Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӘКЕЛІ-БАЛАЛЫ ӘКІМБЕКОВТЕР ӘЛЕМДІК БӘСЕКЕДЕ ТОП ЖАРДЫ

ӘКЕЛІ-БАЛАЛЫ ӘКІМБЕКОВТЕР ӘЛЕМДІК БӘСЕКЕДЕ ТОП ЖАРДЫ
ашық дереккөз
ӘКЕЛІ-БАЛАЛЫ ӘКІМБЕКОВТЕР ӘЛЕМДІК БӘСЕКЕДЕ ТОП ЖАРДЫ
Жуырда Абай облысы, Үржар ауданында құсбегіліктен тұңғыш әлем чемпионаты мәресіне жетті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы, Абай облысының әкімдігі ұйымдастырған айтулы жарысқа әлемнің 7 елінен (Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан, Түркия, Ресей, Украина, Қытай) 100-ден аса спортшы келді. Ашық аспан астында 61 бүркіт, 20 қаршыға, 15 ителгі өз иелерінің бұйрығын бұлжытпай орындап, жарыстың көрігін қыздырды. Ұлттық өнерді ұлықтаған чемпионаттың ашылу салтанатында сөз алған Абай облысы әкімінің орынбасары Ш.Байбеков, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Б.Сәбитов қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық спортымыздың көкжиегінің кеңейе беруіне тілектестіктерін білдірді. Әлем біріншілігінде спортшылар «Бүркіт», «Қаршыға», «Ителгі» бағыттары бойынша сынға түсті. Әр бағыт бойынша бірінші, екінші орындарды Қазақстан ұлттық құрамасының құсбегілері жеңіп алды. Қазақстан еншісінде барлығы 9 жүлде. «Бүркіт» бағыты бойынша жерлесіміз Серікболсын Бабажан І орынды иеленіп, мерейімізді үстем етті. Меркі ауданының жас құсбегісі, құсбегіліктен спорт шебері, ҚР 5 дүркін чемпионы, Азия жүлдегері, жамбы атудан ҚР жастар арасындағы чемпионы Серікболсын Жалғасұлы чемпионат барысында үздік өнерімен көзге түсіп, тағы бір мәрте алтыннан алқа тағынды. Бұған дейін де Серікболсын Жалғасұлы талай айтулы жарыстарда облыс, ел намысын абыроймен қорғаған. Серікболсынның әкесі Жалғас Бабажанұлы да құсбегіліктен еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, 2016-2018 жылдары Қырғызстан мемлекетінде өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынының екі мәрте жеңімпазы. Ұлдары Бақдаулет, Серікболсын, Берікболсын да бүгінде құсбегілік, жамбы атудан жүзден жүйрік шығып жүр. Жерлестерімізді жарқын жеңісімен құттықтап, ұлттық спорттың бәсін биіктете беріңіздер дегіміз келеді.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар