Алдын ала мәліметтерге сәйкес, кәсіпорын бухгалтері компания қаражатын заңсыз иемденіп, оны «1XBet» букмекерлік кеңсесінде бәске тіккен. Сонымен қатар, күдікті жымқырылған қаржыға жаңа автокөлік сатып алғаны белгілі болды.
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 118 миллион теңгені құрады.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу ісін арнайы прокурорлар жүргізуде.
Сот санкциясымен күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Сондай-ақ сатып алынған автокөлікке тыйым салынды.
Прокуратура бұл жағдай ойынға тәуелділіктің мемлекет мүдделеріне елеулі зиян келтіріп, ауыр құқықбұзушылықтарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, 2025 жылы облыста прокуратураның қадағалау актілері негізінде букмекерлік кеңселерде бәс тігуге қатысқаны үшін түрлі мемлекеттік органдардың 16 қызметкері жұмыстан босатылған.
Қадағалау органы бюджет қаражатын заңсыз пайдаланудың жолын кесу және анықтау бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыратынын мәлімдеді.


