Конференцияны Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова ашып, өткен жылы атқарылған жұмыстармен таныстырды.
– Ардагерлер қозғалысы бүгінде қоғамның үлкен күшіне айналды деп батыл айта аламыз. Біздің мақсатымыз –ұзақ жыл еңбектің бейнетін көрген, жасы егде тартқан жандардың қартайған шағында қоғамдық ортадан тыс қалмай қамқорлыққа бөленуіне, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, көрсетілетін барлық қызмет түрлерінің сапалы болуына ықпал ету. Сондай-ақ ардагерлердің жастарды ата-бабаларымыздың ұлттық құндылықтар үрдісі негізінде тәрбиеленуіне қолдау жасау. Қазіргі таңда 57 мыңнан аса зейнеткер есепте тұр. Олар 234 бастауыш ұйымға топтастырылған. Бүгінде қаламызда небәрі 4 Ұлы Отан соғысының ардагері мен 538 тыл еңбеккері тұрмыс кешуде. Оларға құрметіміз зор. Қалалық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен 100 жасқа толған соғыс ардагерлерінің мерейтойлары аталып өтті. Сонымен қатар мекемелер, кәсіпорындардың, түрлі қайырымдылық қорлардың, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен 2 мыңға жуық қарияға азық-түлік себеттері мен бағалы сыйлықтар табысталды, – деді Күләш Әмендияқызы.
Сонымен қатар бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мұрат Жұмаділдаев, білім саласы жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Баймұрат Жақсыбеков, денсаулық сақтау саласы жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Жұмакүл Абылгазина, аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова, билер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Досымбеков, төралқа мүшесі Абдурахман Зайнутдинов жарыссөзге шықты.
Іс-шара соңында конференция делегаттары қалалық ардагерлер кеңесінің есепті кезеңдегі жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Сондай-ақ қалалық ардагерлер кеңесінің жаңа құрамы мен облыстық ардагерлер ұйымының конференциясына делегаттар сайлады.
Конференциядан кейін алғашқы ұйымдастыру пленумы өтіп, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Күләш Әбдікешова бірауыздан қайта сайланды.
Сымбат ҚУАНЫШ




