Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Үлкенге құрмет – кішіге міндет

Үлкенге құрмет – кішіге міндет
ашық дереккөз
Үлкенге құрмет – кішіге міндет
Қазақ «Қарттар – үйдің қазынасы» деп үлкенді құрметтей білген. Сондықтан бұрынғы заманда қарттар үйі болмаған. Бүгіндері қария атына лайық адамдар азайып, қартайғанда қадірі кетті. Ертеректе жасы қырықтан асқан қазақ қарттыққа бет бұрып, немере бағып, елге үлгі боларлық іс атқаруға тырысқан. «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең...» деп, жасы кішілер оларды қадір тұтқан. «Төріңнен қарт кетпесін» деп, той-томалақты батасыз бастамаған, қариялардың өсиетін тыңдап, батасын алуға тырысқан. Бұл үрдіс қазақ арасында әлі де болғанымен, қазіргі заманда бабалар жолымен жүру сиреп барады. Бұған жаhанданудың салқыны тиіп жатқаны шындық. Ата-әженің тәрбиесін алған балаға халықтың ықыласы ерекше. Ата-әже мектебінен өткен ұрпақ зерек те ерек болып, бүкіл елдің мақтанына айналатын. Қазақ әжесінің керемет образын қалыптастырған бірегей тұлға – Абайдай дананы тәрбиелеген Зере. «Бала өсіргің келсе, дана жүректі қатты ұста, үйрет білім, ізетті», деп Әбу Насыр әл-Фараби айтпақшы, аталардан қалған ұлағатты, ғибрат аларлық сөздерді халықтың асыл қазынасы саналатын қарттарымыз жас ұрпақтарға үйретіп, санасына сіңірсе құба-құп. Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері, салт-дәстүрі, тілі, ұлттық мәдениеті болатыны белгілі. Біздің тәрбиеміз де ананың ақ сүтінен, ана әлдиінен және атаның қасиетті, баталы сөздерінен бастау алады. Халқымыздың әдет-ғұрпын, дәстүрін, тарихын біліп, оны қастерлеп, бүгініміз бен келешегіміздің нәрлі қайнарына айналдыру – әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз. Жасы үлкенге құрмет көрсету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз. Ананың ақ сүтін, әкенің адал күшін ақтау – өз болашағыңды сақтау. Өмір оты ерте өшірілмесе, адам баласының қартаюы табиғи заңдылық. Қарттардың тілегі – ел амандығы, жұрт тыныштығы. Олар бүгінгісін ғана ойламайды, өткен өмір жолын зерделеп, алдын болжауға тырысады. Қарттар – кісіліктің төресі. Жақында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің «Молекулалық биология және генетика» кафедрасында бір кездері ұстаз болған, қазіргі кезде зейнет жасындағы ақсақалдар оқу орнына арнайы шақырылып, студенттермен кездесу өткізілді. Ондағы мақсат – жасы егде тартқан кісілердің ерен еңбегін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру. Кешке келген қарттар өздерінің жастық шақтарының бір күнін еске алғандай болса, студенттер де қарттардың айтқан мейірімге толы әңгімелеріне және берген ақыл-кеңесі мен батасына разы болып тарқасты. Кеш соңында қарттар бүгінгі таңда жылдам дамып, сәт сайын өзгеріп отырған қоғамда қордаланып қалған, күрмеуі қиын мәселелердің шешілу жайын, заманның тамырын тап басып күн кешу ретін сөз етті. Сонымен қатар, жастардың алдына да қойылып отырған мақсат-міндеттер аз емес екенін, білімді ұрпақ қана тығырықтан шыға алатынын жеткізді. Бүгінгі жастардың бақытына орай, бізде тегін білім алып, ғылыммен шұғылданып, идея бөлісіп, оны жүзеге асыруға толық мүмкіндік жасалған. Жақсы білім шексіз мүмкіндіктер ашады. Оның үстіне бұл мәселе бойынша қазақстандықтардың мүмкіндігі шексіз екенін білу көңілге қуаныш ұялатады. Әрине, ол үшін күш салу керек. Айтылған ақыл-кеңес осы жайында болды. Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, Үкімет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептейміз. Сол үшін де мемлекетте жыл сайын Қарттар күні аталып өтеді. Міне, саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің дамуына үлес қосқан алдыңғы буын аға-апаларымызға көрсетер құрмет белгісі. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпақ үшін сарқылмас қазына. Орыс жазушысы Лев Толстойдың «Қарт пен немере» мысалы әркімнің есінде болар. Сол мысалды еске алсақ, бір үйде төрт адам – ата, бала, келін, немере. Кәрі кісі тәрелкені сындырып алады деп, келіні атасына тамақты темір табақпен береді. Бір күні шалдың немересі ағаш жоныпты. Әке-шешесі: – Балам, не істеп отырсың? – деп сұрайды. – Ертең сендер қартайып, атам сияқты болғанда тамақ ішетін ағаш астау жасап отырмын, – депті баласы. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген сөз бар халық даналығында. Өсіп келе жатқан жастарға тәрбие берудің бірден-бір қайнар көзі осындай кештер. Осы тектес іс-шаралар жалғасын таба берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қарттары бар ел – бақытты ел.

Жанар Чунетова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология және биотехнология факультетінің доценті,

Томирис Әбдіманапова, 3-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар