Теннистен ӘЧ: Қазақстан Ұлыбритания құрамасын жеңіп кетті
Шотландияның Глазго қаласында теннистен командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде С тобында Қазақстан Ұлыбритаия құрамасын ұтты, деп хабарлайды Arainfo тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Осыған дейін қарсыластардың екі мәрте жолдары тоқайласқан. Екеуінде де қазақстандық теннисші британдықтан айласын асырды.
Бірінші партияда есеп 1:1 болғаннан кейін Е.Рыбакина дес бермей, қатарынан бес геймді алды - 6:1.
Екінші сетті қазақстандық спортшы 2:0 есебімен сәтті бастағанымен, Дарт таразы басын теңестірді. Есеп 4:4 болған мезетте Елена тағы бір брейкке қол жеткізді. Содан кейін матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Осылайша, Қазақстан 2:0 есебімен алға шығып, жеңісті қамтамасыз етті. Енді қалған жұптық бәсеке ештеңені шешпейді.
Сәрсенбі күні қазақстандық қыздар С тобында Испаниямен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, жартылай финалға жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен командалық әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Ұлыбританиямен кездесетінін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Ұлыбританиямен матчта Юлия Путинцева Қазақстанды алға шығарды.
Екінші кездесуде Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Елена Рыбакина мен дүниежүзілік рейтингте 98-сатыда тұрған Хэрриет Дарт кортқа шықты.