Оқиға туралы хабар түскен сәттен бастап Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі дереу әрекет етті. Аудандық ТЖБ бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Кеңесбек Абдраимовтің басшылығымен құтқару күштері оқиға орнына жедел жетті. Құтқару жұмыстарына Б.Момышұлы ауылындағы №7 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы да тартылып, барлығы 6 маман қызмет атқарды. Олар TOYOTA Hilux және УАЗ автокөліктерімен жолға шықты.
Оқиға орнына жеткенде басты қиындықтардың бірі – көк тайғақ жол болды. Қардың күндіз еріп, кешке қарай қайта қатуы салдарынан жол беті мұзға айналып, қозғалысқа айтарлықтай қауіп төндірген. Соған қарамастан, құтқарушылар кәсіби шеберлік танытып, зардап шеккендерді қысқа уақыт ішінде көліктерден шығарып, алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетті. Әсіресе, зардап шеккен 6 балаға небәрі 5 минуттың ішінде алғашқы көмек көрсетілуі – құтқарушылардың жоғары дайындық деңгейінің айғағы.
Медициналық қызметкерлер екі адамды аудандық ауруханаға жеткізсе, қалған зардап шеккендер құтқарушылардың көмегімен емдеу мекемелеріне тасымалданды. Оқиға салдарын жою барысында ТЖБ қызметкерлері жол бойымен келе жатқан басқа автокөлік жүргізушілерін көк тайғақ туралы ескертіп, қосымша апаттардың алдын алды.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қысқы кезеңге толық дайын екенін де атап өтті. Қазіргі уақытта апаттық-құтқару жұмыстарына арналған шынжыр табанды техника, жол талғамайтын көліктер, қар мен боранда жүруге бейімделген снегоходтар, «Газ-66 КУНГ» секілді арнайы автокөліктер, жоғары өтімді өрт сөндіру автоцистерналары және барлық қажетті құрал-жабдықтар сақадай сай. Жеке құрам жылы киіммен, жанар-жағармай қорымен және техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Осы оқиғадан кейін ТЖБ басшысы Кеңесбек Абдраимов тұрғындарға қыс мезгілінде жолға шығу кезінде барынша сақ болуға шақырды. Ол дауылды ескерту туралы SMS хабарлама алынған жағдайда аса қажеттілік болмаса жолға шықпауды, ал жолға шыққан жағдайда автокөліктің техникалық жағдайын мұқият тексеріп, міндетті түрде қыстық дөңгелек қолдануды, жылдамдық режимін сақтап, көлік арақашықтығын ұстануды ескертті.
Бұл оқиға тек қана құтқару жұмыстарымен шектелмей, адами жылылықпен жалғасын тапты. Жуалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Кеңесбек Өмірбекұлы Абдраимов жол апатынан зардап шеккен 9 жастағы қызды ауруханада арнайы барып көріп, келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Ол балаға жаңа жылдық сыйлықтар табыстап, тезірек сауығып кетуін тілеп, кішкентай жүрекке үміт пен қуаныш сыйлады.
Бұл игі қадам төтенше жағдайлар қызметкерлерінің тек өз міндетін атқарып қана қоймай, адам тағдырына бейжай қарамайтын, шынайы жанашырлық пен мейірімділік таныта білетін азаматтар екенін айқын көрсетті. Қиын сәтте қол ұшын созып, қауіптің ортасында жүріп адам өмірін сақтауды басты мақсат еткен құтқарушылардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.



