ӨТІНІШІМІЗ УӘКІЛЕТТІ ОРГАНҒА ЖОЛДАНДЫ
Газетіміздің биылғы 23 шілдедегі №29 санында жарияланған «Дәмді себет» дүкені мемлекеттік тілді менсінбей ме?» атты мақаламызда біз кезіктірген жайттарға қатысты заң аясында түсінік берілуін Тараз қалалық прокуратурасынан сұрағанымызды жа зған едік. Ол сұранысымыз Тараз қалалық әкімдігіне жолданыпты. Осыған байланысты редакциямызға қала әкімінің орынбасары Бақдәулет Сариевтен жауап келді.
«ТІЛ ТУРАЛЫ» ЗАҢНЫҢ САҚТАЛУЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
Сіздің e-Otinish жүйесінде тіркелген өтінішіңіз Қазақстан Республикасының әкімшілік-рәсімдік Кодексінің негізінде Тараз қаласы әкімі аппаратында қаралды. Қарастыру нәтижесі бойынша келесіні хабарлаймын: Қазақстан Республикасында тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын және тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге, құқықтық қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды реттейтін уәкілетті орган Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңымен айқындалған. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі «Қазақстан Республикасындағы Тiл туралы» Заңының 8-бабына сәйкес, мемлекеттiк тiл Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады, орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады. Мемлекеттiк емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттiк тiл және қажет болған жағдайда басқа тiлдер қолданылады. Аталған заңның 21-бабына сай, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады деп көрсетілген. «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының нормаларына сәйкес, Қазақстан Республикасында тiл туралы заңнамалардың сақталуын бақылауды тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган яғни, орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асырады. Тараз қалалық әкімдігі өз тарапымыздан өндірушілер мен сауда желілері иелерінің назарын қазақ тіліне құрметпен қарауға, тауарлардағы аударма сапалы болуы керектігін үнемі түсіндірме жұмыстарын жүзеге асыра отырып, тауар қаптамаларындағы қазақ тілінде грамматикалық қателердің алдын алу және «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының сақталуын назарда ұстап келеміз. Осы орайда өзіңізге белгілі облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп, қала аумағында мемлекеттік тілді оқытудың қолжетімділігін арттыру және мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында «Менімен қазақша сөйлес» акциясы «Светофор», «KORZINKA» және әлеуметтік дүкендерде өткізіліп, мемлекеттік тілде қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруға арналған оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулықтар таратылған. Өткізілген іс-шаралар туралы ақпараттар әлеуметтік желілерде жарияланған. Сіздің өтінішіңізде көрсетілген сұрақ уәкілетті органның назарына жеткізілгендігі туралы хабарлаймын.Бақдәулет САРИЕВ, Тараз қаласы әкімінің орынбасары
ҚАЗАҚША ЖАҢА МӘЗІР ӘЗІРЛЕНЕТІН БОЛДЫ
Мемлекеттің тілдің мәртебесін көтеру, қоғамдық орындарда қолданылу аясын кеңейту үшін «Мемлекеттік тілді менсінбейтін дәмханалар» тақырыбындағы мақаламыз газетіміздің өткен санында жарық көрген еді. Онда «Baristacrat» кофеханасының әкімшісінің ҚР «Тіл туралы» Заңының талабын сақтамай отырғаны, тілші сұрағына менсінбеушілікпен қайтарған жауабы баяндалған. Осыған байланысты редакциямызға Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен жауап хат келді. Бізге «Ас мәзірін жақында ғана өзгерттік, енді өзгерткен кезде қазақша жазуды қарастырармыз» деп жауап қатқан аталмыш кофехана әкімшісі ас мәзірін мемлекеттік тілде нақты өзгертетіндерін жеткізіпті. Назарға алған мәселенің оң шешім тапқанын оқырмандарымызға сүйіншілей хабарлағымыз келеді. Аталған хатта Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бахыт Тоқсанбаева: «Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қаламыздағы нысандардың сыртқы көрнекі ақпарат құралдарында ҚР «Тіл туралы» Заң талаптарының сақталуы бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырады. Ағымдағы жылы «Менімен қазақша сөйлес!» акциясы жарияланып, қала бойынша сауда орталықтары, шағын және орта бизнес субъектілеріне, банктер мен халыққа қызмет көрсету мекемелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілді. Нысан иелеріне заң талаптары мен жауапты мамандардың байланыс телефондары жазылған парақшалар таратылып, тегін аударма жұмыстары жүргізілетіні айтылды. Бөлім тарапынан «Baristacrat» кофеханасының әкімшісімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, 2 айдан соң кофехананың ас мәзірі жаңаланатын болады, сол уақытта заң талаптарына сәйкес жаңа мәзір әзірленетін болады», депті хатта.Дайындаған Қамар ҚАРАСАЕВА
Келесі мақала