Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кәсіподақ – ел дамуының ұйытқысы

Кәсіподақ – ел дамуының ұйытқысы
Автор
Елімізде еңбек адамының қоғамдағы рөлін арттыру, оның әлеуметтік мәртебесін көтеру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, жұмысшы қауымына көрсетілер қолдаудың аясын кеңейтіп отыр. Бұл бастама – еңбек адамын ұлықтау, оның құқықтарын қорғау мен әлеуетін дамытуға негізделген. Осы орайда, еңбек адамының мүддесін көздеп, олардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғауда кәсіподақтардың орны ерекше.

Биыл кәсіподақ ұйымының құрылғанына 120, ал Кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай тараз қаласындағы Кәсіподақтар үйінде мерекелік жиын өтті.

Салтанатты іс-шараға атқарушы билік өкілдері, әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ қозғалысын тұрақты қолдап жүрген серіктес ұйымдардың өкілдері, ардагерлер, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері және жастар қатысты.

Жиын Мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бейнебайланыс арқылы тікелей қосылып, жамбылдық кәсіподақ мүшелерін мерекемен құттықтады. Төраға өз сөзінде кәсіподақ ұйымының қоғамдағы маңызды рөліне тоқталып, еңбеккерлерге табыс, денсаулық, отбасыларына амандық тіледі.

Содан кейін «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов баяндама жасап, бірлестіктің бүгінге дейін атқарған жұмыстары, жетістіктері және алдағы жоспарларымен таныстырды.

Жиында құттықтау сөз облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетоваға берілді.

– Кәсіподақ қозғалысы еліміздегі еңбек саласындағы әділдік пен ынтымақтың айқын көрінісі. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын кәсіподақ ұйымдары құрылып, еңбек адамының құқығын қорғаудың негізі қаланды. Содан бері кәсіподақтар қоғаммен бірге өсіп, елдің тұрақтылығына, әлеуметтік әріптестікті дамытуға зор үлес қосып келеді. Бүгінгі күнде де кәсіподақтар федерациясы мемлекет пен еңбекші арасындағы сенімді арттырып, ел дамуының маңызды серіктесіне айналды. Құрметті кәсіподақ мүшелері, сіздердің еңбектегі табыстарыңыз, ел дамуына қосқан үлестеріңіз өлшеусіз. Бұдан әрі де ел бірлігі мен қоғамдағы әріптестік байланысымыз жалғасын тауып, өздеріңіздей белсенді азаматтардың арқасында нығая береді деген сенімдемін, – деген Айжан Есмағамбетова еңбек майталмандарын облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады.

Мерекелік жиында өз лебіздерін білдіргендер қатарында облыстық мәслихат аппаратының басшысы Дәурен Әбдіқасымов, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов және «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов болды.

Сондай-ақ, салтанатты шарада салалық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен жастар белсенділері де құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақ мүшелеріне жылы лебіздерін білдірді.

Жиын соңы өнерпаздардың мерекелік концерттік бағдарламасына ұласып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар