Жалпы «Шу-Талас» бассейндік су инспекциясы Қазақстан Республикасы Су кодексінің 24-бабына сәйкес, су қорын қорғау және пайдалану саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады. Сонымен қатар, жерүсті су ағынын реттеу кезінде гидротехникалық құрылыстар жұмысының су режимін бекітеді.
Инспекцияның басты міндеттерінің бірі – су заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу. Бұл бағытта су объектілерін пайдалану талаптарының орындалуы тексеріледі; су қорғау аймақтары мен белдеулерінің режимі бақыланады; заңсыз су алу және рұқсатсыз құрылыс фактілерінің алдын алу шаралары қабылданады; гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіз пайдаланылуына мониторинг жүргізіледі.
Соңғы жылдары климаттық өзгерістер мен су ресурстарының азаюы жағдайында су үнемдеу мәселесі өзекті бола түсті. Осыған байланысты инспекция тарапынан су пайдалану лимиттерінің сақталуы қадағаланады; суармалы егіншілікте су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі; вегетациялық кезеңде су беру режиміне тұрақты мониторинг жасалады; буферлік көлемдерді сақтау және суқоймаларының жұмыс режимін үйлестіру шаралары атқарылады. Бұл жұмыстар өңірдегі су тапшылығы тәуекелдерін төмендетуге және ауылшаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Инспекция өз қызметінде ашықтық қағидатын ұстанады. Азаматтардың өтініштері мен шағымдары белгіленген тәртіппен қаралып, заң аясында тиісті шешімдер қабылданады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдармен, су пайдаланушылармен және шаруашылық субъектілерімен тығыз өзара іс-қимыл орнатылған.
Трансшекаралық өзендер бойынша көршілес мемлекеттермен өзара іс-қимыл жасау да инспекция жұмысының маңызды бөлігі. Шу және Талас өзендері бойынша су бөлу, вегетациялық кезеңдегі су беру кестесін сақтау мәселелері тұрақты бақылауда ұсталады.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы екіжақты су қатынастары 2000 жылғы 21 қаңтарда Астана қаласында жасалған «Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық су шаруашылығы құрылыстарын бірлесіп пайдалану туралы» үкіметаралық келісім негізінде реттеледі.
Су бөлу процесі 1983 жылғы 23 ақпандағы КСРО Мелиорация және су шаруашылығы министрінің орынбасары бекіткен «Шу өзенінің су ағынын бөлу туралы» және «Талас өзенінің су ағынын бөлу туралы» ережелер мен 1948 жылғы Куркуреу-Су және Аспара өзендері бойынша уақытша су бөлу тәртібі негізінде жүзеге асырылады.
2025 жылғы 25 сәуірде Астана қаласында Қазақстан Республикасымен Қырғыз Республикасының арасында Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының (ШТСК) отыз бесінші отырысы өтіп, пайдалануға берілетін судың кестесі келісіліп, бекітілді. Кестеге сәйкес, Қазақстанға Шу өзені бойынша 180 миллион текше метр, Талас өзені бойынша 400 миллион текше метр тиесілі болды.
Жаңа Су кодексі еңгізілген соң нспекцияның құзыреті мен функциялары күшейтілді. Мәселен инспекция тарапынан 2023 жылы 1,8 мың теңге, 2024 жылы 6,5 миллион теңге айыппұл, ал 2025 жылы 7,3 миллион теңге айыппұл салынды. Яғни, 2024 жылмен салыстырғанда 800 мың теңге көп айыппұл салынды. Бұл инспекторлардың бақылау-қадағалау қызметін күшейту нәтижесінде қол жеткізген көрсеткіш.

Сонымен қатар, облысымыздағы гидротехникалық құрылыстардың су тасқыны кезеңіне дайындығы тұрақты бақылануда. Облысымыздың аумағында бүгінгі таңда 142 тірек гидротехникалық құрылыс (ГТҚ) болса, 21 нысан республикалық меншікте, 113 нысан коммуналдық меншікте, ал 8 нысан жекеменшікте.
Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын екі рет техникалық жай-күйі зерделеніп, тиісті актілер жасалады. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп арнайы жұмыс топтары құрылып, су тасқынының алдын алу шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде облыстағы гидротехникалық құрылыстардың 93,6 пайызы қанағаттанарлық жағдайда екені анықталды. Ал 6,4 пайызына жөндеу жұмыстары қажет. Дегенмен, аталған нысандар елді мекендерге қауіп төндірмейді және олардың жай-күйі тұрақты бақылауда.
Бүгінгі күнге республикалық меншіктегі суқоймаларда рұқсат етілген көлемнен 51 пайыз су, коммуналдық меншіктегі су қоймаларда 34 пайыз су бар. Облыс аумағында барлық суқоймалар жинақтау режімінде тұр.
Облыстың ірі суқоймалары саналатын «Тасөткел»-де 389,5 миллион текше метр (78 пайыз), «Теріс-Ащыбұлақ»-та 42,515 миллион текше метр (29 пайыз), «Ынталы»-да 3,911 миллион текше метр су (13 пайыз) жинақталған.
Облыстың барлық суқоймаларында тасқын суларды және еріген суларды қабылдау үшін бос сыйымдылық реттелетін болады. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалымен, облыстық және аудандық су тасқынына қарсы комиссиялармен, төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтермен тұрақты байланыс орнатылып, жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында көктемгі су тасқынын болдырмау мақсатында облыс әкімінің орынбасарымен су тасқынына қарсы іс-шаралар мен инженерлік жұмыстардың 2026 жылға арналған жоспары бекітілді.
Жалпы «Шу-Талас» бассейндік су инспекциясының қызметі – тек бақылау ғана емес, өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді әрі жауапты жұмыс. Су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы ортақ міндет. Осы жолда инспекция ұжымы кәсіби әрі нәтижелі қызмет атқара бермек.
Нұрсұлтан АҚЖОЛОВ,
«Шу-Талас» бассейндік су инспекциясы
басшысының міндетін атқарушы




