Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әдебиет - тарихтың айнасы

Әдебиет - тарихтың айнасы
ашық дереккөз
Әдебиет - тарихтың айнасы
Адам өміріндегі ең құнды нәрсе ол - уақыт пен бақыт. Екеуі де өз тегеурінінде тоқтап қалмай, дамылдамастан көзді ашып жұмғанша лезде өте шығатын, қайта оралмайтын аса құнды нәрсе. Уақыт тарих бетін парақтайды. Тек естелік қалдырады. Сол естеліктер арқылы өткен мен кеткеннің ізін қарап, ой топшылап, сол уақыттағы адамдар мен іс әрекеттер біртіндеп естелікке, ал естеліктер тарихқа айнала беретіні сөзсіз. Күн тізіліп, ай алмасып, зымырап жылдар өтеді. Үнемі үздіксіз өзгеру, жаңару, жақсару - өмір заңы. Дүние тегершігі алға қарай айналып, көлеңкеден сәулеге, аласадан биікке ұмтылады. Қазіргі таңда ғылымы мен білімі дамыған, креативті жастары бар бәсекеге қабілетті ел ең мықты ел болмақ! Өскелең жастар алға қойған мақсаттарын орындау барысында күш жігерін, білім-білігін көрсете отырып, еліміздің «Мәңгілік ел» болуына үлестерін қосуы тиіс. Тек білімді болып қана қоймай өткеніне салауат айтып, тарихын, мәдениетін, әдебиетін, тілін, дінін қастерлеп, дәстүрін ұмытпай ұлықтаса ғана ол елдің рухани ғұмыры ұзақ болмақ.  width= Тарих пен әдебиет егіз ұғым іспеттес. Тарих сол өмір сүрген заманның оқиғалары туралы сыр шертетін болса, әдебиет сол заманның тұрмыс-тіршілігін, біте қайнасқан дәстүрді, салт-сананы, тұрмыс тауқыметін, сол заманда тіршілік еткен халық күйін, қуатынан сыр шертіп, бір сөзбен иілдіріп, бір сөзге сүйіндіретін сөз құдіретінің қаншалықты күшті екенін көрсетіп, өлгенді тірілтіп, өшкенді жандыратындай, тілсізге тіл бітіріп, жансызға жаңа леп сыйлайтындай ақ параққа алтын әріптермен жазылған қазына емес пе? Заманның озбырлығы мен қаталдығын, халықтың хал-ахуалын баяндап қалам тербеген небір дарынды дүлділ жазушылар мен жалынды ақындар аз болмады. Ежелгі дәуір әдебиеті заманында даналық, имангөйлік, парасаттылық сынды тақырыптар жайлы айтылса, IX ғасыр әдебиеті зар заман ақындарының ойымен толысты. Ал XX ғасыр әдебиеттің нағыз өсіп-өркендеп қанат жайған кезеңі. Бұл тұста әдебиетке жаңа сарындар мен жаңа леп келді. Айтулы романдар, прозалар, драма, пьесса, новелла мен сатира жанрындағы туындылар дүниеге келді. Әдебиет саласы дамыды. Алайда дана халқымызда «әрбір тоқшылықтың, бір аштығы бар» деген тәмсіл бар. Ол заманда жазылған дүниенің басым көпшілігі тұрмыстағы көрген таршылық, қоғам теңсіздігі, әлімжеттік пен өз елінде бодан халыққа айналған жандардың жан айқайынан туған кестелі сөздерден өрілді. Жалпы, өткен тарихымызда ұмытылмайтын 5 жыл бар. Ол 1941-1945 жылдар. Бұл фашизммен бетпе-бет келген сұрапыл шайқас еді. Осы жылдар аралығында Отанын қорғап, жер бетіне бейбітшілік орнатуға, болашақ ұрпақтың бақыты үшін күрескен батырлар, майданда қаза болған жауынгерлер туралы көптеген кітаптар жазылды. Зұлым жау бейбіт өмірге де бүлік әкелді. Қызғалдақ қыздар сүйгенімен, қарт ана баласымен қоштасты. Қырдағы қойшы таяғы винтовкаға ауыстырылды. Киядағы диқаншы трактордан түсіп, танкіге отырды. Ел-жұрттың барлығы дерлік солдат болды. Жерлестеріміз соғыстың өрті өрши түскен Сталинград, Ленинград, Калинин, Мәскеу, Белоруссия, Украина, Балтық жағалауы, Шығыс Европа елдері, Солтүстік Кавказ майданының ерекше округтерінде, сонымен қатар Шығыстағы Квантун армиясымен болған шайқастарда жан аямай шайқасты. Әкелеріміз бен аталарымыз жеңісті жақындату жолында қасық қаны қалғанынша қасқайып тұрды. Бүгінгі ұрпақ мұны ұмытпауы қажет. Осы тұста тарихи тың деректерге сүйеніп, жаңа шығармаларға жазылса құба-құп болар еді. Әдебиетке аңсары ауған жастарымыз мұрағаттардан өз ата-бабасына қатысты өзгеше деректер тауып, соларды өз туындысына арқау етсе деген тілек бар. Кім білсін, біздің колледждің білімгерлерінің маңдайына адамзаттың Айтматовы мен заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің бағы жазылып тұрған да шығар... Әсел ОРАЗБЕК, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар