
Облыс әкімінің орынбасары, штаб төрағасы Қанатбек Мәдібектің айтуынша, өңірде 9 жылу энергетика кешені және 616 автономды қазандық бар. Олар 1 767 әлеуметтік нысан мен 1 715 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді.
Биылғы жылыту маусымына 17,4 миллиард теңге бөлінді.
Облысқа 34 305 тонна әлеуметтік мазут қарастырылған.
Қазіргі таңда өңірдегі 350,7 шақырым жылу желісінің тозу деңгейі 54 пайызды құрап отыр.
Тараз қаласында жалпы ұзындығы 4,65 шақырымды құрайтын М-1, М-3 магистралдары мен «Ұлы дала» ықшамауданының жылу желілерін жаңғырту жобалары жүзеге асырылды.
Сонымен бірге Жаңатас (0,9 шақырым), Қаратау (5,2 шақырым), Шу (2 шақырым) қалаларындағы желілерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 12,7 шақырым жылу жүйесі ауыстырылып, тозу деңгейі 53 пайызға төмендемек.
Жылыту маусымында тұрғындарға 134,9 мың тонна көмір қажет. Бүгінгі күнге дейін соның 43,5 мың тоннасы (32,2 пайыз) жеткізілді. Теміржол тұйықтарында 8,7 мың тонна көмір қоры бар.
Автономды қазандықтарға қажетті қатты отынның 76,3 пайызы немесе 42,9 мың тоннасы сатып алынған (жоспар – 56,2 мың тонна).
Облыс әкімі жылыту маусымына дайындық тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, барлық жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысын қажет ететін атап өтті.
Басқосуда әлеуметтік нысандардың қысқы маусымға әзірлігіне жүргізілген зерделеудің нәтижелері таныстырылды.
– Жылыту маусымына дайындық жұмыстары формальді сипатта емес, нақты нәтижеге бағытталуы тиіс. Уақыт тығыз, жауапкершілік жоғары. Барлық кемшіліктерді 1 қазанға дейін жоюды тапсырамын, – деді Ербол Қарашөкеев.
Штаб отырысында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов, сондай-ақ кәсіпорын басшылары баяндама жасады.
Кеңес қорытындысында білім беру мекемелеріне көмірді дер кезінде жеткізу, көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына толық әзірлеу, халықты қажетті қатты отын көлемімен қамту және өзге де маңызды міндеттер жүктелді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Экономикалық өсім 11,4 пайызды құрады
Ұқсас жаңалықтар
Банктерге қатысты заң халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі
- авторAR-AY
- Бүгін, 16:31