ЖАМБЫЛ СПОРТЫ ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДА
Тәуелсіздік туы астында өнер көрсетіп, елінің мерейін үстем етіп, мәртебесін биіктету бақыты қазақ спортшыларына 70 жыл бойы бұйырмады. Саңлақтарымыз ұзақ жылдар Кеңес үкіметінің намысын жыртып, абыройын асқақтатып келді.
Кеңес дәуірінде Қазақстаннан шыққан спорт жұлдыздары жайлы сөз қозғасақ, қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовтің, грек-рим күресінен 29 жасында Олимп шыңын бағындырған алғашқы қазақстандық Жақсылық Үшкемпіровтің, атақты боксшы, 1980 жылы Мәскеуде өткен жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевтың есімі ойға оралады. Жоғарыда есімдері аталғандардан бөлек 1976 жылы Инсбургтегі төрт жылдықтың басты бәсекесінде екі қола медаль алған Иван Гаранинді, футболдан Сеул Олимпиадасының жеңімпазы Евгений Яровенконі, Римдегі Олимпиадада жеңіл атлетикадан эстафеталық команда құрамында күміс жүлде иеленген Ғұсман Қосановты қалай ұмытуға болады. Тізімді әрі қарай да жалғастыра беруге болады. Дегенмен біздің мақсатымыз тәуелсіздікке дейінгі жылдарда әлемдік ареналарда топ жарған спортшыларымызды түгендеу емес. Мақсатымыз – тәуелсіздіктің 31-жылындағы Жамбыл спортының толағай табыстарына, жарқын жетістіктеріне қысқаша шолу жасау.
Жалпы тәуелсіздік жылдарындағы Олимпиада ойындарының тарихына көз жүгіртсек, Жамбыл спортшыларының жанкүйерлерін жерге қаратқан кезі жоқ. Халқымыздың даңқты перзенттері Жақсылық Үшкемпіровтің, Серік Қонақбаевтың жеңісті жолын кейінгі ізбасарлары сәтті жалғастыра білді. 1996 жылы Қазақстан спортшылары алғаш рет Атлантадағы ХХVІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Әлемнің сайдың тасындай іріктелген кілең үздіктері бақ сынайтын байрақты бәсекеге алғаш рет қатысып жатқанына қарамастан Қазақстан құрамасы 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медалге қол жеткізіп, командалық есепте 24-ші орынға табан тіреді. Ел қоржынына 3 жүлдені жамбылдық жампоздар салды. Атап өтер болсақ, ұлттық құрама сапындағы боксшыларымыз Ермахан Ыбрайымов пен Болат Ниязымбетов қола жүлдені қанағат тұтса, Болат Жұмаділов Олимпиаданың күмісімен күптелді.
Араға төрт жыл салып Сиднейде өткен жазғы Олимпиадада да жамбылдықтар жасындай жарқылдады. Бабы мен бағы келіскен Ермахан Ыбырайымов төрт жыл бұрын Атлантада алған қола медалін Сиднейде алтынға алмастырды. Ал Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Болат Жұмаділов ел қоржынына тағы бір күміс жүлдені салды. Ислам Байрамуков еркін күрестен де ешкім де есе жібермейтінімізді айқын дәлелдеп, жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінді.
2004 жылы өткен Афина Олимпиадасында Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына жалғыз алтын жүлдені 21 жасар жас дарын Бақтияр Артаев салып, Грекия төрінде еліміздің Әнұрарын шырқатты. Сонымен қатар финалда Куба қабыланын тас-талқан етіп ұтқан жамбылдық былғары қолғап шебері алтынмен қоса ең үздік боксшыға берілетін «Вэл Баркер» кубогін елге әкеліп, жанкүйерлердің көңілін көтеріп тастаған еді.
Лондон Олимпиадасында (2012 жыл) Ақжүрек Таңатаровтың айы оңынан туды. Өкінішке қарай әділетсіздіктің құрбаны болған Ақжүрек Таңатаров алтын жүлдеге қол созым қалған жерде сүрініп, қола жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды.
Ел мақтаған дзюдошы Елдос Сметов екі Олимпиадада ел намысын лайықты қорғап, төбемізге көкке жеткізді. Тек Жамбыл облысының ғана емес, Қазақстанның мақтанышына айналған Елдос Рио-де-Жанейро Олимпиадасында күміс, Токио Олимпиадасында қола жүлде иеленіп, үздік ойын өрнегімен шын мықты екенін мойындатты.
Жасөспірімдер Олимпиадасы, Сурдлимпиада, Паралимпиада ойындарында да жамбылдық спортшылар әрдайым сенім үдесінен шығып келеді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін, нақты мысалға жүгінейік. Биыл Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында XXIV Жазғы Сурдлимпиада ойындары өткенін спортсүйер жанкүйерлер ұмыта қоймаған болар. Дуы басым додада Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 29 жүлде иеленсе, оның 11-і жамбылдық спортшылардың еншісінде. Осылайша сурдоспортшыларымыз да Жамбыл спортының мәртебесін тағы бір мәрте биіктетіп, жұлдызын жарқырата түсті.
Олимпиада ойындарынан бөлек түрлі әлемдік, халықаралық жарыстарда жеткен жетістіктеріміз қаншама?! Тізбелесек, санап тауыса алмаспыз. Әрбір жеңіс – спорт саласына мемлекет тарапынан көрсетілген сенім мен қолдаудың нәтижесі. Егер өңірімізде спорт сарайлары мен нысандары көптеп салынбаса, спорт саласының дамуына орасан зор қаржы құйылмаса, дәл бүгінгідей биікке көтеріле алмас едік.
Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметовтің айтуынша, бүгінде ел спорты аяғынан тік тұрып, әр қадамын анық басып, қарқынды дамудың даңғыл жолымен алға бастап барады.
– Дені сау ұлт қалыптастыру – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі. Ал денсаулықтың кепілі спорт екенін жақсы білеміз. Сол үшін де мемлекет тарапынан спорт саласын дамытуға, қолдауға айрықша көңіл бөлінуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінгі таңда өңірде спортты дамыту мақсатында жаңа спорт нысандары бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Өткен жылдың өзінде облыста 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп, 5 кешен пайдалануға берілді. Қалған 6 кешеннің құрылысы биыл аяқталады. Сонымен қатар 2022 жылы елді мекендерде жаңадан 12 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Заманауи үлгіде салынған, барлық жағдайы жасалған, сәні мен салтанаты келіскен спорт кешендері ауыл жастарының, тұрғындарының спортпен шұғылданып, денсаулықтарын нығайтуға зор мүмкіндік. Сондықтан жыл санап құрылысы қарқын алып жатқан спорт кешендері талай таланттың жолын ашып, жұлдызын жарқырататыны сөзсіз.
Мұнан бөлек 2021 жылы Тараз қаласы мен аудандарда 89 спорт алаңшасы ашылып, тұрғындардың қуанышын еселеді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Атқарылған жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар қатары өсіп, шалғай елді мекендерде ұйымдастырылған спорттық іс-шаралардың саны да ұлғайды. Сондай-ақ сапасы артты және қатысушылары көбейді. Бұл өз кезегінде облысымызда бұқаралық спорттың дамуына оң ықпалын тигізіп отыр.
2001 жылы облыста дене шынықтыру және спортпен шұғылданатындар саны 8 пайыз ғана болған екен. Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 405,6 мың адамға немесе облыс тұрғындарының 35,4 пайызына жетті. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына 424,9 мың немесе облыс тұрғындарының 36,9 пайызын құрады. 2025 жылға дейін аталған көрсеткішті 50 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Өткен жылы бұқаралық спортты дамыту мақсатында және облыс тұрғындарын дене шынықтыру мен спортпен жүйелі айналысуға тарту үшін қосымша 96 нұсқаушы штаттық бірліктері енгізілді. Нәтижесінде нұсқаушылар қатары 233-ке жетті. 202 нұсқаушы аудандарда жұмыс істейді. Спорт нұсқаушыларына жүктелген негізгі міндет – бекітілген елді мекенінде дене шынықтыру және спортпен айналысатын тұрғындардың санын арттыру.
Жоғары айтып өткенімдей кейінгі бірнеше жылда қаншама дене шынықтыру-сауықтыру кешені, спорт алаңшалары ел игілігіне берілді. Егер кейінгі жылдары пайдалануға берілген және бұрыннан қолданыстағы спорт нысандары қолжетімді болмаса, дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың көрсеткіші өспейтін еді. Алдағы уақытта да Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өткендей спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған жұмыстарды уақыт талабына сай жалғастыра беретін боламыз, – дейді Арман Бақытжанұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, 1991 жылы облыс бойынша 28 спорт мектебі жұмыс атқарған екен. 1996 жылғы тоқырау кезеңінде 20 спорт мектебі жабылып, тек қана 8-ақ спорт мектебі қалыпты. Ал қазір бір жылдың өзінде облысымызда кемі 10 жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде. Осыдан-ақ спорт саласына айрықша назар аударылып жатқанын аңғаруға болады.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» дейді дана халқымыз. Бақтияр Артаев Олимп шыңын бағындырғалы табаны күректей 18 жыл өтіпті. Өкінішке қарай содан бері жамбылдық спортшыларға Олимпиада ойындарының алтыны бұйырмай-ақ қойды. Күміс, қола жүлделердің жөні бөлек. Ендігі үміт – 2024 жылы Франция астанасында өтетін ХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында. Мемлекеттік қолдаудың қайтарымын 2024 жылы көреміз деген сенімдеміз. Жағдай жасалған. Енді тек спортшыларымызға ел үмітін ақтау жолында аянбай тер төгіп, еңбек ету керек.
Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала