
Бұл – Құрандағы аят. Адамның дүниедегі ең үлкен парызы ата-анасына деген құрмет екенін Алла Тағала осылайша ескертеді. Құрметі жоқ ұрпақ – тамырынан ажыраған дарақпен тең. Ал тамыры суалған дарақтың ертеңі не болмақ?
Жуырда Түркістан облысы, Шардара ауданында бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырған бір оқиға орын алды. Жарымжан әкесіне ауыр сөздер айтып, қол көтерген азаматтың әрекекеті әлеуметтік желі арқылы кеңінен тарап, қоғамда қызу талқыланды. Мұны көрген жұрт еріксіз таңданды, шамданды, қынжылды. Себебі бұл жағдай – бір отбасылық жанжал емес, ұлттық трагедияның көрінісі іспетті. Адамдар ашуын тежей алмай, ата-анасын балағаттап, соққыға жығатын деңгейге жетсе, онда бұл тек отбасылық тәрбие мәселесі емес, бүкіл қоғамның дерті. Өзі мәдениет үйінде еңбек еткен азаматтың мәдениетсіздікке бой алдыруы, ақыры әкесінің қайтыс болуымен аяқталған қанды оқиға – әрбірімізді терең ойға салуы тиіс.
Бүгін әкесіне қол көтерген адам – ертең ұлына тәрбие бере ала ма? Анасына тіл тигізген қыз – болашақта өзі сый-құрмет күтіп, аналық мейірімге үміт арта ала ма? Тек заң тұрғысынан ғана емес, иман мен ар алдындағы жауапкершілік туралы неге ойламаймыз?
Жаратушы Иеміз Құранда бірнеше жерде Өзінен кейін ата-ана құрмет көрсетуді бұйырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Ата-аналарыңа мейірімді болыңдар, сонда перзенттеріңнен мейір көресіңдер» – деген (Имам Мүслим риуаят еткен).
Бұл – тек хадис емес, өмірдің заңы. Ата-анаға не істесең, алдыңнан сол шығады. Бұл – бұлжымайтын ақиқат.
Біз ата-анасының алдынан кесе-көлденең өтпеген, рұқсатынсыз бір қадам аттамаған, анасын құрметтеп, әкесінің алдында иіліп өткен халық едік. Ал халықтан бүгінде әкесіне қол көтеретін ұрпақтың шығуы – біздің тәрбиелік тамырымыздың әлсірегенін көрсетпей ме?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы да бұл мәселе жөнінде өзінің «Facebook» парақшасында былай деп жазды:
«Өткен жұмада еліміз бойынша 3 мыңға жуық мешітте жұма уағызы ата-ананы қадірлеу жайлы айтылды. Астана қаласындағы мешіт имамының уағыз барысында көңілі босап кетті. Залда тыныштық орнады. Жамағаттың тамағына өксік тығылды. Кешегі оқиға әлі естен кетер емес. Бір өкініштісі, оны «мешіт қызметкері» етіп, халыққа жағымсыз пікірді таңуға тырысқандардың әрекеті жанға батты... Ата-ана разылығы – Алланың разылығы. Қарттың батасын алып, бақытқа бөленуден асқан нығмет жоқ қой мына жалғанда...»
Ата-анаға құрмет – бұл бір күндік іс емес. Ол – өмірлік парыз. Жұрт алдында жақсы көрінуге тырысып, ал үйде өз ата-анасына зәбір көрсететін адамның діні де, ділі де бос. Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы. Ал оларды ренжіткен адамға жәннаттың есігі ашық болады деу – бекершілік.
Бұл жайлы Майлықожа ақын «Ата-ананың қадірі» атты термесінде:
«Ай тоғыз ай он күн көтерген,
Мехнат тартқан төтеннен,
Қадірін оның білмесең,
Арамы залым болғаның,
Ұрғаны құдай жетеңнен.
Жақсылық қылған піріңе,
Жамандық қылсаң тіріде,
Жазаңды Алла тартқызар,
Орын жоқ жәннат мекеннен.
Ай, аузыңа ақ сүт емізген,
Шайнап тамақ жегізген,
Осы бір жарық дүниеге,
Себепкер болып келгізген.
Анаңдай ғазиз мейірбан,
Табылар саған қай жерден?!» деп толғанады.
Ата-бабаларымыз «Қариясын сыйламаған ел – қарғысқа қалады» деген сөз бар. Себебі ата-ана – Алланың аманаты. Олардың өмірде болуы – біздің өміріміздің мәні, берекесі, байлығы. Ата-ананың қарғысы деген сөздің өзі зіл батпан. Ол жай ғана ашумен айтылған сөз емес, Алланың назары түсетін ауыр салмақ. Сондықтан ата-ананың көңілін қалдыру – таудай күнә, ал тіл тигізіп, қол көтеру – кешірілмес қылмыс. Тек заң алдында емес, Алланың алдында да.
Өз анасын жылатқан адам – дүниедегі ең бақытсыз жан. Өз әкесінің алдында тізе бүге алмаған ұл – ешқашан елдің азаматы бола алмайды. Жұрттың алдында мейірімді көрініп, ал үйінде ата-анасын сыйламайтындар – екіжүзділікпен өмір сүріп жатқанын біле ме екен?
Өмір қамшының сабындай тым қысқа. Бүгін көз алдыңызда жүрген ата-анаңыз – ертең жоқ. Сондықтан кеш болмай тұрып, бақыттың шын мәні – ата-ана разылығында екенін ұғынайық. Бастысы – пенде емес, Алла риза болсын десек, ата-анамыздың разылығын алуға асығайық.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ