Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мобилография арқылы мол табыс табуға болады

Мобилография арқылы мол табыс табуға болады
ашық дереккөз
Мобилография арқылы мол табыс табуға болады
Ақпарат ағыны күнде жаңарып отырған заманда адамдарды ұялы телефонсыз елестету мүмкін емес. Сөйлесіп, келіссөздер жүргізуден бөлек, қазіргі таңда смартфонмен үйден шықпай-ақ жұмыс істеп, қыруар қаржыға кенеліп жатқандар аз емес. Әлеуметтік желідегі фото-видеоларда,  «YouTube» хостингінде жарыққа шыққан кино туындылардың біразы телефонмен түсірілген. Ал оны түсіретін, әрине, мобилограф мамандар. «Мобилография» – аты айтып тұрғандай, мобильді телефонмен жылдам фото-видео түсіру. Саланы игеру үшін басқа мамандықтар секілді ЖОО-да 4-5 жыл оқымай-ақ, аз уақыт ішінде негізгі білімді игеріп алып, мол табыс табуға мүмкіндік бар. Келешекте аталған сала дамыған сайын ондай мамандарға да сұраныс жоғарылай береді.  Сондықтан болар, бүгінде жас буынның көпшілігі осыған бет бұрған. Солардың қатарында – тараздық ару Аружан Мақсатова да бар. Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының 4-курс студенті 3 жылдан астам мобилографиямен тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. – Басында мобилографияға хобби ретінде қарадым. Маған сұлулықты көріп, оны түсіріп алған ұнайды. Әдемі сәттерді фотоға бірден түсіріп алуға тырысатынмын. Алдында табиғатты, гүлдерді түсіріп жүрсем, кейіннен адамдарды түсіре бастадым. «Сен әдемі түсіресің, бізді де түсірші», деп таныстарым қызығып, арнайы тапсырыс беретін болды. 2019 жылы облыстық «Jambyl» телеарнасында тележүргізуші болып жүргенде де сюжет жасауға, телебағдарламалар дайындауға барған жерлерімді естелікке фотоға түсіріп, өзімнің парақшама салып жүретінмін. Түсіріп жүріп, кадрларымның жақсы шыға бастағанын байқадым. Фотографтардың жұмыстарына қызығып, зерттей бастадым. Қазір мобилографияға сала ретінде қарайды ғой. Мен бастапқыда аса мән бермеген сияқтымын. Кейін, яғни 2021 жылы «iPhone» сатып алдым. Сонымен фотоға, видеоға түсіруге қызығушылығым одан бетер ашыла түсті. Кейін бір кісіні түсірген едім, ол кісіге жұмыстарым ұнап, азын-аулақ ақша төледі. Ары қарай ол кісіден таныстары сұрастырып, менімен байланысып тапсырыс бере бастады. Солай тапсырыс берушілер көбейе түсті. Мобилографияға алғашқы қадам осылай басталды. Бір білгенім, бұл салада «Instagram» парақшаны дамытқан дұрыс екен. Қазір өзімнің тұрақты жұмысым болғандықтан мобилография қосымша жұмыс болып қалды. Негізі мобилографияға жұмыс ретінде қарап, ізденсеңіз қыруар қаржы табуға мүмкіндік мол. Бір айда 300 мың теңгеге дейін табамын. Маған бұл жоғарыда айтқанымдай, жұмыс емес, яғни хобби. Маған телефонға түсірген ұнайды. Әңгіме ақшада емес. Маған тегін түсіріп беріңізші десе де қуана-қуана түсіріп беремін. Жастар үнемі ізденісте болуы тиіс деп санаймын. Мобилографтардың барлығы мобилография ұғымын Қазақстанға әкелген Қыран Талапбектен үйренеді, соның сабағын алады. Мен де Қыраннан және басқа да еліміздегі мықты мамандардан сабақ алып, курстарына қатысқаныммен, шынын айту керек, өзіме керекті білімді ала алмадым. Содан өздігімнен ізденіп, үйреніп алдым десем болады. Қазіргі уақытта менен сабақ алып, үйренушілер де аз емес. Жоба етіп сатпағаныммен үйренемін деушілерге дәріс беруге тырысамын, –дейді кейіпкеріміз. Бірақ жас мобилографтың қазір тұрақты жұмысы бар. Қолы қалт еткенде тапсырыс қабылдап, табысын арттыратынын алға тартады өзі. Одан бөлек киім дүкендерінің жарнамасын дайындайды, арасында өзі де модель ретінде түсірілімге қатысады. – Біраз уақыт бұрын телеарнадан өз еркіммен шығып кеттім. Шынымды айтсам, айлығым шайлығыма жетпеді. Жеке дамуыма да уақытым тапшы болды. Содан біраз уақыт мобилографиямен айналыстым. Бірақ маған тұрақты, елмен бірге таңертең барып, кешке қайтатын, белгілі кестесі бар жұмысқа тұруым керек болды. Дәл қазір «Отбасы банк» акционерлік қоғамы облыстық филиалының пиар менеджерімін. Одан бөлек өзім де «Instagram» парақшаларында салаға сұраныс та жоқ емес. Бірақ әркімнің әдісі әртүрлі. Мен үшін әлеуметтік желінің қызығы әдемі сурет пен қызықты контент болатын. Сол үшін әрдайым бәрінен ерекшеленуге, басқалар білмейтін артықшылықтарды табуға тырысамын. «Instagram» парақшамды жүргізген кезде әрдайым оқырманның жүрегінен қалай орын аламын деген ой туындайтын. Осы ретте желінің мүмкіншілігін барынша қолданамын. Мен үшін табыс көзі «Instagram»-дағы оқырмандарым арқылы келетіндіктен әрдайым әлеуметтік желінің ұтымды тұстарын тиімді пайдаланамын. Бұл сала сауаттылықты, ұқыптылықты қажет етеді. Дұрыс жүргізілген аккаунттың стористері мен жарияланымдары әрдайым трендте болуға тиіс, – дейді ол. Аружан Мақсатқызының алдағы мақсаты айқын. Алдымен оқуын абыроймен аяқтап, өзін өсіріп баққан апасының арманын орындап, журналистика саласына оралуды армандайды. Мобилография саласына да жаңалық әкеліп, ауқымды жобаларды қолға алмақ. Біз де жас маманның жұмысына сәттілік тіледік.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар