МЫҢЖЫЛДЫҚ МҰРАҒАТТАРҒА ҰЛАССЫН
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Aq jol» газетінің 2014-2017 және 2018-2020 жылдардағы директор-бас редакторы:
Өткен жолымызға қарап отырсам, бәрі де әдемі естеліктер екен. Сол естеліктерге қарап журналистік еңбек жолыңның текке өтпегеніне, өміріңнің мәнді де, мағыналы жылдарының «Aq jol» сияқты облыстық газеттің беттерінде шежіре боп хатталып қалғанын ойлап, көңілің марқаяды екен. Елу немесе жүз жылдан кейін облысымыздан әйтеуір бір жанашыр журналист-қаламгер шығып, «Aq jol»-дың» архивтегі тігіндісін ақтарып, оның сарғайған беттеріндегі қызықты мақалаларға лайықты баға беретініне, сөйтіп Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты оқырмандарына газетіміздің тағылымды тарихын жеткізетініне кәміл сенем.
Атыңнан айналайын ақжолтай газетім – «Aq jol»! Сен маған қашан да ыстық, қашан да қымбатсың. Сенің әр нөміріңнен жақсы мақала, әдемі әңгіме, өрнекті өлең оқысам әріптестеріме табан астында телефон шалып, ризашылығымды білдірем. Ой-пікірлерімді де айтып отырам.
«Aq jol» менің әдебиет деген киелі сөз өнеріндегі тұсауымды ең алғаш кескен ақжолтай газетім. Сондықтан оның жаман аты шыққанын ешқашан қаламаймын. Жүз жылдық тарихи жолың мыңжылдық мұрағаттарға ұлассын, «Aq jol»-ым!
Келесі мақала