«ТАРАЗ» ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Газетіміздің 20 тамыз күнгі №33 (929) нөмірінде жарық көрген «Тараз» 2004 жылғы жетістікті қайталай ала ма?» атты мақаламызда «Тараз» клубының футболдан Қазақстан кубогінің топтық кезеңіндегі ойындарына қысқаша шолу жасаған едік. Мақаламызда бас бапкер Нұркен Мәзбаев шәкірттерінің клубтың 18 жыл бұрынғы жетістігін қайталарына үмітті екенімізді айта келіп, «Нұркен Мәзбаев бапкер ретінде де Қазақстан кубогін төбесіне көтеріп қалар...» деген болатынбыз. Әзірге үмітіміз ақталып тұр. Сәрсенбі күні Қазақстан кубогінің ширек финалдық ойындары аясында қарағандылық «Шахтерді» қабылдаған «Тараз» жанкүйерлерін жарқын жеңісімен қуантып, финалға біртабан жақындай түсті.
Ел чемпионатында 17 турдың қорытындысы бойынша 24 ұпаймен «Тараздан» бір саты төмен, яғни жетінші орынға жайғасқан «Шахтердің» оңай қарсылас емес екені айдан анық еді. Дегенмен матч өз алаңымызда өтетін болғандықтан «қарағандылық команданы қалпақпен ұрып аламыз» деп болжам жасағандар көп болды. Бірақ жанкүйерлер күткендей болмады.
Төрешінің ысқырығы естілісімен «Шахтер» ойыншылары тізгінді өз қолына алып, доптан айырылған тұстарда алаң иелерін қыспаққа алуға тырысып бақты. Алайда команданың шабуылдары көбінесе аяқсыз қалып жатты. «Тараздың» тас қамал қорғаушылары Лука Гадрани, Алекс Жуниор, Әділет Кеңесбек жинақы ойын өрнегін көрсетіп, «Шахтер» шабуылшыларының адымын аштырмады. Ашығын айту керек, матчтың бірінші таймында «Тараз» командасының жартылай қорғаушылары, шабуылшылары көп қателікке бой алдырып, жанкүйерлердің жүйкесіне ши жүгіртті. Есеп ашатын бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Әсіресе ойынның 28 минутында қақпашымен бетпе-бет шыққан Абылайхан Жұмабек допты Игорь Трофимецтің үстінен асырып тастағысы келген. «Тараз» шабуылшысының ойын оқып үлгерген Трофимец допты қақшып алды. Жалпы бірінші таймда И.Трофимец екі мәрте сейф жасап, қақпасын голдан аман сақтап қалды.
Ойынның алғашқы бөлігінде бір-біріне беріспей, тең дәрежеде ойнаған қос қоманда да екінші таймды өте белсенді бастады. Әсіресе қарсылас команда бірнеше мәрте қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, матчтың алғашқы голын соғатын мүмкіндіктерге ие болған еді. Алайда бірде шабуылшыларының қақпаға бағыттаған добы нысанадан қиыс кетіп жатса, енді бірде қақпашы Мұхамеджан Сейсен қырағылық танытты. Қос қапталдан алма-кезек шабуыл ұйымдастырып, М.Сейсен қорғаған қақпадан саңылау іздеген қарағандылықтар ойынның 65-минутында діттеген мақсаттарына жетіп тынды. Командаласынан пас алған «Шахтердің» жартылай қорғаушысы Роман Мұртазаев Лука Гадрани мен Милен Гамаковты әдемі алдап өтіп, допты қақпа торында тулатты. Осылайша «сен соқпасаң, саған соғады» деген футбол қағидасы жүзеге асып кетті.
Алайда Вахид Масудов баптайтын «Шахтер» ойыншыларының қуанышы ұзаққа созылмады. Араға екі минут салып Абылайхан Жұмабек Дінмұхамед Қараманның әуелете асырған пасын қақпаға тура бағыттап, есепті теңестірді. Есеп теңескенде үміт пен үрей құшағында іштей тынып отырған «тараздық» мыңдаған жанкүйердің бөркін аспанға атып, төбесі көкке жете қуанған сәтін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Бұдан кейін де алаң иелері қарсыластарының айып алаңынан шықпай, есепті еселеуге бар күшін салды. Ұрымтал тұстарда бірнеше қауіпті соққы бағыттап та үлгерді. Дегенмен төрешінің соңғы ысқырығына дейін таблодағы есеп сол күйінде өзгеріссіз қалды.
Ойын тең аяқталғаннан кейін матч экстра-таймға ұласты. 15 минуттан тұратын қосымша екі таймда да есеп өзгерген жоқ. Сөйтіп жеңімпаз пенальти сериясында анықталды.
Алғашқы болып нүктеге келген «Тараз» командасының жартылай қорғаушысы Марат Шахметов мүлт кетпеді. «Шахтердің» тәжірибелі қақпашысы Игорь Шацкий доптың ұшу бағытын дәл тапқанымен, қайтара алмады. Айта кетейік, матч тағдыры пенальти сериясында шешілетінін білген Вахид Масудов Игорь Шацкийді қосымша уақыттың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Игорь Трофимецтің орнына шығарды. Себебі 11 метрлік «лотереяда» Қазақстанда И.Шацкийге тең келетін қақпашы жоқ десек, артық айтқанымыз емес. Ұлттық құрама сапында пенальти қайтарудың хас шебері екенін талай мәрте дәлелдеген. Алайда мақтаулы қақпашы «Таразға» қарсы ойында командасына көмектесе алмады. Пенальти сериясында Лука Гадрани, Қуаныш Қалмұратов, Алекс Жуниор Игорь Шацкийдің осал тұсын таба білді. Шешуші сәтте «шахтерлік» Стефан Букорац пен Роджер Каньяс қателікке бой алдырып, командасына жеңіс сыйлай алмады.
Осылайша пенальти сериясында 4:2 есебімен жеңіске жеткен «Тараз» клубы футболдан Қазақстан кубогінің жартылай финалына жолдама алды. Ендігі қарсылас – ширек финалда алматылық «Қайратты» қапы қалдырып сенсация жасаған оралдық «Ақжайық». Яғни 19 қазанда жартылай финалда «Астана» мен «Ордабасы», «Ақжайық» пен «Тараз» кездеседі. Қос кездесудің жеңімпаздары Қазақстан кубогінің финалында бақ сынайды.
Ойыннан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Тараз» футбол клубының бас бапкері Нұркен Мәзбаев тартысты өткен кездесу жайлы пікірін білдіріп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
«Біріншіден, тамаша қолдау көрсеткен біздің жанкүйерлерге мың алғыс! Баршаңызды командамыздың кубоктің жартылай финалына шығуымен құттықтаймын!
Ал ойынға тоқталар болсақ, «Шахтер» кейінгі кездері екі орталық қорғаушымен ойнайтын. Бірақ бүгін үш орталық қорғаушымен ойнап, бізді алаңның орта тұсынан күтіп алуға тырысты. Алайда ондай тактикаға да дайын болып, екі күн футболшылармен жұмыс істедік. Жалпы қандай ойынға болсын дайын болдық деп ойлаймын. Қарсылас команданың қорғанысы жақсы ойын көрсетті. Бізге оңай болған жоқ. Бірінші таймда Абылайдың жақсы бір мүмкіндігі болып еді, пайдалана алмады.
Екінші тайм шиеленіске толы болды деп ойлаймын. Біраз ойыншыларды алмастырдық. Тыңнан қосылған Марат Шахметов Абылайхан есепті теңестіргенде өзінің пайдасын тигізді. Жақсы жәрдем жасады.
Қарсылас команда қарымта шабуылда өте жақсы ойын көрсетіп, гол соғып кетті.
Негізгі уақыттың аяғына қарай жеңіске жетіп, матчты аяқтайтын бір-екі мүмкіндігіміз болды. Алайда ойын пенальти сериясына дейін жетті.
Пенальти тебетін футболшыларды бапкерлік құрам ақылдасып белгіледік. Жаттығудан соң пенальти болып қалған жағдайда дайын болу керектігін ескеріп, оған арнайы дайындалдық. Жігіттер психологиялық тұрғыда әзір болуы тиіс еді. Сол бізге бүгін көмектесті ғой деп ойлаймыз.
Келесі кезеңдегі «Ақжайыққа» қарсы матч сырт алаңда өтеді. Негізі бізге жартылай финалда географиялық жағынан алматылық команда дұрыс еді. Себебі алысқа барып жолға шығындалмайтын едік. Ал қарсылас жағынан біз үшін барлығы бірдей. «Қайрат» болсын, «Ақжайық» болсын, бәріміздің деңгейіміз бірдей деуге болады. Сол себепті жеңіске жету мүмкіндігі 50/50 деп ойлаймын» деді Нұркен Мәзбаев.
Жалпы Қазақстан кубогі 1992 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінге дейін кубокті «Қайрат» футбол клубы 10 мәрте төбесіне көтерген. Сондай-ақ «Жеңіс» – 3, «Астана» – 3, «Қайсар» – 2 және «Атырау», «Ертіс», «Тараз», «Шахтер», «Восток», «Тобыл», «Ақтөбе», «Алматы», «Ордабасы», «Достық», «Спартак» (Семей) командалары бір-бір мәртеден жеңімпаз атанған. Енді жанартаудай жалындаған жергілікті жастардан жасақталған «тараздықтар» Орал қаласындағы П.А. Атоян атындағы стадионда өтетін ойында атой салып, шалғайда тақым қысып отырған жанкүйерлерін жарқын жеңісімен қуантарына бек сенімдіміз. Ал финал жайлы сөз қозғауға әлі ерте. Әліптің артын бағайық...
Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала