Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

"ТАРАЗ" 2014 ЖЫЛҒЫ ЖЕТІСТІКТІ ҚАЙТАЛАЙ АЛА МА?

"ТАРАЗ" 2014 ЖЫЛҒЫ  ЖЕТІСТІКТІ ҚАЙТАЛАЙ АЛА МА?
ашық дереккөз
"ТАРАЗ" 2014 ЖЫЛҒЫ ЖЕТІСТІКТІ ҚАЙТАЛАЙ АЛА МА?
Футболдан Қазақстан чемпионаты басталғанда «Тараз» футбол клубының тағдырына алаңдаушылық білдіргендер көп болды. Себебі клубтың қаржылық жағдайы аса мәз емес. Сондықтан «Мықты ойыншылардың барлығы басқа клубтарға ауысады», «Жергілікті жастар алысқа бара алмайды», «Биыл да турнир кестесінде оныншы орында қаламыз­ау» деп сәуегейлік танытқандар аз емес еді. Алайда жағдай мүлдем басқаша өрбіді.  Қазір «Тараз» клубы ел чемпионатында 12 турдың қорытындысы бойынша 23 ұпаймен бесінші орынға жайғасқан. Жалпы көш басындағы командалар ұпай айырмашылығы бойынша бір-бірімен құйрық тістесіп келе жатыр. Мәселен, «Ақтөбе» клубы 29 ұпаймен көш бастаса, елордалық «Астана» 27 ұпаймен екінші орынға тұрақтаған. Үздік үштікті 26 ұпаймен «Ордабасы» түйіндеп тұр. «Тараздан» бір саты жоғары орналасқан «Тобылда» 25 ұпай бар. Яғни Нұркен Мәзбаев шәкірттерінің әлі де турнир кестесінде алға жылжуына, тіпті көш бастауына мүмкіндік мол. Футболдан Қазақстан кубогінің топтық кезеңінде де «Тараз» талайды таң-тамаша қалдырды. С тобында өнер көрсеткен жамбылдық аяқ доп шеберлері ұпайдан шашау шығармай, 12 ұпаймен топтан бірінші орынмен шықты. Топтық кезеңдегі алғашқы ойынын өз алаңында қостанайлық «Тобылға» қарсы өткізген «Тараз» ойыншылары 6:1 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ал екінші турда «Мақтаралды» 4:2 есебімен тізе бүктірді. Алайда азулы «Ақтөбеден» айласын асыра алмады. Ойын 0:0 есебімен тең аяқталып, қос команда бір-бір ұпайды қанағат тұтты. Осылайша өз алаңында үш кездесу өткізген «тараздықтар» жеті ұпаймен С тобында сенімді көш бастады. Жерлестеріміз топтық кезеңдегі қалған үш ойынды сырт алаңда өткізді. Әрине, сырт алаңдағы кездесудің оңай болмайтыны айтпаса да түсінікті. Дегенмен біздің жігіттер білгенінен жаңылмады. Алдымен «Ақтөбеге» қонаққа барды. Ақтөбелік мыңдаған жанкүйердің көз алдында өткен бұл матч 1:1 есебімен тағы да тең аяқталды. Алғашқы ойында 6:1 есебімен ойсырай жеңілген «Тобыл» ойыншылары да өз жанкүйерлері алдында есе қайтаруға тырысып, барын салды. Бірақ бұл әрекеттерінен түк шықпады. 5:3 есебімен «Таразға» жол берді. Топтық кезеңнің соңғы турында «Мақтаралмен» өткен сырт алаңдағы кездесу тең аяқталды. Есеп – 1:1. Матчтан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Тараз» футбол клубының бас бапкері Нұркен Мәзбаев: «Әрине, екі команда да 1/4 финалға шығу мақсатын орындап қойған. Бұл ойында топта кім бірінші орын алады деген мәселе шешілді. Оның маңызы бар. Бірінші орынмен шыққан команда бір ойыннан тұратын келесі кезең кездесуін өз алаңында өткізеді. Сол себепті бұл ойында «Мақтааралға» жеңіс, ал бізге тең ойын да жеткілікті еді. Стратегиялық жағынан жоспарымыз кубокті ойындарда барлық футболшыларды чемпионат кездесулеріне барынша жақсы формада әкелу болды. Ол ойындарда ротация жасадық. Негізгі құрам ойыншыларын іс жүзінде көріп, көп сұраққа жауап алғым келген еді. Бірақ жауап ала алмадым. Тағы да бізде шабуылда ойын жүрмеді. Қорғаныста да қателіктер орын алды. Жалпы ойында жүйелілік болмады деп ойлаймын. Мұның бәрін шешуіміз керек. Себебі келесі сырт алаңда «Тобылмен» өтетін кездесу оңай болмайды» деп, жанкүйерлердің сенімін ақтау үшін алдағы ойындарда аянып қалмайтындарын жеткізді. Ал 16 тамызда футболдан Қазақстан кубогі ширек және жартылай финал ойындарының жеребесі тартылды. Нәтижесінде ширек финалда «Тараз» бен «Шахтер» (Қарағанды), «Қайрат» (Алматы) пен «Ақжайық» (Орал), «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Мақтарал» (Түркістан облысы), «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ордабасы» (Шымкент) командалары жұп құрады. Енді 31 тамыз күні «Тараз» өз алаңында қарағандылық команданы қабылдайды. Жергілікті жанкүйерлер асыға күтіп жүрген кездесуде жай отындай жарқылдап, бойларында жанартаудай бұла рухы бұлқынып тұрған жастардан құралған Нұркен Мәзбаев баптайтын «Тараз» командасының жеңісті жолы жалғасатынына сеніміміз мол. Жалпы «Тараз» клубының басынан бақ ұшқалы көп болды. Бүгінде «Тараздың» 2004 жылы Қазақстан кубогінің иегері атанғанын сағына еске алатындар көп. Одан бері де табаны күректей 18 жыл өтсе де клуб ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмады. ...Осыдан 18 жыл бұрын «Тараз» футбол клубы Қазақстан кубогінің финалында алматылық «Қайратқа» қарсы ойнап, жеңісті жұлып алған болатын. Сонда жеңісті голды «Тараздың» аңыз ойыншысы Нұркен Мәзбаевтың соққанын клуб жанкүйерлері әлі де ұмыта қоймаған болар. Кім біледі, мүмкін Нұркен Мәзбаев бапкер ретінде де Қазақстан кубогін төбесіне көтеріп қалар...
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар