініс Шелек өзені маңындағы «Шелек сілкінісі» 1889 жылы орын алған. 1911 жылы болған «Кемен сілкінісі» ошағында 10 балға дейін жеткен. Ол кезде қазіргідей аса биік ғимараттар болмаған соң адам шығыны көп тіркелмеген. Ал қазір жер 10 балдық магнитудамен сілкінсе, соңы не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты.
Сондай-ақ бүгінге дейін жер сілкінісінің зардабын көптеген мемлекеттер тартты. Атап өтер болсақ, 1960 жылы 22 мамырда Чилиде 9,5 балдық жер сілкінісі болып, 6 мыңнан аса адам көз жұмған. 2004 жылы Индонезияда болған жер сілкінісінен 300 мыңға жуық адам қайтыс болса, 2008 жылы Қытайдың Cичуань аймағында болған жер сілкінісінен тұтастай бір қаланың адамдары үйінді астында қалған. Ең ауыр жер сілкіністерінің қатарында 1948 жылы Түркіменстанның Ашхабад қаласында болған 7,3 балдық жер сілкінісін айтуға болады. Одан 35 мың адам көз жұмған. Ал 1999 жылы тамыздың 17-сі күні Түркияның Измит қаласында тіркелген зілзаланың күші 7,6 балды көрсетіп, одан 18 мың адам қаза тапқан.
Осы секілді табиғи апаттардың қалай алдын алу керек? Зардабы ауыр болмау үшін не істемек қажет? Бұл ретте Қазақстан Сейсмология институты мен Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы қайта құрылып, Ұлттық ғылыми орталыққа біріктірілетінін айрықша атап өткен жөн. Орталық қызметінің негізгі бағыттары – сейсмикалық қауіпті бағалау, күшті жер сілкіністерін ғылыми болжау, ірі елді мекендер мен стратегиялық нысандардағы сейсмикалық қауіпті бағалау, сондай-ақ Қазақстанның сейсмикалық қауіпті аймақтарында кешенді сейсмологиялық мониторинг жүргізу.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, жер сілкінісінен қорғанудың бірнеше шарты бар екен. Біріншісі – алдын ала болжау. Екіншісі – құрылыс нысандарын стандарттарға сай салу. Үшіншісі – халықты психологиялық тұрғыда дайындау және жер сілкінген кезде не істемек керек екенінен хабардар ету.
Шарттардың ішіндегі құрылыс талаптарын сақтау аса маңызды. Өйткені елімізде сапасыз құрылыс нысандары көбейгені аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Ал облысымызда мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасы 8 балдық жер сілкінісіне дейін төзімді екен.
– Әрбір ғимарат соғылар кезде барлығы зерттеліп, зерделенеді. Мердігер компания мен сейсмологиялық қауіпсіздікті қадағалайтын мамандар бірлесіп, ақылдаса отырып жұмыс істейді. Әрі құрылысқа пайдаланылатын материалдардың стандартқа сай болуына баса көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда облысымызда салынып жатқан түрлі құрылыс нысандарының сапасы жақсы, тексерістен өткен. Алайда көне ғимараттардың төзімділігі туралы және сапа кепілдігі туралы ешнәрсе айта алмаймыз, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Шыңғыс Әлиасқар.
«Сақтансаң, сақтаймын» дегендей жер сілкінісіне адамдар психологиялық-моральдік тұрғыда дайын болғаны жөн. Сондай-ақ әр адам айтып келмейтін апаттарға байланысты мәлімет жинап, біліп жүргені артықтық етпейді. Өйткені адамдар кез келген жерде, кез келген уақытта төтенше жағдайға душар болуы мүмкін.
Жер сілкінісі бола қалған жағдайда, біріншіден, адамдар үрейге бой алдырмауы керек. Қайта сабырлықпен шешім қабылдауы қажет. Егер дүмпу білінер-білінбес болып өтсе, онда газды, суды және электр қуатын қосылып тұрған көзінен ажыратқан дұрыс. Ал дүмпу едәуір қаттырақ болса, онда асықпай-аптықпай сыртқа шығуға қамданған жөн. Жер сілкінген кезде ауыр заттарға сүйенуге, терезеге жақындауға, лифтіге мінуге болмайды. Сондай-ақ сыртқа шыққан соң ашық алаң іздеген жөн. Ғимараттардың бұрышына, қабырғалардың қасына тұруға болмайды.
Шапағат ӘБДІР