Газеттің қоғамдағы рөлі зор
Облыстық «Aq jol» газетінің биылғы 100 жылдығына орай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде болашақ журналистермен кездесу өтті. Газет қызметкерлері аталмыш оқу орнында журналистика мамандығы бойынша білім алып жүрген жастармен пікірлесіп, бүгінгі баспасөз турасында әңгімелесті.
Облыстық «Aq jol» газетінің бас редаткоры Хамит Есаман аталмыш басылымның кешегі тарихына шолу жасап:
– Жаңарған уақытпен бірге өзгерген қоғамға қарай газеттің аты да бірнеше рет жаңғырған. Мәселен 1922 жылы «Кедей еркі» деген атаумен оқырманға жол тартқан басылым «Колхозшы», «Диқан дауысы», «Коммунист», «Колхоз жолы», «Сталиндік жол», «Еңбек туы» болып өзгеріп отырған. Газет – ұжымдық жұмыс. Бұл басылымда еңбек еткен әрбір қаламгердің еңбегі зор. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың жылдық» деген сөз бар. «Aq jol» да қоғамымыздағы өзекті тақырыптарды қозғап, түйткілді мәселелердің шешімін табуына үлес қосып келеді. Газетіміз 1948 жылы «Сталиндік жол» деп аталған тұста қазақ детектив жанрының атасы Кемел Тоқаев осында еңбек етіп, әлеуметтік ауқымы кең мәселелерді көтереді.
Одан бөлек, Мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа жазықсыз жала жабылғанда газет қызметкері Қыстаубай Байтуов Алматыдағы Қонаевтың үйіне есебін тауып кіріп, өзімен сөйлесіп, сұхбатын осы газетте жариялаған. Асанбай Асқаровқа жала жабылып, Бішкекте соты болып жатқанда ақын Жақсылық Сәтібеков «Асқаровтың соты» деген көлемді мақала жазған. Міне, осылай «Елім» деген ерлерге жала жабылғанда да газет араша түсе білген.
1939-1942 жылдары газетке редакторлық еткен Жайық Бектұров өз естелігінде редакцияның жағдайы қиын болғанын жазып «Мен жұмысқа келгенде 2 журналист бір қаламсаппен кезектесіп жазып отыр екен» дейді. Қалам да, қағаз да жоқ кезең. Мәскеуден жарты қап сурет келеді екен, тақырыпқа түк қатысы жоқ болса да анда-санда бір салып отырыпты. Архивтен қарасақ, ол кездерде газет 1 ғана парақ болып шығыпты. Міне, сондай да кезеңдерден өткен, – деді.
«Aq jol» газетінің қазіргі қызметкрелері өз естеліктерін әңгімелеп беріп, студенттер сұрақтарын қойды.
«ARAI» – ақпарат
Келесі мақала