Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көпшілікті қызықтырған көрме

Көпшілікті қызықтырған көрме
Автор
Жуырда «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен облыстық «Радонеж» орыстар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Орыс мәдениеті мен өнерінің тарихы» атты өнер және этнографиялық бірегей жеке коллекцияларының көрмесі ашылды.

Облыс тұрғындарына орыс этносының мәдениетін, тарихын, тұрмыс-тіршілігін, халықтық өнерін және салт-дәстүрін кеңінен таныстыруды мақсат еткен іс-шараға облыстық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қала тұрғындары, еліміздің басқа да облыстарынан келген қонақтар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Көрме «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаеваның құттықтау сөзімен ашылды.

Жиын ары қарай «Радонеж» орыс қоғамдастығының төрағасы Владимир Сорокиннің қонақтарға экскурсия өткізіп, көрермендерге этностың мәдени және рухани мұрасы саналатын жәдігерлерімен таныстыруына ұласты.

Көрмеге орыс этносының бай мұрасын көрсететін ұлттық киімдері, ұлттық музыкалық аспаптарының жиынтығы, картиналар, ыдыс-аяқтары, ұлттық тағамдары, бас киімдердің түрлері, орыс тілінде жарық көрген әдеби, тарихи кітаптар топтамасы, қолдан жасалған бұйымдары, тарихи фотосуреттері, жалпы 300-ге жуық жәдігер қойылды.

Бұдан бөлек орыс этносының өнерін насихаттау мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Калинка» вокалды тобының әндері шырқалды.

Жиын соңында көрмеге және экспонаттарды жинақтауға ерекше атсалысқан белсенділер марапатталды.

Жалпы көрме Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында берген тапсырмаларының бірі – модельдік жол картасы аясында өткізілді. Бұған дейін көрмені облыстық «Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі мен облыстық «Махмұт Қашғари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігі өткізген болатын.

Көрме «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлованың сөзімен ашылып, бірлестіктің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тұрсынмамед Қасымов пен Аналар кеңесінің төрайымы Мухабат Алеханованың жылы лебіздерін білдіруге ұласты.

Іс-шара барысында ұйғыр этносының ұлттық әндері шырқалып, билері орындалды. Ұлттық билермен қоса, көрменің кішкентай көрермені Марлен Берденғали да «Бұл – менің елім!» деп ән шырқады.

Сонымен қатар ұйғырдың ұлттық тағамдары да ұсынылды. Сәндік-қолданбалы өнер көрмесі, ұлттық костюмдер мен тарихи экспонаттар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Жиын соңында Сәуле Досымбекқызы көрмеге және экспонаттарды жинақтауға белсенді атсалысқан белсенділерді марапаттап, өнер және этнографиялық бірегей жеке коллекциялар қойылған көрмеге экскурсия жасады.

Мұндай іс-шаралар түрлі этностар арасындағы мәдени байланыстарды, жалпықазақстандық бірегейлік пен бірлік, этносаралық татулықты нығайтуға және өскелең ұрпақтың рухани байлықты қадірлеп, қастерлеп өсуіне зор ықпалын тигізеді.

Алдағы уақытта модельдік жол картасы аясында облыстық этномәдени бірлестіктердің өнер және этнографиялық бірегей жеке коллекцияларының көрмесі өз жалғасын табады. Келесі кезекте «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени орталықтары» қоғамдық бірлестігінің көрмесі қазан айының жетісінде «Достық» үйінің көрме залында өтеді деп жоспарлануда.

Жазира ШІЛДЕБАЕВА,

«Қоғамдық келісім» мекемесі

көрме залының меңгерушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар