
Мәртебелі мейман сөз басын адамзат тарихында үздіксіз дамып, күн сайын шарықтап келе жатқан ақпарат пен медиа салаларынан бастады. Министрдің айтуынша, республика бойынша 4 906 бұқаралық ақпарат құралы бар екен. Нақты айтқанда 3 018 мерзімді басылым, 238 телеарна, 99 радио, 1246 ақпараттық агенттіктер мен интернет басылымдар тіркелген. Өңірімізде 93 бюджетті басылым, 8 теле-радиоарна, 60 ақпараттық агенттік пен интернет басылымдар жұмыс істеуде.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарының 80 пайызы мемлекет меншігінде болса, бүгінде олардың 90 пайызы жеке меншікке тиесілі. Бұл ақпарат саласында монополия жоқ деген сөз. Мұндай өзгеріс ең алдымен технологияның дамуының нәтижесі деп білемін. Жаңа ақпараттық технологиялар тек коммуникацияның форматын ғана емес, адамдардың өмір салтын да өзгертті. Қазіргі кезде кез келген адам бұқаралық ақпарат құралдарына немесе әлеуметтік желілерге контент жасап, интернетке жариялай алады.
Соңғы жылдары ақпараттық заңнаманы жаңарту қажеттілігі туындады. Себебі 1990 жылдары қабылданған заңдар қазіргі жағдайға сәйкес келмеді. Осыған байланысты «Масс-медиа» туралы және «Онлайн платформалар мен онлайн жарнама» туралы заңдар қабылданды. «Масс-медиа» туралы заң тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын реттеп, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді. Мемлекеттік ақпарат саясатын жүзеге асыратын бірыңғай медиа платформа құрылып, мемлекеттік емес БАҚ-қа грант беру, журналистерді аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі енгізілді, – деген Аида Балаева әлеуметтік желіге жазба жариялаудың жауапкершілігі, жалған ақпарат таратуға болмайтыны, үкіметтік емес ұйымдар қызметі секілді өзге де мәселелер бойынша жан-жақты мағлұмат берді.
Сонымен қатар министр мәдениет саласына да кеңінен тоқталды. Аида Ғалымқызының айтуынша, мәдениет- ауқымды әрі кең ұғым. Оның ішінде театр, музей ісі, кітапхана, архив, басқа да еліміздің рухани өмірін қамтитын салалар бар. Сондай-ақ облысымызда республикалық маңызға ие 30, жергілікті мәндегі 708 тарихи объекті бар екенін айтып өтті. Өңіріміздегі бүкіл 10 тарихи-мәдени ескерткіш қазіргі кезде ЮНЕСКО ұйымының бүкіл әлемдік мұрасына қосылған. Министр осы бағыттағы жұмысты жүйелі, мақсатты түрде жүргізу үшін мәдени мұраны сақтау және ілгерілету жөнінде кешенді жоспар әзірлепгенін жеткізді. Сонымен қатар кино индустриясына да баса көңіл бөлініп жатқанын, жақында Халық қаһарманы Ғ.Байтасов туралы фильм жарыққа шығатынын тілге тиек етті.
Бұдан кейін сұрақ-жауапқа кезек берілді. Қоғамдық бірлестік жетекшісі Елена Голубинская Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы тізімінде екенін, алайда қолөнер шеберлері мәдениет саласы емес, кәсіпкерлік салаға жатқызылғанын, соның салдарынан «инновация жоқ» деген желеумен қолөнершілер бірде-бір грантқа, байқауға қатыса алмай отырғанын айтып, қынжылды. Сондай-ақ ол: «Креативті индустрияда конкурстарға қатысудың жас мөлшері 14-34 жас аралығын құрайды. Ал облыста қолөнершілердің басым көпшілігі зейнет жасындағылар. Егер сол жастағы қолөнершілерді іске тарта білсек, жастарға көп нәрсе үйретер еді.
Тағы бір мәселе, экобелсенді ретінде облыстағы көптеген экологиялық бастамалардың басы-қасында жүреміз. Өзіңізге белгілі, өңірде қоқыс өңдеу зауыты болмағандықтан, тазалық жұмыстары үлкен күшті қажет етеді. Осы ретте мәдениет саласының қызметкерлері аталған бағытта көптеп экологиялық акциялар ұйымдастырып, ақпарат құралдары жасалған жұмыстарды насихаттауға басымдық берсе», – деді.
Аида Ғалымқызының айтуынша, креативті индустрияны қолдау үшін заңнамалық негіз қалыптастырылып, салықтық жеңілдіктер енгізілуде. Бұл бағытта Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан арнайы қолдау орталығы құрылып, кірістен түсетін қаржының үш пайызы осы салаға бөлінбек. Алдағы уақытта гранттар тетіктерін қайта қарау арқылы қолөнер шеберлері де креативті индустрия қатарына қосылып, олардың да қатысуына жағдай жасалмақ.
Министр жастар санаты заң бойынша 14–35 жас аралығында белгіленгенін атап өтті. Дегенмен креативті индустрияда жас шектеуі жоқ, бұл салада кез келген жастағы адам жұмыс істей алады. Экологиялық мәселеге қатысты ол Президенттің тікелей бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» идеологиялық платформасының аясында тек қана тазалық пен көгалдандыру емес, экологиялық мәдениет пен сананы жаңғырту маңызды екенін айтты. Қоршаған ортаға, адамдарға және жануарларға құрметпен қарау – бүкіл қоғамның міндеті. Мұндай мәдениет отбасынан, білім беру ұйымдарынан және жалпы қоғамнан қалыптасуы тиіс екенін жеткізді.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бүгінде ауылдық жерлердегі үкіметтік емес үйымдардың гранттар мен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндігі жоқ екенін мәселе етіп көтерді. Сондай-ақ соңғы жылдары облыста лайықты деген еңбек адамдарына «Мәдениет саласының ардагері» атағын беру ісі қиынға соғып отырғанын айтты.
-«Мәдениет саласының үздігі», «Мәдениет саласының ардагері» атақтары қай жерде болмасын еңбек етіп жүрген азаматтарға берілуі тиіс деп санаймын. Бұл марапаттың сол адамның өзіне ғана емес, оның ұрпағы үшін де тәрбиелік мәні бар. Өйткені әкесі немесе анасы осындай мәртебеге ие болса, бала да ынталанып, жігерленіп еңбек етеді.
Еңбек адамына құрмет қашан да көрсетіле береді. Десе де мәдениет саласына қатысты атақ берудің тәртібі бұрын жеңіл еді. Кез келген адам осы атаққа қол жеткізгеннен бөлек, тіпті кейде бұл салаға қатысы жоқ адамдар да осы атақты иеленген жағдайлар болған. Сол себепті бұған қатысты ереже қатаңдатылып, атақ беру тәртібі нақтыланды. Егер осы атақты алуға ұсынылған азаматтардың 15 жылдан астам тәжірибесі болса, бұл атақ міндетті түрде беріледі.
Ал үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына келсек, жалпы мұндай ұйымдар халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге мүдделі. Сондықтан мемлекеттік органдар олармен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыс істеуі қажет. Барлық мәселені өзіміз шеше алмаймыз, ал үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмыстың нәтижесі – ел дамуына қосылған үлес. Биыл ауылдық жердегі жобаны жүзеге асыруға 8-9 гранттық қаржы бөлінген болатын. Әрине, бұл тым аз болуы мүмкін. Десе де алдағы уақытта оның көлемін ұлғайту назарға алынатын болады.
Айта кетер жайт, бізде бір қате түсінік бар. Ол үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру тек облыс әкімдіктерінің ақпарат және қоғамдық даму басқармалары арқылы ғана жүзеге асырылады деген ой қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Мұндай ұйымдармен барлық басқармалар жұмыс істеуі тиіс. Қазіргі таңда 23 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым бар, олардың қызмет бағыттары әртүрлі. Мәселен, білім беру, әлеуметтік қолдау, денсаулық, мәдениет және өзге де салалар бойынша тиісті басқармалар мемлекеттік тапсырыс арқылы үкіметтік емес ұйыммен бірлесе жұмыс істеуі керек, – деді министр.
Кездесуде журналистика саласының ардагері Баймаханбет Ахмет балаларға арналған басылымдар жоқтың қасы екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, мұндай басылымдар әр жылдарда ашылып, қолдау болмағандықтан көп уақыт өтпей қайта жабылып қалып отырған. Өзі зейнетке шыққалы «Өрімтал» атты балалар журналын шығарумен айналыса бастаған. Алайда ол да жабылу алдында тұрған көрінеді. Осы журналдың тұрақты шығарылымына ықпал етуді сұрады.
Министр елімізде бұқаралық ақпарат құралдарының саны өте көп екенін, соның барлығы да мемлекеттен қаржы алғысы келетінін, дегенмен балалар басылымының орны бөлек, оларға қызықты контент керек екенін, шығарылып жатқан журнал қолдауға лайық болса, бұл мәселе ойластырылатынын ұқтырды.
Жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы клубы жоқ ауылдық елді мекендер жайын қозғады. Талас ауданындағы Шона Смаханұлы секілді көптеген тұлғалар шыққан Тамабек ауылында да клуб жоқ екенін, кезінде министрліктің шығарған «1000 адамнан аспайтын ауылдарға клуб салынбайды» деген бұйрығы жойылса, клуб салуға мүмкіндік туатынын айтып, осыған көмектесуді сұрады.
Өз кезегінде Аида Ғалымқызы бұл мәселенің өте орынды екенін, алдағы уақытта шешу жолдары қарастырылатынын, қазір еліміздің дамып келе жатқанын, сондықтан да шағын ауыл тұрғындарының руханиятын көтеруде тиісті тарапқа ұсыныс берілетінін жеткізді.
Кездесуде жазушы, драматург Елен Әлімжан халықтың мәдени мұрасына қатысты шетелдегі құнды құжаттарды, деректерді елге алдыру аса қажетті іс екенін, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсеналы Бықыбаев сазгер Ә.Тінәлиевке «Қазақстанның Халық әртісі» атағын беруді, ҚР Еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театры мен орыс драма театры және жаңадан құрылған Жастар театры бір ғимаратта отырғанын, әр театрдың өз шаңырағы болуы керектігін жеткізді. Жиында министр халықтың осы тектес басқа да маңызды мәселелерін тыңдап, әр сауалға нақты жауап берді.
Басқосудан кейін Аида Балаева азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Осы орайда «Aulieata-Media» ЖШС Бас директоры Данияр Асқарұлы қазақ баспасөзінің қазіргі жай-күйі мен өңірлік БАҚ-тың хал-ахуалын сөз етіп, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жүзеге асыру қағидасына өзегеріс енгізуді, республикалық БАҚ-тың өңірлік тақырыптарды игеруіне шектеу қою қажеттігін, сол арқылы таразы басы тең түспейтін бәсекелестікті жоюды ұсынды. Сондай-ақ ведомство басшысын жаппай жекешелендіруді желеу етіп, қызды-қыздымен жекеменшікке өтіп кеткен өңірдегі аудандық басылымдардың мүшкіл жағдайынан да хабардар етті. Жаңарудың жолына емес, құлдыраудың соңына кеткен ғасырға жуық тарихы бар басылымдарды қайта мемлекет меншігіне алып, тікелей қаржыландыру тетігін қарастыруды сұрады. Аида Ғалымқызы осы ұсыныстарды «Масс-медиа» туралы заң аясында зерделейтінін жеткізді.
Жеке қабылдаудан кейін министр Шерхан Мұртаза атындағы «Баспасөз үйіне» бас сұғып, ондағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысты. Өз кезегінде журналистер мәдениет және ақпарат саласының даму барысына қатысты сұрақтар қойып, тұшымды жауапқа қанықты.
Министр өңірімізге жасаған жұмыс сапары барысында Қарахан, Тектұрмас және Айша бибі кесенелерінде атқарылып жатқан жұмыстардың жайымен де танысты.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ