Кеш шымылдығы нәзік саксафон әуенімен ашылып, ақынның өз өлеңімен жалғасты. Алғашқы сәттен-ақ көрермен жүрегін тербеген бұл шара жас қаламгердің ішкі жан дүниесін, шығармашылық болмысын тереңінен танытты. Кеш барысында ақынның өмір жолы, шығармашылық ізденістері мен спорттағы жетістіктері сөз болды. Айта кетерлігі, Санжар Қанатбек – пара пауэрлифтингтен бірнеше дүркін Қазақстан және әлем чемпионаттарының жүлдегері. Бұл оның қайсарлығы мен табандылығының айқын дәлелі.
Кештің әсерлі сәттерінің бірі – композитор Айнаш Бейсеннің ақынның «Қиын екен» өлеңіне жазылған әнді орындауы болды. Сонымен қатар, «Ақберен» үйірмесінің жас өрендері ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жас термешілердің орындауындағы термелер кештің рухани салмағын арттырды.
Шара барысында оқырмандар мен көрермендер ақынға сауалдарын қойып, ашық сұхбат форматында ой бөлісті.
Сонымен қатар кеште Санжар Қанатбектің «Жарық дүние» атты кітабының, оның Брайль қарпіндегі нұсқасының және арнайы дайындалған аудиокітабының тұсаукесері ұйымдастырылды.
Өлең мен әуен, сезім мен сенім астасқан бұл рухани жүздесу көрермен көңілінде ұзақ сақталары анық. Осы ретте назарларыңызға жас ақынның өлеңдерін ұсынуды жөн көрдік.
КІМ БОЛАМЫН?
Өскенде ақын боламын,
Қияға құс боп қонамын.
Сөзіммен темір балқытып,
Ойыммен ағаш жонамын.
Ақындық деген ауылға,
Өлеңнен өрнек саламын.
Жазылған әрбір жырымнан,
Гүл исі аңқып даланың,
Сәулеті тұрар көрініп,
Соғылған жаңа қаланың.
Жолбасшы болар қаламым.
СПОРТ
Таңменен ерте тұрып оянайық,
Тік тартылып турникті таянайық.
Жанымыздың саулығын ойлар болсақ,
Тәнімізді қимылдан аямайық.
Ұйқы арсыз екенін ұмытпайық,
Салауатты өмірді ұлықтайық.
Зіл темірді күш салып көтеруден,
Қорықпаңыз кетер деп шыбық тайып.
Ендеше еш уақытта ерінбейік,
Жаттығудан жалығып жерінбейік.
Жігеріңді жасытпай жеңіп шықсаң,
Жұлдызың жарқырайды сенің биік.
Өзгелерге үлгі боп ісімізбен,
Сенім оты көрінсін түсімізден.
Қаймықпай қарсыластан қай кезде де,
Алайық жүлдені өз күшімізбен.
Шырқайтын еліміздің Әнұранын,
Қыздырайық қазақтың қанын-жанын.
Спортпенен айналыс Алашыңды,
Қаласаң айдай әлем танығанын.
АТА-АНАМ –АСЫЛЫМ
Анам менің асылым – айдын -көлім,
Әкем болса асқар тау – айбын төрім!
Өздеріңмен көңілім құлпырады,
Жылытқандай жанымды күн шуағы.
Ата-анам асылым, арай бағым,
Ертеңіме елеңдеп қарайладың.
Перзенттерін ойласа қамығатын,
Жанына не керегін дәл ұғатын.
Ата-анам, тұғырымсың асыл биік,
Сіздерді құрметтеймін басымды иіп.
АНАШЫМ
Анашым – шұғылалы алтын таңым,
Сәт сайын саған қарай талпынамын.
Түн ұйқыңды төрт бөліп өсіріп ең,
Мен нені бүлдірсем де кешіріп ең.
Жанарыңнан көремін жаңалықты,
Жамалыңнан көремін даналықты.
Өзің ғана ұғасың жай-күйімді,
Ұмытқам жоқ әлі де әлдиіңді.
Өміріме нәр берген ұлы анамсың,
Ақылшымсың, сен менің ғұламамсың.
Көзіңді перзентіңе мөлдіретіп,
Көтердің бақыт туын желбіретіп.
ӘКЕТАЙЫМ
Әкетай, ақ жүректі дара тұлғам!
Тұла бойы намыстан жаратылған.
Жүрегі мейірім мен нұрға толы,
Маған мәңгі өнеге жүрген жолы.
Әулетімнің тірегі әкетайым,
Денсаулық мықты болсын әр кез, лайым.
Бәйтерексіз тік тұрған бағымызда,
Біз шыбықпыз ырғалған жаныңызда.
Сенен ғана үйренем өмір сырын,
Саған ғана айтамын көңіл сырын.
Әулетімнің сүйенер тірегі – сіз,
Отбасымның – қантамыр жүрегісіз.
«ӨМІРДІҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ БАЛА ДЕГЕН» (Абай)
«Өмірдің бір қызығы бала деген»,
Ұрпағың жалғасады баламенен.
Осы жағын ойласам соңғы кезде,
Бір терең мұңға батып қала берем.
Перзентімді аймалап талбесіктен,
Үйретер ем анамнан әнді есіткен.
Мойныма кеп асылса «Әкешім» деп,
Жұмысымнан қайтарда сәл кешіксем.
Назарын тұр сыртымнан салып бір қыз,
Шапағат шашар маған анық бұл күз.
Ата-анам батасы қабыл болып,
Кездеседі сенемін жарық жұлдыз.
АСТАНА
Астана – Алашымның төрісің сен,
Ақ қағаздай даламның мөрісің сен.
Жасампаз, жасыл желек, жас қаламсың,
Бар Алаш басын иген бас қаламсың.
Бар игі жақсылыққа бастамасың,
Жетім мен жесірге де баспанасың.
Қарамай ірісіне, ұсағына,
Бастың сен бар қазақты құшағыңа.
Есілім ағып жатқан бәсең ғана,
Бой түзеген арудай әсем қала.
Білетін алыс-жақын маңай атын,
Даңқыңды жырға қосқан талай ақын.
Астанамен еңселі ел ертеңі,
Барша қауым қадірлер бұл өлкені.
Мен де сүйем елімнің бас қаласын,
Кіші пейіл ұлылардың баспасынан.
Тек өзіңе Қазақтың бәрі сыйып,
Тұрғандай бар сұлулықты бойға жиып.
Оған дәлел нысандар биік-биік,
Міне, мұндай мекенге сүйсінейік.
Тамсанып қарайды ел келбетіне,
Сендей қала жоқ деп білем жер бетінде.
Мәртебең арта түссін жылдан-жылға,
Құрметпен қостым сені осы жырға!
ТАРАЗЫМ
Таразым – асыл тұрағым,
Жайқалған жасыл құрағың.
Дертіме шипа болар-ау,
Киелі әулие бұлағың.
Аяулы алтын бесігім,
Жадымда сенің есімің.
«Келгенге төрім дайын» деп,
Айқара ашқан есігін.
Көп тарих тұр жадымда,
Орандың қанша жалынға.
Тараздан шыққан кезінде,
Ақын мен батыр, ғалым да.
Жүрегімді әркез бөледің,
Алауы ыстық жалынға.
Ақындар жазды өлеңін,
Пана да болдың ғалымға.
Әулиеатам менің мекенім,
Өмірде сүйіп өтемін.
Қашанда мақтан етемін,
Рухыңның биік екенін.
АЛЛАҒА ҒАНА
Аллаға ғана сиынып,
Алладан ғана сұраймын.
Суынып кейде күйініп,
Қай жағдайға да шыдаймын.
Аллаға ғана сенемін,
Көңілімді жырмен тербетіп.
Рухыммен өсіп-өнемін,
Рухыммен өсіп-өнемін.
Алладан бақыт сұрасам,
Дейсің бе, Раббым аянар!
Аллаға ғана ұнасам,
Ұйқыдан жүрек оянар.
Аллаға ғана бас ұрып,
Аллаға ғана жалынам.
Құлшылығымды асырып,
Ағымнан күнде жарылам.
Адамды сыйлап, құрметтеп,
Аллаға ғана бас ұрып.
Көңілде өсер гүл көктеп,
Күнәмды жауып жасырып.
БҰЛ ЕНДІ ҚАЛАЙ БОЛҒАНЫ?
Бұл енді қалай болғаны?
Жоғалттым сені кенеттен.
Көңілімнің бағы солғаны,
Жапырақ түсіп теректен.
Бұл енді қалай болғаны?
Сүйгенің мүлде басқа жан.
Жүректе қайғы орнады,
Қызғанып сені басқадан.
Өзіңсіз өмір сүрем бе?
Бұл енді қалай болғаны?
Жабығып сенсіз жүрем бе?
Жүректі бір мұң торлады.
Бұл енді қалай болғаны?
Қиярмын кімге еркемді!
Құлазып көңіл орманы,
От тиіп неге өртенді?
ҚИЫНДЫҚҚА ТӨЗЕ БІЛ
Қиындыққа төзе біл,
Құлағыңа ақыл іл.
Жақсылармен бірге жүр,
Мағыналы өмір сүр.
Опасыз мына жалғанда,
Ештеңе оңай болмайды.
Қол жетпей қалса арманға,
Көңілің мүлде толмайды.
Өмір – өзен, көңіл – көл,
Әр сәтіңе көңіл бөл.
Тағдырыңды қазірден,
Ақылыңмен болжап көр.
Ашу – дұшпан, ақыл – дос,
Ақылыңа ақыл қос.
Бұл өмірде әрдайым,
Жүре берме бостан-бос.
ЫЛҒИ НЕГЕ?
Сәтсіздікке ұшыраймын ылғи неге?
Өмір-мұхит, тағдырым- жүзген кеме.
Жалғыздық жазылған ба тағдырыма?
Жүрегім жылынбайды таң нұрына.
Ылғи неге жалғыз қап, жүрек жылар,
Жан жоқ-ау махаббатқа қарсы тұрар.
Бір-біріне құйылып сезім нұры,
Ғашықтар сағынады бірін-бірі.
Тағдыр мені неліктен аямады,
Махаббатым жаныма таямады.
Қайтейін қапияда үміт сөнді.
Басыма бір қап-қара бұлт төнді.
ҚАЙРАУ
Өмірді сүй, бұл Алланың бір сынағы,
Шерлі жүрек кеудеде тұншығады.
Арманды жүзеге асыр қамықпа еш,
Дұға жаса, қол қойып ертелі-кеш.
Білемісің әрбір істе харекет көп,
Жүрегіңді тыңдап қана әрекет ет.
Бақыт сені құшағыңда аяласын,
Алла ешбір шапағатын аямасын.
Жалғай бер бабалардың ұлылығын,
Сыйлай біл көңілге жан жылулығын.
Шыдай түс сынақтарға Алла берген,
Осылардан құралар өмір деген.
МҮМКІН ЕМЕС
Ұмыту мүмкін емес сендей жанды,
Көңілімде көркем үнің қалды мәңгі.
Жаныма да салмақ салған осы күш,
Көңілімде қалып қойған өкініш.
Арамызға кедергі тұрып алды,
Кеудемде махаббаттың нұры қалды.
Дауыл соғып, жауғанмен түрлі нөсер,
Жүрегім жалғыздықтың күйін кешер.
Адастырып өткен шақтың нулары,
Ойлау ауыр маған өзің туралы.
Өзіңменен болған сәттер ертегі,
Өзегімді қанша мәрте өртеді.
СҮЙСІНЕМІН
Өмірді сүру ғажап өзіңменен,
Ғашықтық дертке қиын төзу деген.
Ішкі сырым жұмбақ болып қала бермек,
Көңілімді сағыныш қана тербеп.
Тағдырымның көнемін дегеніне,
Онсыз маған уақыт береді не?
Күтемін қанша уақыт болса-дағы,
Сені іздеп шөлдесе де көңіл бағы.
Сүйсінемін сыпайы мінезіңе,
Көрген кезден ғашықпын бір өзіңе.
Жанарың шоқ тастады көңіліме,
Бақытым бол, нұр шашып өміріме!
СЕНІ СҮЙГЕН
Мен неткен бақыттымын сені сүйген,
Өмір бойы күн кешемін осы күймен.
Бір көргеннен жүректі жаулап едің,
Арманыма арманды жалға менің.
Сен тұрғанда нұр шашып көздеріңнен,
Мен бақытты іздейін өзге кімнен?
Жатсам, тұрсам өзіңді қиялдаймын,
Сен жоқ жерде ешкімді сүйе алмаймын.
Аялап өтер мәңгі арманым бол,
Жанымнан табылатын жан жарым бол.
ҚИЫН ЕКЕН
Қиын екен, қиын екен, қыз деген,
Арманынан мәңгі бақыт іздеген.
Жаратқаннан сұрарым сол – бір тілек,
Тағдыр жолы қиылысса сізбенен.
Наз күлкіңмен жүрегімді жылыттың,
Сені көріп барлығын да ұмыттым.
Сенің бейнең жадыратып жанымды,
Арасынан шыққан күндей бұлттың.
Бар білерім сен кездестің жолымда,
Ендігі өмірім бір өзіңнің қолыңда.
Сенсің менің махаббатым маздаған,
Жаным құрбан енді сенің жолыңда.
Тосамын сенің соңғы шешіміңді,
Ғашық жүрек болады кешірімді.
Жылнамашы секілді жүрегіме,
«Айгерім» деп жаздым сенің есіміңді.



