Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шетелдік көлікті заңдастырудың күнгейі мен көлеңкесі

Шетелдік көлікті заңдастырудың күнгейі мен көлеңкесі
ашық дереккөз
Шетелдік көлікті заңдастырудың күнгейі мен көлеңкесі
Жуырда редакциямызға Асхат Наменов есімді Тараз қаласының тұрғыны хабарласты. «Өткен жылы Қырғыз Республикасынан көлік сатып алған болатынмын. Қазір шетелдік автокөліктерді заңдастыру бойынша қоғамда түрлі қауесет тарауда. Әркім әртүрлі ой айтады. Кімге сенерімізді білмей дал болдық. Ел аузындағы әңгімеге сенсек, қазірден қам жасамасақ, кейін жағдай ушығып кететін секілді», деп мұңын шақты тұрғын. Соңғы бірнеше аптада қоғамда қызу талқыланып жатқан шетелдік көліктерді заңдастыру мәселесі Асхат Сәкенұлы секілді миллиондаған қазақстандық азаматтың зықысын шығарғаны рас. Жалпы заңдастыру мәселесі кеше ғана туындаған жоқ. Біршама уақыттан бері айтылып, көтеріліп келеді. Биік мінбелерде де аз талқыланған жоқ. Алайда өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, халықтың көкейіндегісін тап басатын оңтайлы шешім қабылданбады. Елімізде шетелдік көлік саны жыл санап көбейіп, автонарықтағы ахуал күрделене түскен соң көпті алаңдатқан мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында айрықша тоқталды. «Автокөлік сатып алу кезінде төленетін алым-салық мәселесіне жеке тоқталайын. Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Ал биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бірреттік алым алуды ұсынамын. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара», деп Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Президент Жолдауынан кейін шетелдік автокөлік тізгіндеп жүргендердің арқасынан ауыр жүк түскендей болған. Дегенмен Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қандай жұмыстар жүргізілетіні, заңдастырудың қашан басталатыны және қанша уақытқа дейін созылатыны және басқа да талаптары 2022 жылдың соңына дейін жұмбақ күйінде қала берді. Арада төрт айдан аса уақыт өткенде ғана самарқаулық тыйылып, сең қозғала бастаған тәрізді. Осыған орай жуырда облыстық полиция департаментіне ат басын бұрып, 4 миллион 500 мың қазақстандық азаматтың ойын онға, санасын санға бөлген шетелдік көліктерді заңдастыру мәселесінің анық-қанығын білуге талпынған едік. Облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының процессинг орталығының мемлекеттік автоинспекторы, полиция подполковнигі Дулат Құрманалиевтің айтуынша, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру биыл 23 қаңтарда басталады екен. Автокөліктерді бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 200 мың теңге алым төлеу қажет. Енгізілген тиісті өзгерістерге сәйкес заңдастырылатын көліктердің иелері утилизациялық алым төлемейді. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру бойынша тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасын орындау мақсатында қажетті заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ережелер алғашқы ресми жарияланған күннен кейін, яғни күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Сәйкесінше 2023 жылдың 23 қаңтарында (дүйсенбіде) күшіне енеді және сол күннен бастап біз шетелдік автокөліктерді заңдастыруға кірісеміз. Ал шетелдік көліктерді заңдастыру үшін қандай талаптар қойылады? Бірінші – елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінуі керек. Екінші – іздеуде болмауы шарт. Үшінші – басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы қажет. Төртінші – кедендік тазартудан өтуі тиіс. Ережелер 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады және жеңіл автокөліктерге, шағын, орта автобустарға (толық салмағы 5 тоннаға дейін) және шағын жүк автокөліктеріне (толық салмағы 3,5 тоннаға дейін), оның ішінде рулі оң жақта орналасқан көліктерге қолданылады. Тіркелетін шетелдік автокөліктерге «жасына» және экологиялық сыныбына талаптар қойылмайды. Заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына (автоцон) жүгіну арқылы беруге болады. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында арнайы секторлар ұйымдастырылады. Онда тек автокөліктерді заңдастыруға құжат қабылданады. Сондай-ақ секторда әкімшілік полиция қызметкері заңдастырудан өту тәртібін түсіндіреді. Ал мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері қажет болған жағдайда кедендік төлемдерді төлеудің тәртібімен таныстырып, көмек көрсетеді. Секторға қайырылған көлік иесі 4 құжатты ұсынуы керек. Бірінші – өтініш. Екінші – өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін). Үшінші – көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлік. Төртінші – көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат (оған осы мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік жатады. Бұл ретте азаматтық заңнамаға сәйкес берілген сенімхат, егер мұндай құқық сенімхатпен берілген жағдайда көлік құралына меншік құқығын үшінші тұлғаға беру үшін негіз болып табылады), – дейді Дулат Айдарханұлы. Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлік құралын мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Ал салыстыруды ішкі істер органдарының сарапшы-криминалисі жүргізеді екен. Салыстырып, тексеруден өткеннен кейін екі күн ішінде көлік құралын заңдастыруға болатыны немесе болмайтыны жөнінде шешім шығарылады. Көрсетілген мерзім ішінде, яғни екі күнде көлік құралының қағидаларда айқындалған өлшемшарттарға сәйкестігі тексеріледі. Яғни елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінгені, іздестіруде болуы, кедендік тазартудан өтуі, соңғы тіркелген жері бойынша есептен шығару мәніне тексеріледі. – Көліктің елге кіру күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің немесе мемлекеттік кірістер органдарының жүйелері бойынша айқындалады. Бүгінде аталған процесс толығымен автоматтандырылған және автокөліктің шекарадан өту есебі ВИН-коды бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар Шекара қызметінде немесе мемлекеттік кірістер органдарында көлік құралын әкелу туралы мәліметтер болмаған жағдайда (мысалы, егер автокөлік Қазақстан аумағында жеткілікті ұзақ уақыт болса) автокөліктің Қазақстан Республикасында нақты болған күні автосақтандыру полисінің алғашқы рәсімделген күні бойынша анықталады. Автокөлік Интерпол және ТМД базалары бойынша тексеріледі. Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік базасы бойынша кедендік тазартудан өту үдерісі де толық автоматтандырылған. Айта кету керек, кедендік тазартудан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автомобильдер өтуі керек. Тексеруден сәтті өткен жағдайда өтініш берушінің ұялы телефонына оң нәтиже туралы және көлік құралын тіркеу үшін мамандандырылған ХҚКО-ға келу қажеттілігі туралы хабарлама жіберіледі, – дейді Дулат Құрманалиев. Ал көлік құралын тіркеу үшін мамандандырылған ХҚКО-ға қайта келген кезде иесі бастапқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техқұжат үшін мемлекеттік баж (4 313 теңге), сондай-ақ мемлекеттік нөмірге (9 660 теңге) алым төлейді. Сондай-ақ құжаттардың түпнұсқаларын ХҚКО қызметкеріне тапсырады (шетелдік техқұжат, меншік құқығын растайтын құжат). Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне тіркеу құжаты және Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмірі беріледі. – Шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстары бірреттік акция екенін ескерткіміз келеді. Бұдан былай Қазақстан азаматтары шетелдік есепке алынған автокөліктерді сатып алғаннан кейін Қазақстан Республикасында 10 жұмыс күні ішінде тіркеуі керек. Заңдастырудан өтпейтін немесе 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген автокөліктер және Қазақстан азаматтарымен жалпы тәртіппен тіркемейтін автокөліктер ел аумағында заңсыз пайдалануда деп есептелінеді, – дейді Д.Айдарханұлы. Айта кетейік, іздеуде жүрген (қылмыстық көлік) немесе толық кедендік тазартудан өтпеген, сондай-ақ 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автокөліктер заңдастырылмайды екен. Сонымен қатар ел аумағына қосалқы бөлшек ретінде кірген көліктердің мәселесі де қазір майшаммен қаралып жатыр. Жуырда министрлікте өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев қосалқы бөлшек ретінде кірген көліктерді тіркеу қалай жүретінін түсіндірді. «Қосалқы бөлшектер ретінде шекарадан кірген автокөліктер республика көлемінде қолданылып жүр. Бұл автокөліктер бойынша да біраз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жалпы тілмен айтқанда, әр автокөлік иесі заңдастыру үшін құжаттары мен көлігін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының тіркеу бөліміне әкелуі керек. Біз сол жерде құжаттар мен көліктерді тексеріп, әр автокөлік бойынша жеке-жеке шешім қабылдайтын боламыз. Қазірден сол үшін қайғырудың қажеті жоқ. Бұл мәселе толығымен қаралады», деді Қайсар Сұлтанбаев. Тиісті ведомство мамандарының айтқандарына сүйенсек, көлікті заңдастырудың қиындығы жоқ секілді. Жоғарыда аталған талаптарды орындап, 213 973 теңге төлесеңіз, көлігіңізді әп-сәтте заңдастырып ала аласыз. Алайда шетелдік көліктерді заңдастыру үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына өткізетін қажетті құжаттар талайдың арқасына аяздай батып тұрған жайы бар. Себебін өткен жылы Армениядан көлік алып келген Тараз қаласының тұрғыны Қуаныш Арыстанбек егжей-тегжейлі айтып берді. – Өткен жылдың тамыз айында Армениядан 2012 жылғы «Hyundai Sonata» алып келдік. Әрине, алғашында өз елімізден көлік қарадым. Бірнеше апта көлік базарына барып та көрдім. Көлік иелері аспандағы бағаны сұрап тұр. Жүрілгеніне 20-30 жылдан асқан көліктердің бағасы 2,5 миллион теңгеден жоғары. Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша да бірнеше банктің табалдырығын тоздырдық. Автосалонға барсақ, жаңа көліктер қаздай тізіліп тұр. Ал бағдарлама бойынша алайын десек, банк мамандары көліктің жоқ екенін айтады. Сондай-ақ салондағы көліктердің бағасы да көңілге қонымсыз. Мысалға алсақ, «Chevrolet Cobalt»-тың бағасы 5,8 миллион теңгеден басталып, комплектациясына қарай 7 миллионға дейін жетеді. Ал «Hyundai Accent»-тің бағасы 10 миллионнан жоғары. Ақырында не керек, ары ойланып, бері ойланып, сенімді таныс тауып, Армениядан алып келдік. Ал енді қараңыз, Армениядан 2012 жылы шыққан жағдайы жақсы «Hyundai Sonata»-ны 3,6 миллион теңгеге сатып алдым. Отандық автонарықта 2012 жылы шыққан жағдайы жақсы дәл сондай көліктің бағасы 6 миллион теңгеден басталып, 10 миллионға дейін жетеді. Айырмашылық жер мен көктей. Отандық автонарықтың ахуалын жоғарыда айтқан баға айырмашылығынан өзіңіз-ақ бағамдап отырсыз. Сондықтан қазақстандықтар амалдың жоқтығынан шет мемлекеттерге сабылып жүр. Ал шетелдік көліктерді кімдер мініп жүр?! Әрине, қарапайым отандастарымыз. Енді ақша үнемдеп, шетелден көлік алып келгендер тағы да тығырыққа тірелді. Яғни заңдастыру мәселесі қазір көпті күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша шетелдік көліктердің саны 4 миллион 500 мыңға, облысымызда 241 мыңға жетіпті. Ал Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, бүгінде ел аумағында заңдастыру тізіміне іліккен 300 мыңнан астам автокөлік бар екен. Сонда қалған 4 миллион 200 мың көліктің иесі не істейді?! Міне, осы мәселе жұртшылықты алаңдатып отыр. 300 мыңнан басқасының заңдастыру тізіміне кірмейтін себебі, көбінде көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат жоқ. Осыдан келіп басқа да көптеген күрделі мәселелер туындауы мүмкін. Егер Қазақстан азаматы шетелдік көлігін заңдастырғысы келсе, көліктің бұрынғы иесімен байланыс орнатады. Ал басқа мемлекеттегі бұрынғы қожайыны кезінде сатқан бағасынан бөлек, үстінен қосымша ақша сұрауы да әбден мүмкін. Сондай-ақ шетел азаматы қазақстандыққа сатқан көлігін Интерполға «менің көлігім» деп жазып жіберуі де ықтимал. Ондай жағдайда Қазақстан азаматы айдың-күннің аманында көлігінен айырылады. Яғни жамаудың үстінен жамау пайда болып, тағы да қарапайым азаматтар зардап шегеді. Сол себепті халыққа барынша тиімді, ешкім опық жемейтін шешімдер қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Қ.Арыстанбек. Автосарапшылар да заңдастыру мәселесінің жетілдіретін тұсы көп екенін әлеуметтік желілерде, телеарналарда ашық айтып жүр. Дегенмен сарапшылар мен халық тарапынан айтылып жатқан ұсыныстарға, талап-тілектерге тиісті министрлік нақты жауап бермеді. Әлі де жақсылықтан күдер үзбей, әліптің артын бағып көрейік. Өйткені 4 миллионнан аса халықтың жанайқайы бейжай қалдырмаса керек. Талғат НҰРХАНОВ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар