Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТАРАЗ шаһары Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізімінде

ТАРАЗ шаһары Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізімінде
ашық дереккөз
ТАРАЗ шаһары Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізімінде
Тараз қаласында төрт күндік халықаралық қолөнершілер көрмесі өтті. «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты ауқымды шараға алыс-жақын шетелдерден және еліміздің әр аумағынан қолөнершілер қатысты. Алдымен облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм және индустрия комитетінің төрағасы Дастан Рыспековті және аталған көрмеге өз қолөнершілерін бастап келген Азия және Тынық мұхиты аймағы қолөнершілер кеңесінің вице-президенті Азиз Мұртазаевты, Қырғыз Республикасы іс басқармасына қарасты қолөнершілер кеңесінің бас директоры Эльдар Аптоқұловты, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлиеваны қабылдады. Кездесу барысында тараптар Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енуіне қатысты орамды ойларын ортаға салып, пікір алмасты. – Тараз – екі мың жылдан астам тарихы бар ежелгі қала. Бүгінгі таңда қаламыз заманға сай түрленіп, жаңарып отыр. Біз сіздермен осындай ерекше сәтте кездескенімізге қуаныштымыз. Тараз қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы тізіміне енгізілуі – үлкен мәртебе. Сіздерге абырой мен табыс тілеймін, – деді Нұржан Молдиярұлы. Өз кезегінде қонақтар да жылы шыраймен қарсы алған жамбылдықтарға ризашылығын жеткізіп, аймақтың мәдени, рухани бағытындағы жұмыстарын оң бағалады. Облыстың қолөнершілік және туристік әлеуеті жоғары екенін атап өткен Азия және Тынық мұхиты аймағы қолөнершілер кеңесінің вице-президенті Азиз Муртазаев Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізімі 2014 жылдан бері құрылғанын, бүгінгі таңда бұл тізімге дүниежүзінің 59 қаласы енгендігін атап өтті. Сондай-ақ ол Тараз қаласы аталған тізімге енген Қазақстандағы алғашқы қала екендігін жеткізді. Жиынды облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қорытындылап, қонақтарға алғысын айтып, сыйлықтар ұсынды. Бұл күні «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде халықаралық қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды. Оған әлемнің бірнеше елінен кесте тігіп, ою ойған, темірден түйін түйген шеберлер қатысты. Түркия, Нидерланд, Үндістан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Қырғыз елдерінен және басқа да мемлекеттерден келген қолөнердің үздіктері сан алуан бұйымдарымен көрменің көркін қыздырды. Мұнда қойылған қолөнер бұйымдарын тамашалап, сатып алып жатқандардың қатары көп болды. Көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм және индустрия комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков және облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бірге аралап, бұйымдардың сапасына назар аударды. Оларды облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков және сән дизайнері, аталған көрмені ұйымдастырушылардың бірі Айдархан Қалиев жұмыс барысымен таныстырды. Көрмеге еліміздің бірқатар облыстарынан да қолөнершілер шақырылды. Сондай-ақ өңірлік коммуникациялар қызметінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты баспасөз мәслихаты өтті. Брифингте мәртебелі меймандар мен ұйымдастырушылар халықаралық көрменің барысы жайлы ойларын ортаға салды. Комитет төрағасы Д.Рыспеков халықаралық қолөнершілер кеңесі Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне қосқанын, бұдан былай тараздық қолөнер шеберлері де әлемдік деңгейдегі майталмандармен тәжірибе алмаса алатынын тілге тиек етті. Ал облыс әкімінің орынбасары Қ.Мәдібек: «Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесі 1964 жылы Белгияда тіркелген. Содан бері 59 қала есепке алынған. Оның ішінде Өзбекстанның 4, Қырғыз елінің 1 қаласы бар. Қазақстаннан тұңғыш рет Тараз қаласы осы мәртебесі жоғары кеңестің тізіміне еніп отыр. Бұл алдағы үлкен мүмкіндіктерге жол ашылды деген сөз», деді. Мұнан соң шетелден және еліміздің өзге облыстарынан келген қонақтарға «Көне Тараз» кешеніндегі амфитеатрда Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілерінің концерті ұсынылды. Айжан ӨЗБЕКОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар