
«Мансап компасы» мақсатыңды айқындайды
Халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін қазіргі таңда еңбек нарығын трансформациялау жүріп жатыр. Мамандықтар мазмұны жағынан өзгеріске ұшырауда. Экономикадағы құрылымдық өзгерістердің нәтижесінде бұрыннан қалыптасқан бірқатар кәсіптер жойылып, жаңалары пайда болуда.
- Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда жұмыссыздық 4,6 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Жұмыспен қамтылғандар қатары жалдамалы жұмыскерлер есебінен өсті, олардың саны 7,1 миллион адамға жетті. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны - 2,1 миллион адам. Ағымдағы трендтер қатарында негізгі үш бағытты ерекшелеп айтуға болады. Олар, біріншіден, цифрландыру мен автоматтандыру. Қазіргі мамандықтардың көбісі цифрлық дағдыларды талап етеді. Екіншіден, платформалы жұмыспен қамту және электрондық сауда. Адамдардың көбісі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді, фриланспен, электрондық саудамен және тағы басқа кәсіптермен айналысады. Үшіншіден, елімізде халықтың саны өсуде, соның нәтижесінде жыл сайын еңбек нарығына келіп жатқан жастардың қатары артуда. Болжам бойынша 2035 жылға дейін бұл көрсеткіш жылына 360 мың адамға дейін өсуі мүмкін. Бұл еңбек нарығына қосымша салмақ түсіреді. Біз икемді және заманауи еңбек нарығын құру үшін қазірден бастап бұл трендтерді ескеруіміз керек, - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов.
Бұл бағыттағы жұмыстарда қиындықтар да кездесуде. Вице-министрдің айтуынша, жұмыспен қамту құрылымы әрдайым экономиканың сұраныстарына сәйкес келе бермейді. Өзектілігін жоғалтып бара жатқан кәсіптер бар. Еңбек нарығында сұранысқа ие тиісті дағдылары бар кадрлар жетіспейді. Жалақының жеткілікті деңгейде бәсекеге қабілетсіздігі қосымша сын-қатерге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, өңірлік теңгерімсіздік бар. Мысалы, оңтүстікте еңбек ресурстары шамадан тыс көп болса, солтүстікте олар жетіспейді. Ірі мегаполистерде ішкі көші-қонның жоғары деңгейіне байланысты еңбек нарығының асыра толығуы тіркелуде, бұл әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық және көлік инфрақұрылымдарына едәуір жүктеме түсіруде. Бұл ретте, эномикалары көп салаланбаған өңірлер бар, солардың салдарынан азаматтардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктері шектелуде.
- Сондай-ақ, тағы бір сын-тегеуірін көлеңкелі экономика болып отыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылған халықтың 30 пайызға жуығы зейнетақы жүйесіне қатыспаған. Жекелеген секторларда еңбек нормативтерінің болмауы да көлеңкелі жұмыспен қамтудың сақталуына ықпал етуде. Не істеу қажет? Біз жұмыс орындарын құрып қою жеткіліксіз екенін түсінеміз. Олар лайықты еңбекақысы бар, еңбек жағдайлары қауіпсіз және әлеуметтік кепілдіктері сақталған сапалы болуға тиіс. Сонымен қатар, ішкі еңбек ұтқырлығын дамыту маңызды. Бұл адамдарға жұмыс күші жеткіліксіз жерлерге көшуге көмектеседі. Осы бағытта қазірдің өзінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге еңбек көші-қондарын ынталандыру жөнінде шаралар кеңейтілуде. Бұдан бөлек, түлектер диплом ғана алсам болды демей, еңбек нарығының талаптарына сай мамандықтар таңдауы қажет. Осы орайда 2025 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғанын атап өткен жөн. Бұл мақсатта министрлік бірқатар шаралар атқарып келеді. Соның бірі 100 мың оқушыны қамтитын «Мансап» конкурстық платформасында кәсіптік бағдар беру. Ол түлектердің еңбек нарығына сай мамандықтар алуы үшін үлкен септігін тигізеді. Сондай-ақ, ашықтықты арттыру және көлеңкелі жұмыспен қамту деңгейін төмендету мақсатында электрондық еңбек шарттарын және электрондық штаттық кестені енгізуді көздейтін шаралар іске асырылуда, - дейді Асқар Биахметов.
Қазақстан экономикасына орта мерзімді кезеңге 3 миллион адамға жуық кадр қажет болуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда бұл кадрларға деген сұраныс құрылымы анықталып қойған. Олардың үштен бірін қызмет саласы алып отыр. Одан кейін тасымалдау мен тауарларды бөлу, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс тұр. Бұл деректерді кәсіптік стандарттарды бекіту, білім беру бағдарламаларын қалыптастыру, оқуға білім беру тапсырыстарын бөлу және қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру кезінде ескеру қажет. Ол цифрландыру және демографиялық өзгерістер кезінде ерекше маңызды. Бір мезетте цифрландырудың және технологиялық өзгерістердің салдарынан жаңа кәсіптер пайда болуда. Мысал ретінде әлеуметтік тьютор, дрондар операторы, жасанды интеллект маманы және тағы басқаларды айтуға болады.
- 2024 жылдан бастап Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асырылуда. Нысаналы бағдар - 3,8 миллион сапалы жұмыс орны. Айқындалған өлшемшарттарға сәйкестікті көздейтін сапалы жұмыс орындарын есепке алу жүйесі енгізілді. Олар - медиандық жалақыдан жоғары жалақыны қамтамасыз ету, 6 айдан астам мерзімге жұмысқа орналастыру, әлеуметтік кепілдіктермен және қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету. Бүгінгі күні сапалы жұмыс орындарының саны 2,6 миллионға жетті. Біздің алдымызда 2029 жылға дейін 3,3 миллион азаматты жұмысқа орналастыру міндеті тұр. Жыл басынан бері 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 38 пайызы жастар, яғни 95,4 мың адам. Жыл басынан бері 196 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылды. Қазіргі таңда субсидияланатын жұмыс орындарын жүзеге асыру тәртібіне, сондай-ақ гранттар беру қағидаларына өзгерістер енгізілуде, - деді вице-министр.
Тағы бір айта кетерлігі, елімізде кәсіби білім беру бағдарламасы қайта қаралуда. Бүгінгі күні еңбек нарығында 7 800-ден астам мамандық сұранысқа ие. Олардың ішінде 4500-ге жуығы кәсіптік стандарттармен қамтамасыз етілген. Білім беру жүйесін еңбек нарығының талаптарына жақындату үшін қазір білім беру бағдарламаларын кәсіптік стандарттарға теңестіру жүргізілуде. Бүгінде олардың негізінде 11 мың білім беру бағдарламасы жаңартылды. Бұдан бөлек, дағдылардың цифрлық банкі іске қосылуда. Келесі қадам - кәсіптік стандартты әзірлеу процестеріне жасанды интелектіні ендіру. Бұл еңбек нарығындағы өзгерістерді жедел талдауға, күнделікті процесстерді азайтуға және нақты уақыт режимінде стандарттарды уақтылы жаңартуға мүмкіндік береді.
- Бүгінде «Жобалардың инновациялық навигаторы» цифрлық платформасында 1 415 ірі инвестициялық жобаның мониторингі жүргізіледі, осы жобалардың шеңберінде 222 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Оның ішінде 1 141 жоба іске асырылу сатысында болса, 274 жобаны іске асыру аяқталды, 33 мың жұмыс орны ашылды. 51 жоба бойынша проблемалық мәселелер тіркелді. Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік органдармен, өңірлермен, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Барлық жобаны қамту үшін салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер мемлекеттік жоспарлау жүйесінің ақпараттық жүйесіне 3 жылдық бюджетте көзделген барлық жобалар бойынша деректерді енгізуді аяқтау қажет. Жалпы алғанда, платформа жаңа жұмыс орындарын ашу бөлігінде барлық жобалардың жүзеге асырылуына мониторинг жүргізудің негізгі құралына айналуы тиіс, - дейді вице-министр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіптік бағдарлау, дағдыларды дамыту және кадрлар даярлау саласында жаңа цифрлық платформаларды іске қосты. Мәселен, «Мансап компасы» цифрлық сервисі пайдаланушыларға кәсіп таңдауға және мансабын жоспарлауға көмектеседі. «Skills Enbek» онлайн платформасы дағдыларды дамытуға және мамандарды қайта даярлауға бағдарланған. Enbek.kz порталында студенттік практиканы ұйымдастырудың цифрлық функционалы іске қосылған.
- Министрліктің маңызды міндеттерінің бірі - еңбек нарығында сұраныс пен ұсынысты тиімді бағалау үшін цифрлық құралдарды дамыту. Бұл бағытта азаматтар мен бизнес үшін көптеген сервистерді қамтитын әлеуметтік-еңбек саласының кешенді экожүйесі қалыптастырылды. Бүгінде біз ең озық технологияларды қолдануды қарастырудамыз. Оның бірі жұмысқа орналастыру жөніндегі жасанды интелект. Екі негізгі құралды, яғни Отбасының цифрлық картасы мен Кәсіпорынның цифрлық картасын синергиялау бізге адами фактордың қатысуынсыз өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біздің цифрлық өнімдеріміз қажеттіліктерді анықтап, пайдаланушыларға олардың жеке профилі мен нарықтық трендтердің негізінде лайықты жұмысты немесе оқу курсын автоматты түрде таңдап ұсынады. Министрлік Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмаларын уақтылы әрі сапалы орындау үшін толыққанды жұмыстарды жүргізе беретін болады, - дейді Асқар Биахметов.
Дуальды оқытудың пайдасы көп
Бүгінгі күні жаңа мамандықтар атласында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жетекшілік ететін салалар бойынша 75 жаңа мамандық бар. Кадрларға қажеттілік шамамен 40 мың адамды құрайды. Бүгінгі таңда жаңа кәсіптер атласы министрлік желісі бойынша 75 жаңа кәсіпті қамтиды.
- Мысалы, металлургия және тау-кен өндірісі саласында смарт жүйелерді әзірлеуші, роботтандырылған тау техникасының операторы, машина жасау саласында виртуалды прототиптеуші маман, құрылыста Big Data талдаушысы, «Ақылды үй» жобалаушысы сияқты жаңа мамандықтар пайда болды. Сонымен қатар бизнес процестерді автоматтандыруға байланысты 40-тан астам мамандық өзгеріске ұшырады. Биыл 190 инвестициялық жобаны іске қосу барысында машина жасауда тағы 8 жаңа мамандық пайда болады. Мысалы, олардың қатарында 3D басып шығару және дәнекерлеу инженері, роботтандырылған бояу жүйелерінің операторы бар. Осылайша, қол еңбегін автоматтандырылған еңбек түрімен біртіндеп ауысуы байқалуда. Ол қоғамдағы жұмысшы мамандықтары туралы түсінікті түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Министрлік жүйелі түрде кәсіби стандарттарды әзірлеу мен жаңарту жұмыстарын жүргізуде, - дейді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан.
Сонымен қатар министрліктің 8 саласы бойынша 88 кәсіби стандартты әзірлеу және жаңарту жоспарланған. Бұл 544 мамандықты қамтиды. Кәсіби стандарттарды енгізу арқылы нақты сектордың кадрға деген сұранысы мен білім беру жүйесі арасындағы үйлесімділік қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде мамандардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Осыған байланысты, өндірістік ортаға бейімделген білікті кадрларды даярлаудың тиімді тетігі ретінде дуальды оқыту жүйесін дамыту ерекше маңызды.
Өнеркәсіп салалары үшін дуальды оқыту 284 колледжде жүзеге асырылуда және оған 700-ге жуық кәсіпорындар тартылған.
Кәсіпорындармен жасалған келісімдер мен меморандумдар аясында 30-дан астам білім беру бағдарламалары іске асырылуда. Нәтижесінде жыл сайын 13 мыңға жуық жас маман жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Сондай-ақ жүйелі түрде мыңдаған оқушылар үшін кәсіптік бағдар беру іс-шаралары өткізіледі.
- Былтыр 2 мыңнан астам студент кәсіпорындарда тәжірибеден өтті. Озық білім беру технологияларын енгізу мақсатында халықаралық әріптестікті дамыту жалғасуда. Мысалы, өткен жылы «Allur Group» компаниясы Германияның Эрфурт университетімен бірлесіп, Халықаралық дуальды оқыту орталығын құрды. Тараз қаласында «Қазфосфат» компаниясының қолдауымен Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылды. Болашақта дуальды білім беруді дамыту жаңа өндіріс орындарына енгізу арқылы жалғасатын болады. Министрлік жетекшілік ететін салаларда мамандықтардың тартымдылығын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Мысалға, геология саласында маусым айында Қарқаралы оқу-геологиялық полигонында II «Сәтбаев» геологиялық универсиадасы өтті, оған еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен Семей геологиялық барлау колледжінен 100-ден астам студенті қатысты. Сондай-ақ шілде айында Семей қаласында мектеп оқушылары арасында II республикалық далалық геологиялық олимпиада өткізілді, оған Қазақстанның барлық өңірлерінен 16 команда қатысты. Мұндай іс-шаралар ерте кәсіби бағдарлауға, мамандыққа қызығушылықты қалыптастыруға, дарынды жастарды анықтауға және отандық геологиялық білімнің халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді, - дейді өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.
Иран Шарханның айтуынша, тау-кен ісі мен геология мамандықтарына деген қызығушылық артып келеді. Егер бұған дейін жыл сайынғы бітірушілер саны 1,2 мың адам болса, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш жыл сайын 3 мыңнан асуда. Сонымен қатар түлектердің 98 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуда. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады.
Ауылдықтардың еңбек жағдайы жақсарады
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде шамамен 1 миллион адамды жұмыспен қамтамасыз ететін 285,5 мың өндіруші жұмыс істейді.
Министрліктің мәліметінше, ауылшаруашылығы бағыты бойынша кадрларға жалпы қажеттілік шамамен 6,5 мың адамды, оның ішінде 3,5 мыңнан астам білікті қызметкерді құрайды. Аграрлық саясаттың басымдығы - заманауи технологияларды бір мезгілде енгізе отырып, ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы құрылымдарында өнім өндіру ауқымын кеңейту.
- 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі бір жұмыспен қамтылғандарға шамамен 5 миллион теңгені құрады. Бұл 2023 жылғы ұқсас көрсеткіштен 16 пайызға жоғары. Осы жылдың бірінші тоқсанында бұл өсім сақталуда және еңбек өнімділігінің 10,6 пайызға артуы байқалады. Бұл динамика саланың тиімділігінің артқанын көрсетеді, бірақ бұл сөзсіз еңбек ресурстарына, әсіресе тұрақты жұмыспен қамту бөлігінде қажеттіліктің төмендеуіне әкеледі. Бұдан басқа, аграрлық саладағы еңбек ресурстарына қажеттілік ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығына байланысты, - дейді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды ұлғайту жөніндегі саясатты жүзеге асыру мақсатында министрлік жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың ұйымдасқан шаруашылықтарға көшуі үшін жағдайлар жасайтынын жеткізді. Біріншіден, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру жылдарында 115 миллиард теңге сомасына 17 мыңнан астам шағын несие берілген, ауылда 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылған. Екіншіден, 2025 жылы агроөнеркәсіптік кешенінде арнайы жол картасына сәйкес, 6,3 мың тұрақты және уақытша жұмыс орындарын құра отырып, 616 миллиард теңгеге 285 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Алдағы үш жылда 3,4 триллион теңгеге 23 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құрумен 683 жобаны жүзеге асыру көзделген.
Үшіншіден, жыл сайын аграрлық мамандықтар бойынша еңбек ресурстары балансының болжамы негізінде 4 мыңға жуық грант бөлінеді. Ауылдан келген талапкерлерді ынталандыру үшін ауылдық квота қолданылады, ол барлық мемлекеттік білім беру тапсырысының 30-дан 35 пайызына дейін ұлғайтылған. Ауылдық жерлерде мамандарды бекіту мақсатында ауылдық квота бойынша оқыған түлектер үшін оқу бітіргеннен кейін ауылда кемінде үш жыл жұмыс істейді. Төртіншіден, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асырылуда, ол диплом алған мамандарды, оның ішінде ауылда жұмыс істеуге келген аграрлық мамандықтар бойынша бекіту үшін әлеуметтік қолдау шараларын көздейді. Бесіншіден, министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді халықты жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін өндіріске тарту бойынша жұмыс жүргізуде.
- Талдау нәтижелері көрсеткендей, 10-нан 50 мың гектарға дейінгі аумақ дала жұмыстары кезінде де, маусымаралық кезеңде де жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Қызметкерлердің бір бөлігі күзгі-қысқы кезеңде, екінші бөлігі мал шаруашылығында жұмыс істей алады. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша 115 жер пайдаланушыға 15 мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, осы шара қолданылуы мүмкін. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы жаңғыртылып, өнімділігі жоғарылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мәртебесі де өсуде, оны жалақыны көтеру, зейнеткерлік жасты төмендету, ауыл тұрғындарының әлеуметтік төлемдеріне ұлғайтылған коэффициентті қолдану есебінен одан әрі көтеру қажет. Бұдан басқа, ауылда тұрғын үй құрылысын субсидиялау нормативін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Ұсынылған шаралар еңбек жағдайларын жақсартуға, жаңа кадрларды тартуға, ауылдағы адамдарды бекітуге мүмкіндік береді, - дейді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Чат-боттар уақытты үнемдейді
Есепті жылы азаматтар мен ұйымдар 27 мемлекеттік қызметке қол жеткізді. Оның 23-і электронды форматта, оның ішінде 11-і проактивті форматта көрсетілді. Барлығы 4 миллионнан астам қызмет көрсетілсе, оның 66 пайызы онлайн режимде іске асты. Қызметтердің көпшілігі онлайн форматқа көшірілді. Бұл процесті жеңілдетіп, қызметтерді алуды жылдам әрі қолжетімді етті.
Тиісті министрлік өкілдері мәлімдегендей, цифрлық трансформация процесінде азаматтың еңбек қызметінің толық өмірлік цикліне ерекше көңіл бөлінеді. Жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға жолдама беруден бастап, жұмысынан айырылу, жүкті болу, босану және бала асырап алу кезінде көмек көрсету, зейнетақы төлемдерін тіркеуге дейінгі барлық негізгі кезеңдер қарастырылған. Мысал ретінде жұмыс іздегендерді тіркеу кейсін айтуға болады. Бұрын жұмыс іздеу және орналасу азаматтардың өз бетінше әрекет етуімен жүзеге асатын. Бос жұмыс орындарын іздеу «қолмен» жүргізілді, бұл айтарлықтай уақыт пен еңбек шығындарын талап етті. Ал енді мәліметтерді енгізу нәтижесінде мемлекеттік деректердің интеграциясына және жұмыссыздық мәртебесін автоматты түрде анықтауға қол жетіп отыр. Жүйе «қолмен» іздеу қажеттілігін жоя отырып, азаматтарға қолайлы бос орындарын проактивті түрде ұсынады.
- Одан өзге де мысалдар көп, мәселен, жұмыспен қамту кейсі. Бұрын жұмысқа орналасу процесінде әңгімелесу үшін жұмыс берушіге міндетті түрде өзі бару, қағаз құжаттардың толық пакетін ұсыну және қағаз түрінде еңбек шартына қол қою талап етілетін. Бүгінгі таңда мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланудың арқасында қажетті құжаттардың 90 пайыздан астамы автоматты түрде электронды түрде қалыптастырылады. Еңбек шартына электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану арқылы қашықтан қол қоюға болады. Сол сияқты асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау кейсіне де тоқтала кеткім келеді. Бұрын жәрдемақы тағайындау процесі отбасы үшін айтарлықтай қиын болатын. Жақын адамынан айырылып, күйзеліске тап болған отбасы мүшелері қажетті құжаттарды жинау үшін ұзақ уақыт жүруге мәжбүр еді. Енді жаңа тәсілдің енгізілуімен қызметті ұсыну проактивті модельде жүзеге асырылады. Нәтижесінде қызмет көрсету мерзімі 7 күннен 1 күнге дейін қысқарды. Тағы бір кейс - зейнетақы тағайындау. Бұрын зейнетақы тағайындау процесі күрделі болатын және азаматтардың жеке қатысуын талап ететін. Төлемдерді алу үшін өтініш беру, құжаттарды жинау және жұмыс тәжірибесін растау қажет еді. Қағаз деректерін өңдеу кідірістерді, кезектерді тудырды. Енді бүгінде пилоттық режимде принципті жаңа тәсіл енгізілді. Скоринг негізіндегі жүйе адамның жасы бойынша зейнетақы ісін автоматты түрде қалыптастырады, еңбек өтілі туралы мәліметтерді тексереді және азамат тарапынан өтініш жасамай-ақ төлемдерді проактивті түрде тағайындайды. Мұндай трансформация қызмет көрсету мерзімін 10 күннен 1 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді, - дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, «Astana Hub» экожүйесінде еңбек нарығын цифрландыратын стартаптар мен компаниялар орналасқан. Қатысушылар жаппай жұмысқа қабылдауды автоматтандыру, жұмыс уақытын биометриялық бақылау, бос орындар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандар үшін тапсырыстар іздеу қызметтері бойынша шешімдерді жасайды. 2024 жылдың соңына қарай олар 8 миллиард теңгеден астам табыс тауып, 460-тан астам жұмыс орнын ашқан.
Заманауи технологиялар ауысымы жоғары салалардағы персоналды басқаруға деген көзқарасты түбегейлі өзгертуде. Соның айқын мысалдарының бірі – HR MESSENGER платформасы. Ол смарт чат-боттар арқылы қызметкерлерді жалдау, бейімдеу және ұстауды автоматтандырады. Платформаны қазірдің өзінде бөлшек сауда мен банктерден бастап өндіріс пен фастфудқа дейін 2000-нан астам компаниялар мен 13 саладағы 1000-нан астам рекрутер пайдаланады. Нәтижелер өте жоғары. Жұмысқа қабылдау тиімділігі 100 пайызға артқан, жұмысқа қабылдау шығындары 2 есеге азайған.
Тағы бір мысал, көлік-логистика саласы үшін арнайы әзірленген «Call2Action» жобасы. Мұнда жыл сайынғы жүргізуші айналымы 300 пайызға жетеді. Бұл жалдау процесін оңтайландыратын жасанды интеллект платформасы. «Call2Action» жүздеген сұхбаттарды қатар жүргізуге мүмкіндік береді, жұмысқа қабылдау уақытын 90 пайызға дейін, ал шығындарды 50 пайызға дейін қысқартады.
Осылайша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыссыздықты жою, халықты жұмыспен қамту мәселесін кешенді түрде шешу туралы тапсырмасы кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Межелі міндеттерге сәйкес алдағы уақытта ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Ел игілігіне бағытталған бастамалардың оң нәтижесін беретіндігіне сеніміміз мол.
Асан ТІЛЕМІСОВ