ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – БАСТЫ НАЗАРДА
Байзақ ауданының Талас ауылында ветеринария стансасының эпизоотиялық-энзоотиялық жағдайға байланысты атқарған іс-шараларының есебі таныстырылды.
Жалпы, Байзақ ауданында қазіргі таңда ірілі-ұсақты малдардың бəріне тиісті вакцинация жүргізілген.
– Байзақ ауданында жылдан-жылға мал басы көбейіп келе жатыр. Қазіргі таңда мүйізді ірі қара 57800-ге, ұсақ мал 436600-ге, жылқы 21000-ге, түйе 1230-ға, шошқа 900-ге жетті. Жалпы, ауданда 18 ауылдық окург болса, оның 15-і ветеринариялық ғимаратпен қамтылған. Байзақ ауданы бойынша 120 қызметкер жұмыс істейді. Жаңадан жас мамандарды да тартып жатырмыз, – дейді Байзақ аудандық ветеринария стансасының бөлім басшысы Еркінбек Оразов.
Қазақ халқы атам заманнан мал шаруашылығымен айналысып келе жатқандықтан төрт түліктің жай-күйіне қанық. Дейтұрғанмен малда да неше түрлі жұқпалы аурулар болады. Тіпті кейбірі мал арқылы адамға жұғады. Ондай кезде оларды емдейтін мал дəрігерлері ауадай қажет. Қазіргі таңда бұл салаға да қызығушылық танытып, мал дəрігері болғысы келетін ауыл жастары аз емес.
– Мен 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін ветеринария мамандығы бойынша бітіріп, өз ауылыма қызмет етейін деп келген жас мамандардың бірімін. Бастысы бұл жұмыс өзіме ұнайды. Жас мамандар үшін бұл жерде бүкіл мүмкіндіктер қарастырылып, жағдай жасалуда. Қазақ төрт түлік малмен айналысатындықтан, бұл мамандықтың өміршеңдігі ұзақ деп есептеймін, – дейді жас маман Қуат Аманқұлов.
Сондай-ақ бірдейлендіру жұмыстары бойынша да қазірге дейін 134070 төл сырғаланған. Түрлі жұқпалы аурулардың да алдын алу іс-шаралары қарқынды жүріп, Байзақ ауданы бойынша мал ауруынан алаңдайтын күрделі мəселе жоқ.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала