Ведомствоның мәліметінше, теріс пиғылды адамдар WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы азаматтарға хабарласып, өздерін Ұлттық Банк немесе басқа мемлекеттік органдардың қызметкері ретінде таныстырады. Сенімге кіру үшін олар ресми эмблемалар мен суреттерді пайдаланып, жалған бланкілердегі құжаттарды, мөрі мен қолы қойылған анықтамаларды жолдайды.
Алаяқтар психологиялық қысым көрсетіп, азаматтарға олардың атына белгісіз біреулер кредит рәсімдеп жатқанын немесе рәсімдеуі мүмкін екенін хабарлайды. Сонымен қатар «алаяқтықтың алдын алу» немесе «ескі қарыздарды есептен шығару» сылтауымен микрокредит рәсімдеуге итермелейді. Бұл үшін мемлекеттік порталдар мен банктерден келетін СМС-кодтарды сұратады.
Сондай-ақ, қаскөйлер Ұлттық Банктің атынан жалған хаттар жолдап, шет тіліндегі құжаттарға байланысты ақша аударымын уақытша тоқтатқанын айтып, «ресми аударма үшін төлем жасауды» талап етеді. Ақшаны кейін қайтарып береміз деп сендіреді.
Осыған байланысты Ұлттық Банк азаматтарды қырағы болуға, белгісіз тұлғалардан келіп түскен қоңыраулар мен құжаттарды тексеруге, СМС-кодтарды, жеке деректерді бермеуге және үшінші тұлғаларға ақша аудармауға шақырады.
Ведомство өкілдері Ұлттық Банк қызметкерлері аудио немесе бейнеқоңыраулар шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, инвестициялық өнімдер ұсынбайтынын және халықпен тікелей ақшалай есеп айырысу жүргізбейтінін еске салды.
Егер азаматтар алаяқтардың құрбаны болса, құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылады. Ал қосымша кеңес алу үшін Ұлттық Банктің Байланыс орталығына 1477 қысқа нөмірі арқылы хабарласуға болады.



