Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастарды жаман әдеттен қайтсек қорғаймыз?

Жастарды жаман әдеттен қайтсек қорғаймыз?
Автор
Ұлы ойшыл Әл-Фараби бабамыз: «Адамға ең бірінші білім емес тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген екен. Демек, жастарға тек білім беріп қана қоймай, оларды адалдыққа, әділдікке, жауапкершілікке баулу– біздің парызымыз. Бұл қазіргі қоғамда өте өзекті мәселеге айналды. Өйткені, жаһандану дүрмегіне ілескен кейбір жастар жақсылыққа ұмтылудың орнына жаман жолға түсуге бейім болып барады. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт мұраты мен ұрпақ тәрбиесі бағытында қолға алынуы тиіс нақты міндеттерді айқындап берді. 2024 жылы 15 наурызда Атырауда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты тақырыппен өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент қоғамдағы бес кеселге қарсы күрес жариялады. Олар – есірткіге тәуелділік, вейп пен насыбайдың кең таралуы, құмар ойынға әуестік (лудомания), тұрмыстық зорлық- зомбылық, буллинг, агрессия, вандализм және орынсыз ысырапшылдық.

Аталған алқалы жиында Мемлекет басшысы есірткі саудасына, оның ішінде синтетикалық есірткі айналымының жастар арасында жаппай белең алып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген еді. Бұл індетпен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін екенін ескерткен Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек, оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет», – деп, тапсырма берді.

Биылғы 14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда да қоғамдық әдеп, заң мен тәртіп, алаяқтық туралы мәселелер талқыға түсті.

Ашық ақпаратқа сүйенсек, соңғы жылдары елімізде есірткімен байланысты 19 мыңдай қылмыс тіркелген. Заңсыз ойын бизнесі көлеңкелі экономиканың құрамдас бөлігі болып келеді. Сондықтан да  құмар ойындар мен лудоманияға қарсы күрес тоқтамайды. Мысалы, 2024 жылы облыс бойынша экономикалық тергеп тексеру департаменті заңсыз ойын қызметі мен қаржы пирамидалары белгілері бар 4,3 мыңнан астам сайтты анықтап, бұғаттады. Ал 2025 жылдың 10 айында 6 мыңнан астам сілтемелер жойылды.

Біз әдетте адами мінез, мәдениетті сөйлеу, қай нәрсені де ақылмен шешу турасында айтамыз да, ал өз бойымыздағы жаман әдет жайында сөз қозғай бермейміз. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, адамның өзіне әсер ететін ортаға тез бейімделетіні, көрген жағымды-жағымсыз қасиеттерді бойына тез жұқтырып алатыны бұрыннан бар болмыс. Бұл тұрғыда  жағымсыз әдеттен арылудың жолдарын іздеу, «Қайтсек ұрпақты саналы, салиқалы етіп тәрбиелейміз?» деген сұрақты әңгіме арқауына айналдыру, осы тақілеттес тақырыптар сөз етуге тұрарлық мәселе.

Тегінде адам баласы мына жарық дүниеге қулық-сұмдықтан ада, ары таза, періштедей пәк күйінде келеді. Содан кейін ғой қазақ ұғымында «Бұл өмірде періште сәби ғана» деген келелі ойдың қалыптасқаны. Әйтпесе, адамның бойында жақсы болсын, жаман болсын кез келген әдет кейін қалыптасады. Сол үшін бабаларымыз «Бала жас шыбық секілді, оны қалай исең, солай өседі» деген сөзді артына нақыл етіп қалдырған. Бүгінгі қоғамда кейбір жастардың бойынан байқалатын тәртіпсіздікті, жеткіншектердің  жаман әдетке үйір болуын олардың мұндай әдетке жүре келе бой алдырды деуімізге толық негіз бар. Оның артында отбасы тәрбиесі, қоршаған орта, көрген-білгені, күнделікті өмірдің әсері жатыр.

Жаман әдеттің аты – жаман әдет. Оның жақсы жағымен ешкім мақтанбайды. Есірткі, темекі, вейп, құмар ойын, зорлық-зомбылық, агрессия сияқты кеселдер адамның өмірін құрдымға жібереді. Мұндай оғаш қылықтың соңы қоғамдық тәртіпті, ортақ заңды бұзумен қатар, ең әуелі адамның өзіне жасаған қиянаты екенін естен шығармауымыз керек. Жаман әдетке салынған адам күндердің күнінде өзін өмірден жоғалтатыны анық. Ал ең сорақысы, оның кесірін айналасындағы адамдар көреді, ата-ана уайым-қайғыға батады, отбасы тауқымет тартады, қоғам зардап шегеді. Сондықтан да бүгінгі күннің ең басты міндеті – жастарды жаман әдеттен алыс ұстау. Бұл ретте мектеп ұжымы, ата-ана, полиция, қысқасы, бүкіл қоғам тізе қоса қимылдап, ортақ борыш ретінде жұмыла жұмыс істеуі керек. Әсіресе отбасындағы тәрбие ерекше рөл атқарады. Бала әкеден – мінезін, алды-артын пайымдауды, анадан мейірім мен адамгершілікті үйренуі тиіс. Үйдегі жылы сөз, ашық әңгіме, дұрыс бағыт беру баланың ертеңгі тағдырын қалыптастырады.

Ата-бабаларымыз бала тәрбиелеуді өзі өмір сүрген қоғамның, ортаның міндетіне жатқызбай, ата-ананың парызы деп білген. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген нақыл да текке айтылмаған. Үйінде күнде дау-дамай мен ұрыс-керіс, берекесіздікті көріп өскен бала сыртқа да сондай өшпенділікпен қарауы мүмкін. Керісінше, ынтымағы жарасқан ортада өскен ұл-қыз есейгенде текті ұрпақ тәрбиелейді.

Қазіргі заманда баланың жаман әдетке бой алдыруына әсер ететін орта көп. Соның бірі – ғаламтор. Интернет қолжетімді, жаманды-жақсылы ақпарат, сананы улайтын сан түрлі дүниелер маңайымызда аз емес. Баланы ондайдан қорғаудың бір-ақ жолы бар. Ол – баланы бақылауда ұстау. «Бала не ойлайды, кіммен достасады, неге қызығады?» деген сұрақтарды ата-ана іштей таразылап, үйдегі болмысы мен түздегі қылығына дейін біліп отыруы тиіс. Тыйым салу – мәселені шешпейді, түсіндіру – шешеді. «Болмайды!» деген сөзден гөрі «Неге болмайтынын» айту – әлдеқайда тиімді.

Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы «Адамның мінезі өзгермейді деген адамның тілін кесер едім» деп бекер айтпаған. Баланың мінезін өзгерту әр отбасынан басталады. Әр отбасы түзелсе, қоғамды өзгертеді. Әр ата-ана ұрпағын жақсылыққа баулыса, оның алдағы болашағы жарқын болмақ. Жай уақытта адам өз бойындағы кейбір кемшін тұстарды біле бермейді. Соның негізгісі адамның бойындағы сырт көзге оғаштау көрінетін жаман әдеттер екенін жасырып қайтеміз? Жаман әдет дегеніміз – сырт көзге ұнамсыз болып көрінетін, адамның жеке басына, оның ішінде беделіне кері әсерін тигізетін, соңы көп жағдайда зор өкінішке ұласатын аса жағымсыз қылықтар. Айталық, темекі шегу, арақ ішу, есірткіге құмартушылық, өтірік айту, ауызды балағат сөзге үйрету, екі кісіні шағыстыру, біреудің сыртынан мысқылдап күлу, өсектеу, қолын сұғанақтықтан тыймау және тағы басқа толып жатқан мінез-құлық адам бойында жаман әдеттің белгісі бар екенін айғақтайды. Мұндай жаман әдеттің зардабы көп. Ол үшін өзіңе сын көзбен қарауды күшейтіп, шайтанның азғыруына жол бермеудің амалдарын жасау да маңызды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы бойынша жылына сегiз литр алкоголь пайдаланған жан дені сау адам деп есептелмейді. Ғалымдар ұл балалардың 55 пайызының, қыздардың 82 пайызының ағзасы героинды алғаш қолданғаннан кейін-ақ оған тәуелді болып қалатынын айтуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптамасы бойынша жол апаты жағдайларының басым бөлігі ішімдіктің кесірінен көрінеді. Орыстың әйгілі физиологы И.П.Павлов 20-30 грамм арақ немесе бір саптыаяқ сыра 10-40 минут ішінде адамның ойлау қабілетін 17 пайызға төмендететінін дәлелдеген. Маскүнемдікке шалдыққандардың 60-70 пайызының балалары да алкогольге бейім келетін болса, маскүнем аналардан туған нәрестелердің 12 пайызының миы дамымай, жарымес болып қалады.

Бүгінде жер шарында 1,2 миллиард адам темекі шегетін көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша 1997 жылы темекіден 3 миллион адам қайтыс болған болса, бұл көрсеткіш жыл сайын 33 пайызға өсіп отырған. Ғалымдардың айтуынша, өкпе рагы ауруларының 90 пайызы шылым шегетіндердің үлесінде екен. Бүгінгі күні қоғамдық індет болып отырған мұндай кеселдердің бәрі де о баста жаман әдетті жұқтырудың салдары екені белгілі. Өйткені жаман әдетке бір берілген адам маңдайы тасқа тиіп, аяғымен шоқ баспай ештеңені бағамдай алмайды. Бұл тұста «Жаман дағдыдан құтылу қиын. Қанша қиғаштық болса да жалғаса береді. Жақтырмау, ұнатпау, қаламау, ашулану – бәрі жиылса да оған ешкім ештеңе істей алмайды. Ол тіпті қорлық пен жек көруге де шыдайды» деген Гетенің сөзінде шындық бар десек те болады.

Көп жағдайда біреулер өз ойына жаман сөзді де қосып айтып жатады. Әрине, ол адамның өзіне біліне қоймас. Алайда аузы балағат сөзге үйренген адам да сыртқа өз тәрбиесіздігін байқатады. Бірақ ол – нашар әдет. Осындай жаман әдет туралы айта берсек жетіп артылады. Ал сол сияқты мақтаншақ адам да әңгімесінде шамадан тыс бөсіп тұрғанын сезер ме екен деген ойда боласың. Мақтаншақ адам өтірік айтуға бейім келеді. Себебі ондай адамның мақтану үшін айтар әңгімесі азайып, сөзіне амал жоқ өтірікті қосып айтуға мәжбүр болады екен. Ал «Өтірікшінің шын сөзі зая» демекші, үнемі өтірік айтатын адамның шын сөзіне де халық күмәнмен қарап, сенбейтін болған. Осылайша жаман әдеттер бір-бірімен жалғасын таба береді. Адам бұл жаман қасиеттердің өз бойына терең сіңіп бара жатқанын сезбей де қалады.

Нашар дағды – тәрбиесіздік пен мәдениетсіздіктің көрінісі. Ол – адамның абыройын төгіп, көп жерде ұятқа қалдырады. Жаман әдеттің соңы неге ұрындыратынын байыптап, тигізер зардабын жетік білуіміз керек. Жаман әдеттен құтылу уақыт өткен сайын қиындай түседі.

Нақты айтқанда, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену – өмірлік ұстаным. Өйткені, дағды – адам баласына жақсы қасиеттерді үлгі етіп, бойына сіңіру үшін берілген қасиет. Жаман әдетке бойұсынған адам өмір бойы орны толмас өкініштерге ұрынып жатса, ал жақсы қасиеттерді үлгі еткендер сый-құрмет пен абыройға бөленеді.

Ұлыларымыздың «Тәрбие – тал бесіктен» деп айтуы бекер емес. Өйткені баланың болмысы, мінезі, тағдыры сол тал бесікте басталып, отбасы жылуымен қалыптасады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал бүгінде бұрынғыдан да өткір. Тоқетерін айтқанда, жасөспірімдер тәрбиесіне ең әуелі ата – ана жауапты. Баланың әрбір қылығы – ата-ананың, қоғамның, ортаның айнасы. Сондықтан баланы мейіріммен, махаббатпен, жанашырлықпен тәрбиелеу жолында өзіміз де оларға жақсы жағынан үлгі болуымыз керек.

 

Қасымхан Төлендиев,

Жамбыл облысының Құрметті азаматы,

«ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс»

республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар