Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

СЕРЖАН СЕНІМДІ АҚТАП ЖҮРСЕНІМДІ ЖҮР

СЕРЖАН СЕНІМДІ АҚТАП ЖҮРСЕНІМДІ ЖҮР
ашық дереккөз
СЕРЖАН СЕНІМДІ АҚТАП ЖҮРСЕНІМДІ ЖҮР
Соңғы жылдары спорт саласындағы саңлақтарымыз еліміздің, облысымыздың намысын қорғауда абырой биігінен аласарған емес. Әрине, әрбір жеңістің артында сала мамандарының, жаттықтырушылардың ерен еңбегі жатқаны сөзсіз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Сержан Баденов те ауыл спортын дамытуға, жаңа есімдерді танытуға қомақты үлес қосып жүрген спорт нұсқаушыларының бірі. Сержан Баденов еңбек ететін Құмарық ауылдық округіне қарасты Құмарық, Қаракемер, Алғабас елді мекендерінде шамамен 1200-ге жуық тұрғын бұқаралық спортпен айналысады. Ауылдың талантты спортшыларының аудан, облыс, қала берді ел мерейін үстем етуде аянып қалған кезі жоқ. Әрбір жарқын жеңістің артында Сержан Бәтеновтың еңбегі тұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Сержан Төлешұлы Құмарық ауылдық округінде 2017 жылдан бері спорт нұсқаушысы болып қызмет етеді. Сол уақыттан бері кейіпкеріміз көптеген спортшыларды дайындап, ауыл спортын өркендетуге бар күш-жігерін жұмсап келеді. Ауыл жастарының басын қосып, жаңадан спорт алаңшаларын салып, ескілерін қайтадан кәдеге жаратып жүрген еңбегі де атап өтуге тұрарлық. – Мектеп бітіргенімізге 20 жыл толуына орай 2021-2022 жылы екі кіші футбол алаңшасының орнын ауыстырып, жаңалап, сырлап, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Мемлекеттен тек газон төсеуге 3,6 миллион теңге бөлінді. Ал біз демеушілерден 4 миллион теңгедей қаржы жинап, футбол алаңшаларының орнын ауыстырдық. Спортзалға демеушілердің көмегімен газ кіргізіп, жылу батареяларын іске қостық. Ауылдағы досым екеуміз өз қаражатымызға (1,5 миллион теңге) ауыл жастары үшін «Street Workout» алаңын соғып бердік. Алда жоспар көп. Келесі жылы жергілікті демеушілердің көмегімен ауылға стритбол алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Айта кетерлігі, мектептің спортзалы ауылымыздың балаларына тарлық етуде. Сондықтан аудан басшыларынан 2023 жылы заманауи спорт кешенін соғып беруді сұрадық. Ал ел игілігі үшін жаңартылған спорт алаңдарының болашақта елдің намысын қорғайтын мықты чемпиондар тәрбиелейтін ошаққа айналарына сенімдіміз, – деді Сержан Баденов.  width= Ауылға жанашыр Сержан Төлешұлы бойындағы қарым-қабілеті мен табандылығының арқасында артылған сенім үдесінен шығып келеді. Тиісінше еңбегі де елеусіз қалмай, ескеріліп жүр. Желтоқсан айының басында Астанада өткен «Ауыл алаңынан – Олимпиада тұғырына» атты республикалық конференцияда Сержан Төлешұлы «Үздік нұсқаушы» номинациясымен марапатталды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен I республикалық ауыл нұсқаушыларының конференциясында жерлесімізге марапатты сала министрі Дәурен Абаевтың өзі табыстады. – Ауылдың баласы ес білгеннен еңбекке ерте араласып, спортқа да бейім болып өседі. Ауыр көтеру, аяқ, білек және бел күшін сынасу, аяққа қоржын байлап жүгіру, балтыр байқасу, еңбектеп жарысу, иық, тізе, төс қағыстыру, қол күрестіру, мықын итерісу және тағы басқа түрлі дене қимылдары жас баланың бойына қуат, жанына сергектік сыйлайды. Тек оларды бұлақтың көзін ашқандай іздеп тауып, шеберлігін шыңдап, баулып-баптап, аламан бәйгеге қосу керек. Біздің мақсатымыз да осы. Жастарға жол көрсету, спортқа шыңдау. Сол еңбегіміздің жемісін көруден артық жетістік жоқ. Министрдің қолынан алғаш алған марапатым. Әрине, еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын. Азды-көпті еңбегім үшін басшылар осы марапатқа лайық деп тапқан шығар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Сондықтан мұнымен шектеліп қалмаймын. Бұқаралық спортты дамытып, халыққа жаппай салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жұмыс істей беремін, – дейді Сержан Баденов. Сержан Төлешұлы әскерилер арасында Регби-7 спортынан Қазақстан чемпионы. Шәкірттері де байрақты бәсекелерде ел мерейін үстем етіп жүр. Мәселен, ардагер Нұрғали Маткеримов шахматтан, дойбыдан аудан чемпионы, Жұлдыз Жанысбаева мүмкіндігі шектеулілер арасында дойбыдан 4 дүркін аудан чемпионы, Тілеужан Даулетқұлов «Street Workout»-тан аудан чемпионы, Мамыржан Мамырбек мас-рестлингтен аудан чемпионы атанып, ауылдан шыққан таланттардың қатарын көбейтіп жүр. Сержан әрбір бастамасына қолдау білдіріп, қол ұшын беретін ауылдастарына дән риза. Сөз соңында кейіпкеріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жанашырлықпен жұмыла жұмыс істесек, талай белестерді бағындыратынымызға сенімді екенін жеткізді. Біз де өз кезегімізде Сержан сияқты еліміздің бүгіні мен болашағына алаңдайтын жастарымыздың барына бір марқайып қалдық.

Айжан ӨЗБЕКОВА

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар